Басты жаңалықтарСу тасқыны

Асхат ШАХАРОВ: СУ ТАСҚЫНЫ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ, БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға жауапты құрылым басшылары қатысты. Аудан әкімдері ондайн режимінде қосылды. 

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы оннан астам өзеннің (Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор) деңгейінен асуына байланысты 5 ауданда (Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл) және облыс орталығында төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны салдарынан 761 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан (Ақтөбе қаласы — 1, Қобда — 9), 187 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды. Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға жеке құрамның 3 мыңнан астам қызметкері тартылды. 647 бірлік техникадан бөлек, іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің алты тікұшағы жұмылдырылды.

Су тасқыны салдарынан 6931 адам  қауіпсіз орындарға көшірілді. Дайындалған орындар саны — 15 337. Сонымен қатар 7072 жануар қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап жатыр, — деді департамент өкілі.

Облыс әкімінің айтуынша, су тасқыны кезінде аудандарда көптеген проблема туындады.

Аудандарда кадрлық мәселені қайта қарап, аттестациядан өткізу қажет деп ойлаймын. Себебі бірде-бір адам «жағдай осылай болады немесе осындай мөлшерде су күтілуде» дегендей болжам айтпады. Ең бастысы — кадр мәселесі. Сондай-ақ байланыс мәселесін күшейтуіміз керек, — деген аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаменті өкілінен өзге облыстар сияқты Ақтөбеде неліктен мұз жаруға тыйым салынғаны турасында сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, егер Ақтөбе қаласындағы Сазды су қоймасында мұз жару жұмыстары алдын ала жүргізілгенде, мұндай проблема туындамас еді.  Сондай-ақ ол бұл бағытта жұмысты басқаша сипатта қарап, барлық нормативтік құжаттарды көтеру керектігін, жергілікті атқарушы органдар мен құрылымдардың, әкімдіктердің өзара іс-қимыл алгоритмдеріне басымдық беру қажеттігін айтты.

Жиын барысында тасқын кезінде аумақ территориясынан өтетін республикалық маңыздағы, сондай-ақ облыстық, аудандық автомобиль жолдарының  су шайған жерлерін қалпына келтіру жұмыстарының атқарылу барысы баяндалды. Ресми мәліметке жүгінсек, ағымдағы жылдың 25 наурызынан бері қар суының еруіне байланысты аймақта 42 жолда су жүру дерегі анықталған. Оның ішінде 10-ы — республикалық маңыздағы, 7-еуі — облыстық, ал қалғандары — аудандық маңыздағы жолдар. Бүгінде су шайған 20 автомобиль жолында қатынас  қалыпқа келтірілген.

Сондай-ақ жиын барысында табиғи апат кезінде жарықсыз қалған елді мекендерді қалпына келтіру мәселесі де қозғалды. Белгілі болғандай, тасқын кезінде 42 елді мекенде 2 422 абоненттің электр қуаты апатты түрде сөндірілген. Олардың көбі Ойылда (1 048), Қобдада (610), Байғанинде (274), Темірде (178) және Хромтауда (162) тіркелген.

«Энергосистема» ЖШС директоры Ержан Жексембиновтің айтуынша, қайық болғанмен, ағыстың қаттылығына байланысты бірқатар елді мекендерге жарық қосу жұмысы қиындық тудырып тұр. Оның қатарында Ойыл, Байғанин аудандарындағы ауылдар бар. Сондай-ақ Алға, Ырғыз және Хромтау сияқты аудандардағы кейбір ауылдарға уақытша генератор қоюға мәжбүр болған.

Жиын барысында облыс әкімі Асхат Шахаров қалыптасқан жағдайға байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлерде аудан әкімдерінің барынша іс-әрекет жасап, жергілікті тұрғындармен бірге жұмыла жұмыс жүргізгендерін ерекше атап өтті. Алайда ол әлі де босаңсуға болмайтынын, су тасқыны аяқталмағанын, жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты. Өткен жылы да су астында қалған өңірлердің бірі — Қобда ауданына өз алдына Жол картасын жасап, мәселені министрлікпен бірге жан-жақты шешудің мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді. Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда комиссиялар құрылып, материалдық шығындарды есептеу бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.

Сонымен қатар ол Ақтөбе қаласының әкімі Азамт Бекетке жақын аралықта тазалық айлығын жариялап, шаһар аумағын күл-қоқыстан толықтай тазарту керектігін, ол үшін бұл іске мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдарды жаппай жұмылдыру керектігін қатаң тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі су тасқыны мәселесі тікелей өзінің бақылауында екенін айта келе, мұның салдарын жоюға бағытталған жұмыстарға ерекше жауапкершілік танытып, тиісті іс-шараларды құзырлы органдарға сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button