МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕН ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ
7 сәуір — Дүниежүзілік денсаулық күніне орай тұрғындарға жылжымалы медициналық кешен тегін қызмет көрсетеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Гүлнар Сейдашеваның айтуынша, денсаулық акциясы жыл сайын ұйымдастырылады.
— Акцияны өткізудегі мақсатымыз — қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Қазіргі таңда дене қимылының аздығынан аурушаңдық көбеюде. Осы орайда 5 сәуір күні сағат 09.00 — 17.00 аралығында қаламыздағы Қазпошта, Орталық және Шығыс базары аумағында жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Іс-шара барысында қала тұрғындарына жалпы тәжірибелі дәрігер, психолог, жастар денсаулығы орталығының мамандары тегін медициналық кеңестер береді. Қала тұрғындары арнайы электрокардиография аппаратына түсіп, флюорографиялық тексеруден өтуге мүмкіндік алады. Одан бөлек жастарға флешмоб пен түрлі акциялар мен семинар-тренингтер өткізу жоспарда бар, — дейді ол.
Оның айтуынша, балалар қазір түрлі гаджеттерге үңіліп, уақытында тамақ ішпейді. Фаст-фуд жейтіні тағы бар. Сондықтан баланы гаджетке тәуелділіктен сақтандырып, оның орнына салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруды үйретуіміз керек.
— Смартфон ұстау сәбиге өте зиян. Әсіресе гаджеттер баланың жүйке жүйесінің сезімталдығын жоғарылатып, агрессивті етеді. Сондықтан баланы гаджетке тәуелділіктен сақтандырып, таза ауада серуендеп, отбасылық сейілдерді көбірек ұйымдастырған дұрыс. Мысалы, ауыл баласы шаң-топырақта аунап өскендіктен, олардың аурушаңдық деңгейі қала баласына қарағанда төменірек. Сондықтан демалыстарда мүмкіндігінше балаңызды ауылдағы ата-әжесіне жіберуді де ұмытпаған жөн, — дейді Гүлнар Тарихқызы.
Сондай-ақ брифингте облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Сағынайұлы екпе алуға қатысты түсіндіру іс-шараларының тұрақты түрде өткізілуі керектігін айтты.
— Балалар туберкулез, қызылша, сіреспе, көкжөтел, гепатиттің алдын алу үшін міндетті түрде екпе алуға тиіс. Екпе алмаған балалардың басқаларға қарағанда иммунитеті төмен болады. Қаламыздағы емханаларда балалардың екпе алу көрсеткіші жақсы. Елімізде В гепатитіне қарсы егу жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Созылмалы вирустық гепатитпен ауыратын науқастарды тексеру және емдеу тегін және кепілдендірілген медициналық көмек арқылы жүзеге асырылады. Гепатиттен қауіптенсеңіз, өзіңіздің учаскелік терапевт немесе инфекционисіңізден кеңес алғаннан кейін, вирустық гепатитке кез келген емханада өз талдауларыңызды өткізіп тексерілуіңізге болады, — дейді облыстың бас инфекционист дәрігері.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.