Пікір

Елмен біргеміз

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері.

Ұлан-байтақ дархан даламыз су апатынан болған ауыр сынды  бастан кешірді. Әлі де қауіптің беті толық қайтты деуге болмайды.

Кешегі күні сағат сайын әр тұстан жетіп жатқан суыт хабар көңілді алаңдатып, мазамызды кетірді. Бірқатар облыстарда  төтенше жағдай жарияланды. Кей жерлерде тұтас ауыл, баспана, мал-мүлік алапат тасқын судың астында қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел-жұртқа демеуші қамқор істері халық көңіліне зор сенім ұялатты.

Президентіміз өзінің Үндеуінде: «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы — азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» деп атап көрсетті.

Зардап шеккен әр адамға, бүлінген әр шаруашылыққа мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетілетін келелі қадамдарды қолдаймыз!

Сын сағатта тікесінен тік тұрып, жан-жаққа жанашырлық танытқан, еліміздің барлық аймағындағы көмегін аямаған халқымызға алғысымыз шексіз. Табиғат сынағына қарсы тұрар бірлігімізге шүкірлік етіп, жақсы күндерге үміт етейік!

Біз де ел десе елеңдеп, ауыл жаққа алаңдап отырамыз қай кезде де. Әркімге де туған мекені ыстық. Оның ішінде мен үшін кіндік қаным тамған, туған жерім Қобда өңірінің су тасқыны зардабын көбірек тартқаны жанымды ауыртты.

Елге тыныштық, жерлестеріме сабыр, жақсылықтар тілеймін. Алда жақсы күндер келетінін ұмытпайық.

Мен өз әулетімнің атымнан Қобда ауданының тұрғындарына көмек ретінде жергілікті «Шапағат» қоғамдық қорына 8 миллион теңге аударуға, осылайша ел қасіретін бөлісуге шешім қабылдадым, жерлестеріме барлық жақсылықтарды тілеймін.

 Астана қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button