Басты жаңалықтарСу тасқыны

Қобда ауданы: тасқыннан кейінгі тіршілік

Биылғы су тасқыны басынан кешірген жұртқа қиынға соқты. Қарапайым халықта, атқарушы билік те, Үкімет те қиналғандарға қолдан келгенше қол ұшын созды, мемлекеттік қолдау әлі де көрсетіле бермек.

Осы орайда біз қарғын судан зардап шеккен Қобда ауданының орталығына, сондай-ақ Жарық ауылына қайықпен барып, қазіргі жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Үйі суға кеткен қобдалықтар, эвакуациялық пунктті уақытша мекендегендер, гуманитарлық көмекке жауапты қызметкерлер мен жергілікті билік өкілдерін сөзге тарттық…

«Соңғы сәтке дейін үйімізді су баспайтынына сендік…»

Сейсенбі күні жолға шыққан біз ең әуелі Қобда ауданы орталығынан 45 шақырым қашықтықтағы Жарық ауылына тарттық. Мұнда көлікпен жету мүмкін емес, барлығы қайықпен қатынауға мәжбүр. Былтыр ғана салынған ауылға кіреберіс жолды су шайып кеткен. Аталған жерге жеткенімізде шынымен Жарық ауылына апарар жолдың бірнеше жерден қақ айырылғанын, жап-жаңа асфальттің әр жерде шашылып жатқанына куә болдық. Ортада қалың су ағып жатыр. Жағада төтенше жағдай қызметкерлері кезекшілігін атқарып тұр екен, сөзге сараң екеуі таңғы сағат 9-дан 17.00-ге дейін арғы беттен тұрғындарды әрі-бері моторлы қайықпен тасымалдайтынын ғана айтты. Сосын осы жағдай басталғанда күніне 40-50 адамға дейін ауылға келгенін, қазір жолаушылардың біраз саябырсығанын білдік. Әрқайсысымызға құтқару жилетін кигізіп, айналдырған он минутта қарсы бетке жеткізіп үлгерді. Бізді жағада Жарық ауылдық округінің әкімі бастаған тұрғындар екі көлікпен күтіп алды. Белсенділердің арасында осы ауылдың тұрғыны, жасы 60-тан сәл асқан Бақтияр аға да бар екен. Жолды қысқарту үшін тақиялы жігіт ағасының машинасына отырып, оны әңгімеге тарттық:

— Жасыратыны жоқ, су тасқыны өткен жылы да болған. Бірақ мұндай деңгейде емес еді, үйімізге кірмеді. Биыл да солай болады деп ойлағанбыз.Соңғы сәтке дейін бұл сыннан ойдағыдай шығатынымызға сендік. Сөйте тұра, бейқам отырмай, ауылдың жігіттері болып бірігіп сақтық шараларын ұйымдастырдық. Онымен 26 наурыз күні қалың судың нөпірі қатты болып, лезде үйімізге кірді. Алдын ала дайындалып, бүкіл техниканы, жиһаздарды жоғарыға шығарып қойдық. Ауыл әкімдігі бәрімізді қауіпсіз жерге көшірді. Зайыбым, балам — үшеуміз сөйтіп баспанамызды түнделетіп тастап кеттік.

Одан кейін малымызды аман алып қалуға тырысып, бәрін қырға қарай қудық. Дегенмен5 бұзау, 7 баспақ, 5 қойым суға кетті… Қанша биікке орналастырсақ та, тоңазытқышым, басқа да ұсақ-түйек тұрмыстық техникамыз істен шықты. Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Бүгінге дейін зардап шеккен әр отбасына тиелісі біржолғы әлеуметтік төлем — 369 мың теңгені алдық. Сосын бірінші боп көмектескен Балықшылар қоғамы, блогер Ырысбала, көршілес ауылдардағы тұрғындарға ризашылығымыз шексіз. Үйдіңсүрілетінін не жөндеуге келетінін шешетін комиссия, басқа да материалдық шығынды бағалайтын мамандар әзірге келе қоймады. Күтіп отырмыз, — дейді «Жарық» шаруа қожалығының басшысы Бақтияр Қостанаев.

Биыл ғана зейнеткерлік демалысқа шыққан оның үйіне жеткенімізде қабырғаларының сөгіліп, шатыры да қирап тұрғанын байқадық. Есіктен кіре сала дымқыл иіс сезіледі, яғни үйдің іші әлі судан кеппеген. Қысқасы, 1980 жылы салынған 3 бөлмелі үйдің жағдайы мәз емес. Әңгімелесушіміз атқарушы биліктек үй салып бермей, қора-сарайдың да жайын реттесе деген тілегін білдірді. Өйткені ауыл адамы бұдан да айырылған.

Зардап шеккендердің тағы бірі — Манас Ерғалиев. Інісінің үйін көрсетіп, шыр-пыр боп жүрген ол әлеуметтік қолдау жаңа үй салумен шектелмесе екен дейді.

Терезесі сынып, құлауға сәл-ақ қалған бұл — інім Айдостың үйі. Осында 4 адам тұрады. 1990 жылдары тұрғызылған баспана болса да, жағдайы жақсы еді. Соның өзінде қатты ағысқа шыдас бере алмады.

Қазіргі таңда бауырым малдың соңында жүр, осындай уақытта оған бас-көз болу да үлкен шаруа. Қанша жерден бар күшімізді салсақ та, 21 қойымыз суға ағып кетті. Қалғаны аман. Ендігі тілегіміз — үйден бөлек қора-қопсы салуға қаржылай көмектессе, несиені төлеу жағынан жеңілдік жасалса дейміз. Бұл — бүкіл ауыл тұрғындарының бұйымтайы. Әйтпесе қазір барлығының мойнында қарызы бар, — дейді.

Несібе мен несие

Ауылға журналистердің келгенін естіген бір топ әйел бізді округ әкімдігі ғимаратының алдынан күтіп алды. Салы суға кеткен олардың атынан сөз алған Жарық ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Сағира Қоңарова:

— Үйде 9 адам тұрамыз. 26 наурыз күні біздің үйді де су басты. Жан-жағына өзімізше бөгет жасасақ та қарғын су бой бермеді. Биіктігі 1 метрден асты. Тұрмыстық техника, басқа да заттарымыз жарамсыз күйге түсті.

Обалы не керек, жергілікті билік бәрімізді басқа жерге көшіргенмен, оның уақытша екенін білеміз. Амалсыздан бала-келінімді балаларымен бірге қалаға жібердім. Сыз тартқан жерде қалай отырады? Әлі күнге дейін үйді қарайтын комиссия да, тұрмыстық техниканы тексеретіндер де келмеді. Тездетіп шығынды есептеп, жаңа үй салып берсе дейміз. Суға кеткен үйім жөндеуге келмейді. Бұл істі ыждағаттау керек. Онсыз да халықтың көңілі алаң… Панасыз жүрген өте қиын. Сондай-ақ несиемізді төлеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілсе деген өтінішіміз бар… Малымыз сау болғанмен, ертең оның төлі қандай болады? Жем-шөп жағы да оңай емес. Сондықтан тұрғындарға сондай көмек жасалса екен. Бәріміздің несиеміз бар.

Жазғы үйіміз, қорамызды да су басты. Өзіміз жаңа үйге көшкенмен, малымызға не болады, бұл да үлкен мәселе.

Халыққа рақмет, төсек жабдығы, киім-кешекке дейін көмектесіп жатыр, — деп өтінішін білдірді.

Жарықта 15 отбасы біржолғы төлем алды

Су шайып кеткен жол, қабырғалары қақыраған үйлерді көріп, тұрғындармен тілдескен соң сайланғанына 5 ай болған Жарық ауылдық округінің әкімі Таңат Кенбаевты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, биыл құрылғанына 80 жыл толатын ауылдың қазіргі ахуалы мынадай:

— Ауылда 350 адам тұрады. 76 үй бар. Соның ішінде 20-дан астам үй суға кетті. Қазіргі таңда 15 отбасына біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Баспанасына су кірген тұрғындар ғана бұған ие болғанын айта кету керек.

Аудан әкімдігі, көршілес ауылдар, тіпті оңтүстік өңірлерден, қарапайым жұртшылық, волонтерлер тарапынан бірталай көмек жетті. Азық-түлік, киім-кешек, жарықты қосуға қажетті генераторға дейін әкеліп берді.

Осы жағдайға байланысты қор құрылды. Соның есебінен, Үкіметтің көмегі бар, қиын жағдайға қалғандарға әлі де көмек көрсетіледі. Ал негізгі шығынды өтеу жағын тексеру комиссиясы, жауапты мамандар шешеді. Жарық ауылына олар енді келмек.

Ауыл әкімдігінің иелігінде қайық, басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Қарғын су бір аптадан кейін қайтты, — дейді ауыл әкімі.

Батырдың ұрпағына көмек керек

Түс ауа Қобда ауданының орталығы — Қобда ауылын араладық. Мұнда зардап шеккен үйлер әлдеқайда көп. Шатыры ортасына құлап, қабырғалары сөгілген, бір сөзбен айтқанда, күйі кеткен баспаналардан көз сүрінеді. Көпшілігі үйін тастап, басқа жерге кеткен.

Қобда ауылындағы Көпжасаров көшесінің тұрғыны Злиха Мұқтыбаева да биылғы су тасқыны оның отбасын айналып өтпегенін айтады.

— Биыл қарғын су ерекше болды. Былтырғыдай үйлерге кірмейді деп ойлағанбыз…

Судың биіктігі 1 метрден асып, есік, еденнің бәрін бүлдірді. Жиһаздарым да енді қолдануға келмейді. Осы тұрғанда тұсқағаздар ашылып, үйім сыз тартып тұр. Үйдің іргетасы төмен түсті. Барлық затты далаға шығарып тастадым.

Өзім Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың ұрпағымын. Аудан әкімдігініңжәрдемінен үміттімін, — дейді Злиха апай.

Эвакуациялық пунктте 9 адам бар

Төтенше жағдай жарияланғалы Қобда ауданының орталығының бірнеше жерінде эвакуациялық пункт жұмыс істеді. Тұрғындар уақытша қонысқа көптеп келді. Қазір қобдалықтар спорт мектебіне ғана орналастырылыпты. Сол жерге барғанымызда, 9 адамның барын көрдік. Солардың бірі — 74 жастағы қарт Александр Лошко.

— Әйелім бірнеше жыл бұрын қайтыс болды, балаларым басқа қалада тұрады. Өзімнің Алматы көшесінің бойында үйім бар. Соның шатыры құлап, іргетасы сөгілді. Амалсыздан осы эвакуациялық пунктке келуге мәжбүр болдым. 3 аптадан бері көпшілікпен бірге әкімдіктен хабар күтіп жатырмыз. Мұнда жуынатын бөлме бар, теледидар көріп, кітап оқуға болады. Жақын маңдағы дәмханадан ақысыз үш мезгіл тамақтанамыз. Жағдайымыз жақсы, — дейді зейнеткер.

Қобда аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Ольга Жәнібековадан білгеніміздей, бастапқы уақытта аталған пунктте 40 шақты адам болған. Дені — жалғызілікті қарттар мен көпбалалы отбасылар.

«Жас отбасы бір күндік тамағын әкеліп берді…»

Су басқан қала мен ауылдарда гуманитарлық көмек қабылдап-тарататын пункттердің ашылғаны белгілі. Мұндай орын Қобдада да болды. Өткен шақта жазып отырған себебіміз — бірер күнде ғана аталған пункт өз жұмысын тоқтатыпты. Бұның себебін жауапты адам былай деп түсіндірді:

Өзім халықтың арасынан белсеніп Қобда ауылындағы гуманитарлық көмек қабылдап-тарататын пункттің жұмысын үйлестіруге күш салдым. Қасымда еріктілер, мектеп мұғалімдері, өзге де белсенділер болды.

Қиын уақытта жер-жерден көмек келді. Азық-түліктен бастап, киім-кешек, төсек жабдықтарына дейін әкелді. Қол ұшын созғандардың дені — қарапайым халық. Көпшілігі аты-жөнін айтудан бас тартты. Мәселен, қобдалық жас отбасы келіп «мынау — біздің бір күндік азығымыз. Аз да болса көмегіміз, қолымыздан келгені — осы» деп, 5 келі макарон, 2 келі күрішін қалдырып кетті. Сол сияқты қолында барын әкелгенде халықтың соншалықты қайырымды болғанына сүйсіндім. Көмектескендер көп, 30-ға жуық жеке адам, кәсіпкерлерден әртүрлі деңгейдегі заттай, ақшалай жәрдем жетті. Ал Қазалы қаласынан тонналап гуманитарлық көмек және 1 миллион теңге келді. Есепшотыма мейірімді жандардан қосымша 500 мың теңге түсті.  Бұйыртса, ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, 1,5 миллион теңгені жапа шеккен отбасыларға теңдей бөліп береміз.

Жалпы, осы уақытқа дейін үйін су басқан 270-тен астам отбасыға 4 рет азық-түлік үлестіріліп, киімдер берілді. Жағдай біртіндеп дұрысталып келе жатқандықтан, кеше ғана гуманитарлық көмек қабылдап-тарататын пунктті жауып, қалған киімдерді мектептерге тараттым, — дейдіҚобда ауданының тұрғыны, игі бастаманы қолға алған Нұрбибі Есжанова.

Аудан әкімі не дейді? 

Қобда ауданына жасаған іссапар кезінде қамкөңіл жұртшылықтың жақсы хабарды әне-міне еститініне бек сеніп, бұрынғыдай нұрлы күндерді асыға күтетініне көзіміз жетті. Әлсін-әлсін жауған жаңбырға да қарамай, бізге, журналистерге, бәрін айтып, әрқайсысы құлап қалған үйін көрсетуге тырысты.

Соңында Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевпен сұхбаттасқанда осыны жеткіздік, ол ешкімнің де баспанасыз қалмайтынын, мемлекеттік қолдаудың болатынын атап өтті. Артынша төтенше жағдай жарияланған 28 наурыздан бері қанша тұрғынның зардап шеккенін, оларға көрсетіліп жатқан демеу туралы айтып берді.

— Бүгінгі таңда Қобда ауданының тұрғындарынан су тасқыны салдарынан мүліктің бүлінгені туралы 284 шағым түсті. Соның 257-сі Қобда ауылынан болса, 27-сі Жарық ауылынан болды. Сондай-ақ 15 әлеуметтік нысан суға кетті (дүкен, кемпинг, көлік жөндейтін орталық, т.б.).

Соңғы есеп бойынша 167 отбасына бірреттік әлеуметтік төлем төленді. Әлі де тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қанай, Қаракемер ауылдарының жолын су шайып кеткен еді, соны қалпына келтірдік. Сарыбұлақ ауылына өту үшін уақытша жол жасалды. Өтек ауылында да осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда қатынассыз қалғаны — Жарық, Көкүй, Соғалы, Қоғалы ауылдары. Ондағы тұрғындар қайықпен қатынап жүр. Ал Ортақ елді мекенінде электр желісі жоқ. Таяу уақытта бұл мәселелерретке келтіріледі.

Мал шығынына келсем, су тасқынынан 1063 мал қырылды. Атап айтсам, 267 жылқы,114 ірі қара, 682 ұсақ мал.

Жасалатын жұмыстарға тоқталсам, техникалық негіздеме бойынша Қобда ауылында 102 үй жаңадан салынатын болды. Яғни осынша үй қалпына келтіруге жарамайды. Су басқан тұрғын үйді техникалық тексеру жалғасып жатқандықтан, бұл сан алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Жарық ауылындағы ахуал енді қаралады. Ескере кетерлігі, жаңа үйлер бұрынғы орынға салынбайды, басқа жерде болады. Өйткені аталған жерлерді қайтадан су басу қаупі бар. Сол сияқты су тасқынынан бұзылған жолдар, көпірлер қалпына келтіріледі, қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр, — дейді Қобда ауданының әкімі.

Аудан әкімінен сын сағатта,көршілес ауылдарды айтпағанда, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Ақтау, Шымкент қалаларынан гуманитарлық-материалдық көмек келгенін білдік. Ал «Қарекет» қоры уақытша тұруға жабдықталған екі вагонын жіберіпті.

P.S. Бет қатталып жатқанда, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтан ақжолтай хабар жетті: Қобда ауылында жаңа үйлер салынатын жер учаскелері анықталды. Аталған аумақтарға қазық қағу жұмыстары басталып кетті. «Қазіргі таңда Қобда ауылындағы суға кеткен үйлерді 15 мердігер ұйымға бөліп бердік. Олар өз қаражатына құрылыс жұмыстарын бастайды. Екі айдың ішінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Жоба бойынша мұнда 80 және 100 шаршы метрлік үйлер тұрғызылады. Қазір зауыттармен келісім жасалып, құрылыс материалдарын жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», — дейді Е.Мұздыбаев.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Қобда-Жарық-Қобда-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button