Тұлға

Қазақта Тұмағаң біреу еді…

Кеше алаш жұрты тағы бір аяулысымен қоштасты.

Мейірімнен жаралған Тұмағаңды — Тұманбай Молдағалиевті мәңгі қонысына шығарып салды.

Қазақта Тұмағаң біреу еді.

Тұмағаң — қазақ поэзиясындағы тұтас бір дәуірдің көзі тірі кемел көрінісі еді.

Мәз өмірін, жаз өмірін қысқартып, жылы жаққа қайтып бара жатқан құстар, Алматының жаңа жауып басылған ақ жаңбыры, түнгі аспаннан кетпей тұрып алатын екі жұлдыз, махаббатқа куә болған  Ай мен Алатау, қанатына көктемді ілестірген қаздар Тұмағаңның тілімен сөйлейтін.

Көзімізді жұмсақ та көретін сүйгендеріміз, іздегенде қасымыздан табылатын достарымыз, ғашық оты көздерінде жанатын жас жұбайлар, кешке салатын әндер әуелі Тұмағаңды іздейтін.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жеткен темір құрсаулы тоталитаризмнен соң қазақ поэзиясына ерекше жылы леп әкелген, ең алдымен, Тұмағаң еді.

Тұмағаңның алғаусыз адал сезімдер мен кінәратсыз ақпейілге, нәзік сүйіспеншілік пен періште махаббатқа, мөлдір сағыныштар мен ақ ниет қимастыққа толы жырлары жаһанданудың жүлік арбасына мінген мына жұртқа өткен дәуірдің қымбатты құндылықтарын әлі талай ескертер-ақ.

Соншама көп туындыларына жағадан алуды емес, жанашырлықты, әзәзілдікті емес, әдемілікті, тасжүректікті емес, туыстықты өзек еткен Тұмағаң өнерде ғана емес, өмірде де кіршіксіз адалдығы, сәбидей ақ жүректілігі көрініп тұратын ғажайып тұлға еді.

Қалың қазақ еш талқыға салмай-ақ ақын Тұманбай Молдағалиевке «Тұмаға» деген ерке ат берді, сол Тұмағасы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Бүкіл түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы сыйлығының иегері атанғанда қуанды. Сол Тұмағасы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Жалын» альманағының, «Балдырған» журналының бас редакторы болғанда қостады.

Тұмағаң әр қазақтың қимастай сырласы еді.

Міне, бұйрықты күн жетіп, бақиға бет түзеді.

Жаныңыз жаннатта болсын, Тұмаға.

Тұманбай Молдағалиев

Ай да бүгін аласарып…

Ай да бүгін аласарып төбемізден төнеді,

Сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,

Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді.

Құстар әні

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.

 

Біздің жаққа үйренісіп кеткен бе,

Көңілді ән сап келіп еді көктемде.

Өскен жерін қимай кетіп барады,

Өскен жерге сыймай кетіп барады.

 

Құстар, құстар, сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді ауаны.

Ал адамдар күліп бастап өмірді,

Кетерінде жылай да алмай қалады…

 

***

Ақ шашты атадан қорқам,

Өзім сондай болам-ау деп.

Мүрделі жотадан қорқам,

Мен де сонда қалам-ау деп,

Кім есіркер қартайсақ, балам-ау, деп.

 

Шимай-шимай әжімнен қорқам,

Бетіме менің көшеді-ау деп,

Күлімдеген көзімнен қорқам,

Оның да оты өшеді-ау деп,

Заманым менен көшеді-ау деп.

 

Сықырлаған таяқтан қорқам,

Бір күні қолға алам-ау деп.

Тықылдаған сағаттан қорқам,

Бір күні тоқтап қалады-ау деп,

Уақыт зулап барады-ау деп.

 

Қырқадағы гүлдерден қорқам,

Күз келсе, бәрі солады-ау деп.

Зулаған жүйрік күндерден қорқам,

Қанаты бір күн талады-ау деп,

Көтеремін баланы: — Әу, — деп.

 

Лап етіп өшкен сезімнен қорқам,

Түбіме менің жетеді-ау деп.

Бәрінен де өзімнен қорқам,

Көп күнім бекер өтеді-ау деп,

Уақыт тастап кетеді-ау деп.

 

Қ…ға

Көрмегендеймін бір ғасыр,

Бір күн сені көрмесем.

Шөлдегендеймін бір ғасыр,

Бір күн сусын бермесең.

Аяулым, менен бұрын өлме сен…

 

Ашылған кезде бұлтты аспан,

Аспанды жерге төсесем.

Екі-екіден жұптасқан

Өмірдің қандай көші әсем.

Аяулым, менен ұзақ жаса сен.

 

Өлшенбес бақыт жылдармен,

Алтын күн кімнен озбаған.

Талай жыл бірге тұрғанмен,

Бірге өлуді жазбаған.

Аяулым, осы бақыт аз маған.

 

Жолығып бала күнімнен,

Жырымсың менің жаттаған.

Жалыққан емен сүюден,

Сен барда қайғы жат маған.

Аяулым, осы бақыт көп маған.

 

Тірліктің әсем бағында,

Жүрегім менің шарықтар.

Жүз жылдың арғы жағында

Көретін біздер жарық бар.

Аяулым, өлеңдерімді алып қал!

 

Етік

Арбасы балалықтың алға жүрді,

Жау көздеп атты менің арманымды.

Аш жүрдім, суық үйде ұйықтадым мен,

Білмеймін қалай тірі қалғанымды.

 

Анамның көңілі маған бөлінеді,

Мен үшін қабырғасы сөгіледі.

Екеуміз кидік соны кезектесіп,

Бір етік біздің үйде болып еді.

 

Әңгіме, өлең десе, ұйып қалам,

Айтады соның бәрін сүйікті анам,

Қалады пеш жанында жалғыз өзі,

Мектепке етігін мен киіп барам.

 

Қай қазақ есіркесін жетім ұлды,

Маған тек талайлардың беті күлді.

Тапжылмай түстен кейін мен отырам,

Кеткен соң апам киіп етігімді…

 

Сол етік кейін маған сыймай қалып,

Жыладым, жүзім жасқа шимайланып.

— Етігін, әкең келсе, киесің, — деп,

Анашым кете берді үйді айналып.

 

Ұнымыз жетті жазға үнемдеумен,

Жәрдемді бақыт көрдік біреу берген.

Балалық бастан өтіп кетіпті ғой,

«Етігін, әкем келсе, кием» деумен.

 

Екі жұлдыз

Түннің қай уақ болғанын да кім білген,

Сөніп жатты жұлдыз біткен бір-бірден.

Сөніп жатты үмітімдей бәрі де,

Жаным ысып, жалын құшып тұрдым мен.

 

Үнсіз ғана бізге, сәулем, еленбей,

Уақыт, шіркін, өте берді бөгелмей.

Екі жұлдыз қалды аспанның жүзінде,

Екеуіңді қимай тұрмыз дегендей.

 

Екі жұлдыз — екі бақыт көктегі,

Төбемізде тұрып алды, кетпеді.

Бір аспаннан екі-ақ жұлдыз көрдік біз,

Біздер де екеу едік, сәулем, өйткені.

 

Өз жолынан жаңылмайтын мәңгілік,

Келе жатты көкжиектен таң күліп.

Екі жұлдыз сөне берді ақырын,

Көкірегіме ақ сәулесін қалдырып.

 

Күндер өтер, жылдар өтер зымырап,

Маған арнап жазбай-ақ қой жылы хат.

Сол қос жұлдыз жұбын жазбай тұр ма екен,

Көк аспанға қарап қой тек бір уақ.

 

***

Бір адамның өмірі, әсте, аз маған,

Сырым да көп, жырым да көп жазбаған.

Кеуде тосқан кешкі салқын самалға,

Көк теректің жапырағындай қозғалам!

 

Екі адамның өмірі де көп емес,

Күнім үшін шығарғам жоқ төбелес.

Жылар едім өмір қысқа деп ылғи,

Құлай беру, жылай беру жөн емес!

 

Үш адамның өмірі де аз, төрт адам…

Бәрі, бәрі той секілді тарқаған.

Есігіңді жауып-ашқан секілді,

Келе берсек бұл өмірге қайтадан.

 

Үйткені мен махаббатым бар адам,

Қабағыма ертелі-кеш қараған.

Жылдар өтіп, шал болсам да қаусаған,

Жиырмадағы жігіт құсап жана алам.

 

Сондықтан да тірі жүрсем деп едім,

Шырқап ылғи махаббаттың өлеңін.

Ұзағырақ болмады екен жол неге,

Ұзағырақ болмады екен неге күн!

 

***

Өмір маған кейде бір тау сияқты,

Шыңына шыққым келеді.

Өмір маған кейде бір жау сияқты,

Аяққа жыққым келеді.

 

Өмір маған кейде бір бел сияқты,

Гүлдерін тергім келеді.

Өмір маған кейде бір шөл сияқты,

Сусын бергім келеді.

 

Өмір маған кейде бір от сияқты,

Жылынып алғым келеді.

Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты,

Өліп қалғым келеді.

 

Өмір маған кейде жақсы дос сияқты,

Күнде көргім келеді.

Өмір маған үлкен керуен көш сияқты,

Жетектегім келеді.

 

Өмір маған кейде адал жар сияқты,

Еркелеткім келеді.

Мені күткен бір бақыт сияқты,

Ерте жеткім келеді.

 

Өмір маған кейде сұлу қыз сияқты,

Құшақтап сүйгім келеді.

Өмір маған кейде, апа, сіз сияқты,

Қуаныш үйгім келеді.

 

Өмір маған шаттық сезім сияқты,

Мәз боп күлгім келеді.

Өмір маған кейде өзім сияқты,

Өмір сүргім келеді!

 

***

***

Қара тағдыр. Қыр соңымнан қалмайсың,

Алам дейсің. Ала алмайсың, алдайсың.

Жастық шағын қимай жүр деп Тұманбай,

О дүниеге сәлем айта барғайсың.

 

Қара тағдыр. Қара мысық жол кескен,

Дегеніңе келемін мен көнбестен.

Қармағыңа бір түсіре жаздап ең,

Он алтыма шығар кезде он бестен.

 

Қара тағдыр. Қуанасың, кемісем,

Қасиетіңдей қасірет уын көп ішем.

Аурухана төсегіне апардың,

Сорлы апамнан әкетпек боп мені сен.

 

Қара тағдыр. Қашып шықтым одан да,

Көп шақырды көзім тартып сол алма.

Көкірегімді ашып келем ажалға,

Көкірегімді ашып келем боранға.

 

Қара тағдыр. Қыр соңымнан қалмайсың,

Досым дейсің. Көп күндейсің, арбайсың.

Қалың ойдың құшағында жүрмін мен,

Ол құшақтан ажырата алмайсың.

 

Қара тағдыр! Қаратөбет қабаған,

Меңіреусің ғой. Мені жауға санаған.

Ерте айырдың мені туған әпкемнен,

Ерте айырдың біз байғұсты анадан.

 

Қара тағдыр. Салқын амандасасың,

Тұлпарымның шық жуады шашасын.

Қаттырақ бір күле қалсам сақылдап,

Құлағыңды басасың да, қашасың.

 

Қара тағдыр. Қарасың-ау қатыгез.

Жасқа тола берсін дейсің екі көз.

Тостаған ғып ал да менің басымды,

Мен өлген соң шарап құй да, қатық ез.

 

Қара тағдыр. Ұйқы берші сен маған,

Боламын деп болмайыншы енді алаң.

Үндемедім, үре бердің күшік боп,

Күнде мені шақырады кең далам.

 

Қара тағдыр. Ажал болып мені алсаң.

Арпалыста күшің асып жеңе алсаң.

Содан кейін тұлпарларға тиіспей,

Сенек жақта сен де жатып дем алсаң.

 

Болар еді-ау сонда, шіркін, дұп-дұрыс,

Өшер еді-ау өшкен оттай сұмдық іс.

Көктен неше ән сорғалар еді ғой,

Көктем келсе, еркін сайрап бұлбұл құс.

 

Қара тағдыр. Аулақ кетші қасымнан,

Алдап сені, айлам бар ма асырған.

Ойым барда жүгіре алар бар жаққа

Бақыт құсы қайда ұшады басымнан.

 

Қара тағдыр. Қараңды бір көрсетпей,

Сен өзеннің ар жағында қалшы өтпей.

Мен де бақыт таба алатын емеспін,

Алыстарға, ғарыштарға жол шекпей.

 

Қара тағдыр. Апта мақтап, ай мақтап,

Аларсың-ау шайымды ішіп қаймақтап.

Үстіндегі батыры өлген тұлпардай,

Даңқым бірақ шыға келер ойнақтап.

 

***

Мүмкін, менің ұрпағым асылданар,

Абыройы өзімнен басым болар.

Сайрандауың жетті деп дүниеде,

Ажал — жендет менің де басымды алар.

 

Алдымен бір, талайың аярсыңдар,

Менің қонақ асыма тоярсыңдар.

Бақытынан аңыраған балаларым,

Жыларсыңдар, сонан соң қоярсыңдар.

 

Мені жерлеп болғанша, тосарсыңдар,

Көңілдерді көп сөзбен басарсыңдар.

Жаны кеткен денемді көміп болып,

Алды-артыңа қарамай қашарсыңдар.

 

Енді қайтып мен тағы тумаймын ғой,

Ешкімнің де ауызын бумаймын ғой.

Ешқайсыңа өткізген ештеңем жоқ,

Қойсаңдаршы қашпай-ақ, қумаймын ғой.

 

Желген күндер бітеді ақ бөкендей,

Жатқан жерім көрінер жат мекендей.

Көздеріңді алайттың талайларың,

Менен кейін бақытты боп кетердей.

 

Ішіп айтқан біреудің сөзі айып боп,

Бірте-бірте тарқар-ау, азайып топ.

Мен өлсем де, ешкімнің ырысы артып,

Бағы жанып кетпейді ғажайып боп.

 

Менің қалған бағыма таласыңдар,

Мүмкін, жоқты біреуің аласыңдар.

Біреу жарлы, біреу бай, біреу ішкіш,

Сол қалпыңда бәрің де қаласыңдар.

 

Мені табар сүйікті далам іздеп,

Ұрпақтарым етеді маған кызмет.

Мақтауға да даңқымнан қорқарсыңдар,

Біз өзіміз абыройсыз қаламыз деп.

 

Жоралғы да, жол да жоқ ақымаққа,

Дарытпайсың сен оған атып оқ та.

Талайыңнан кеудемді оздырармын,

Мен моламда тып-тыныш жатып-ақ та.

 

Өмірдің де бар ғой бір шарты бірақ,

Қорқады ғой талайлар қорқуын-ақ.

Өліп жатып еліме көмектесем,

Жаман-жұман тіріден артығырақ.

 

Қаларсыңдар талайың алқынып-ақ,

Мені ұмытпас қазақтың халқы бірақ.

Өліп жатып елімнен алғыс алам,

Анау-мынау ақыннан артық ұнап…

 

***

Көктемнің соңғы күні — бүгінгі күн,

Тірілді көк көбелек, тірілді үн.

Мен өзім былтырғыдан ақылдымын,

Мен өзім былтырғыдан білімдімін.

 

Көктемнің соңғы күні, күн болғаның,

Маужырап, нұрға бөгіп тұрды орманым.

Кеудемнен құс боп ұшып шықты-дағы

Ішіне қалың бақтың кірді арманым.

 

Көктемнің соңғы күні дүние жасыл,

Бау-бақша киінгендей өңкей асыл.

Енді бір он төрт жылда Тұманбайды

Алпыстан асырады мына ғасыр.

 

Көктемнің соңғы күні былтыр ғана,

Ергіш ем сылқылға да, сұңқылға да.

Елуден асты жасым, егде тарттым,

Сен бірақ бұрынғыдай құлпыр, дала.

 

Көктемнің соңғы күні, мені ала кет,

Қайтейін жастықтағы қалмады әдет.

Жолымнан тайып кетіп қалар ма екем,

Қолымнан жетелесе бір бала кеп.

 

Көктемнің соңғы күні, хош, хош енді,

Жүрегім жастық шаққа босқа сенді.

Жеңіл үн қытықтайды тал бойымды,

Көңілім сезінгендей басқа әсерді.

 

Тағы да бақыт бар деп сенейін бе,

Гүл іздеп қырға шығып келейін бе.

Көктемнің соңғы күні, мен де сені

Қимадым, құшағыңда сөнейін бе?

 

Жоқ, әлде, келер жазды көрейін бе,

Бағыма тағы да гүл егейін бе.

Тағы да талай-талай көктемдердің

Өзіме келеріне сенейін бе?

 

Айтшы, сен, о, көктемнің соңғы күні,

Жол, жол ма біз жүретін сол бұрынғы.

Көзіңнен таса қыла көрме, көктем,

Өзіңе жаны ғашық сорлы ұлыңды…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button