Бірлескен жұмыс нәтижелі болады

Инклюзивті білім
Адамның бір қызығы бала деген… Өмірге келген әр бала — ата-ананың көз қуанышы. Оның дені сау боп тууы, өсуі де бір бақыт. Қазіргі қоғамдағы басты мәселе деп мүмкіндігі шектеулі балалардың көбейіп бара жатқандығын айтсақ болады. Мемлекетіміз мұндай балалардың құқығын қорғап, сау балалармен тең дәрежеде білім алуы үшін инклюзивті білім беру бағдарламасын енгізді.
Инклюзивті білім беру — балаларға барлық бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін саясат һәм үрдіс. Жалпы орта білім беретін мектептерде үлгерімі төмен оқушылардың 50 пайызы — психикалық дамуы тежелген, аутизм, жүйке жүйесі бұзылған, ақыл-ой белсенділігі төмен балалар. Психикалық даму тежелісі дегеніміз ғылымда «психика дамуының уақытша артта қалуы» деп түсіндіріледі. Мұндай балалар мектепте және үй жағдайында ерекше қадағалауды қажет етеді. Олармен жұмыс істеу арнайы біліммен қатар, үлкен шеберлікті, мейірімділікті, ата-анаға бағыт-бағдар беру біліктілігін талап етеді.
Инклюзивті білім беру жүйесінің мақсаты — балаларды психологиялық-дәрігерлік, педагогикалық қолдау, оларды өз қатарластарымен тіл табыса білуге үйрету, жалпы қоршаған ортаға бейімдеу. Сондай-ақ толық білім алуды ұйымдастыру және өз-өзіне деген сенімін арттыру.
Алғашында арнайы мамандар жеткіліксіз болып, жаңа білімнің қыр-сырын ұғыну, түсіну қиын болғанымен, қазіргі таңда логопед, дефектолог, олигофренопедагог, әлеуметтік педагог, психолог мамандар, сонымен бірге пән мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтіп, инклюзивті білім беруге машықтанып келеді.
Эмпатия — мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтің маңызды кәсіби сапасы. Ол баланы түсінуді, оған деген сезімді, жағдайды оның көзімен көруді, оның көзқарасын түсінуді көздейді. Эмпатия мүмкіндігі шектеулі балаға айналасындағылар тарапынан жылы эмоционалды қарым-қатынасты білдіретін қабылдау феноменімен тығыз байланысты. Педагогтің кәсіби қызметі — тәрбиеленушілердің әдеттен өзгеше сыртқы түріне, олардың ерекше мінез-құлқына, анық сөйлемеуіне түсіністікпен қарау. Сондықтан осындай педагог үшін сабырлы болу — басты талап.
Ондай баланың қоғамда өз орнын табуда педагогтердің еңбегі зор. Әсіресе мектептегі әлеуметтік педагогтің, сынып жетекшісінің, пән мұғалімінің қосар үлесі мол. Олар баламен ғана емес, оның ата-анасымен де тығыз байланыста болуы керек.
Балаларды тәрбиелеу, оқыту барысында жас ерекшеліктерін ескеріп, балаға шешім қабылдай алуға, өзін-өзі қамтамасыз етуге, ішкі тәртіпке бейімдеу қажет. Сонымен қатар педагог, не сынып жетекшісі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына баланы дұрыс тәрбиелеу мақсатында төмендегідей ұсыныстар берсе болады:
- Баланың ерекшелігін дұрыс түсініп, қабылдаңыз.
- Үнемі шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытыңыз.
- Ашуыңызды ешқашан көрсетпеңіз.
- Үй тұрмысына байланысты жұмыстарды бірге атқарыңыз.
- Достарымен жиі қарым-қатынаста болуына ықпал жасаңыз.
- Балаңызға көмек беретін арнайы мамандармен, мұғалімімен тығыз байланыста болыңыз.
- Қандай жағдай болсын, жақсылықтан үміт үзбеңіз.
Мүмкіндігі шектеулі баланың психологиялық-педагогикалық түзелуіне тікелей жауапты педагогтер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер бірлесіп, ата-анамен тығыз байланыста жұмыс атқарса ғана бала дамуында оң көрсеткіштер пайда болады.
Эльзада САПАРҒАЛИЕВА,
«SMART BILIM» мектеп-гимназиясының
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.