Әбіш әлеміне саяхат
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Əбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына орай М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатта «Әбіш әлемі: жалпыадамзаттық құндылық, озат тәжірибе, табысты нәтиже» тақырыбында республикалық семинар өтті. Шара «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мақсат — Әбіш Кекілбаевтың мұрасын қазіргі тарихи-мәдени және әдеби үдерісінде кеңінен таныту, білім беру ұйымдарында оның шығармаларын насихаттау арқылы қазақ тілінің мерейін көтеру. Оған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ профессорлық-оқытушылар құрамы, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мұғалімдері қатысты.
Іс-шара лицей-интернаттың республикалық «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпазы атанған«Дара» театрының «Шыңырау» қойылымымен ашылды. Сондай-ақ жер-жерден келген қонақтар Ә.Кекілбаевтың рухани әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті, қоғам қайраткерінің еңбегі, т.б. тақырыптар бойынша келелі сөз қозғады.
Лицей-интернатта 2015 жылдан бастап «Әбіштану» факультативтік курсы жүргізіліп келеді. Осы орайда аталған білім беру ұйымының педагогтері де өз іс-тәжірибелерін ортаға салды.
Семинарда жазушы шығармаларын әлі де зерттеп, зерделеу қажеттігі айтылды. Бүкіл қазақ халқының құндылығына айналған жазушының мол рухани қазынасының келер ұрпақ үшін маңызды екені сөзсіз.
Марал ӘДІЛХАНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Ақтөбе қаласы.