Білім

Құпия әлемнің тамыршысы

Ақтөбедегі  облыстық планетарийге арнайы шақыртумен келген жазушы-фантаст Жүніс САХИЕВ жастарға дәріс берген болатын. Ол 1971 жылдан бастап «Кеңістік көшпенділері» деген жалпы айдармен сериялы ғылыми-фантастикалық романдар жазып жүр. Он роман — «Тіршілік ұясы», «Борыш», «Шеңбердің түйісуі», «Көктен келген көшпенділер», «Марстан шыққан жаңғырық», «Қимайтын әлем», «Шолпанға көшкен ауыл», «Космотарих куәсі», «Су әлемінің саздары», «Жасампаздық қиырында» оқырман қолына тиді. Планетарийде дәріс берген кезінде көрмеге осы он роман мен мерзімді баспасөзде жарық көрген ғылыми-фантастикалық, астрономия және жалпы ғылым жөніндегі ғылыми-танымдық мақалалары қойылды.

Біз де орайын тауып, жазушы-фантаспен әңгімелестік. Әлқисса..

—    Әңгімені ғылыми-фантастика жанрына қысқаша сипаттамаңыздан бастасақ…

—    Бұл жанр өз ішінде фантастика, ғылыми-фантастика, фантастикалық скетч, фантастикалық юмор болып одан әрі бөлінеді. Ғылыми-фантастика жанры қазақ әдебиеті үшін жат емес. Оның кейбір элементтері біздің қазақ ертегілерінде де кездеседі. Мен, әсіресе, «Ер Төстік» ертегісіне көп көңіл бөлемін. Есіңізде ме, ертегінің соңында Ер Төстіктің әке-шешесі, сүйген қызы, бәрі жасарып кетеді. Бақытты өмір сүреді. Бұл — жасты жасарту эликсирінің күші. Қазір ғалымдар жастық эликсирін, яғни, жасартатын сұйықтықты табу үшін ізденіп жатыр. Бәлкім, болашақта жүзеге асар. Ертегінің кейіпкерлері өмірде болмаған, ойдан алынған адамдар. Ал аңыздың, эпостың кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Мысалы, Қорқыт атамыз, Қобыланды батырымыз аңыз-эпос кейіпкерлеріне айналғанымен, олар өмірде болған жандар…

—    Осындай тұлғалар жөніндегі аңыз-эпостарды оқып өскендіктен бе, романдарыңыздағы кейіпкерлеріңіз де жай адамдар емес, ғарышкерлер ғой?

—    Өте дұрыс айтасыз. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде аулымызда электр шамы болған жоқ. Ауылда қызықты кітап та тапшы болды. Сонда, әлі есімде, анам Құлханыс көрші-қолаңды кешкі асқа шақырып, дәм соңында ағам Төрегелді мен әпкелерім Гүлбала, Фатима, Рахимаға «Батырлар жырын» кезекпен оқытатын. Кітаптағы Қобыланды батыр жыры мен түрлі-түсті суреттер маған қатты әсер ететін. Сол ұлы тұлға, хас батырдың сүйегінің табылғаны, оған дулыға-күмбез тұрғызылғаны жөнінде телеарналардан көріп-естігенімде ерекше толқып, соны бір барып көруді мақсат еттім. Сәті де осы жолы түсті.

—    Ғылыми-фантастиканың кейіпкерлері де ойдан шығарылған ба?

—    Иә. Ғылыми-фантастикалық шығарма ғана емес, шынайы саналатын кез келген шығарма негізінен ойдан туындайды. Ал ғылыми-фантастиканың кейіпкерлері түгелдей ойдан алынады, оқиғасы да солай. Бірақ ғылыми-фантастика болған соң, оның өзіне сай қойылатын талабы, ғылыми идеясы болады. Ойдан алынған кейіпкерлер — сол идеяны шығармада жүзеге асырушылар. Сондықтан ғылыми-фантастикалық шығарманы ертегі, аңыздан бөлек қарастырамыз. 1957 жылы Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани алғаш рет ғылыми-фантастикалық шығарма деген айдармен «Жер астына саяхат» деген шығармасын жариялады.

—    Жазушылық жолында күрделі жанрды таңдауыңызға не себеп болды?

—    Жастайымнан жұлдызды әлем мен техника саласына қатты қызығып, қыр-сырына үңілдім. Анам Құлханыстан, төрт жасымда дүниеден өткен әкем Сәдуақас (Сахы) пен өзге де зерделі кісілерден естіп, есінде сақтап айтқан, тек айтып қана емес, жазғы шілденің аптапты тәуліктерінде түнде үй ауласындағы сыпа делінетін кең ағаш төсек үстінде жатып, аспандағы жұлдыздарды көрсете айтқан қызықты аңыз-әңгімелері қиялыма қанат бітірді. Сол кезде ұшқыш болуды армандайтынмын. Арманым мені аспанның қыр-сырын білуге құмар қылды. 1960 жылғы мамыр айында мен оқыған Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов  келіп кетті. Ол кезде мен он жастағы оқушы едім. Содан бастап мен қолыма қалам ұстап, алғашқы ой-армандарымды ақ қағаз бетіне түсіруге талпына бастадым. Жұлдызды аспанды түнде мектептің сыңардүрбісімен (телескоп) бақылай жүріп, Алматыдағы Астрофизика институты мен Мәскеудегі Павел Штернберг атындағы Астрофизика институтының жұлдызшы ғалымдарымен хат алыстым. Сауалдарыма жауап алдым. Еңбек жолымды өзім туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы — Шаян елді мекенінде аудандық байланыс бөлімшесінде телеграфшы болып бастап, радист, радиотехник, сондай-ақ, республикалық Гидрометеорология қызметінің Шаян стансасында техник боп жасадым. 1971 жылы «Кеңістік көшпенділерін» жазуды бастаған соң, ана тілімнен тоқырап бара жатқанымды сезініп, техника саласынан әдеби ортаға келдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірдім. Бірақ, әдебиет саласында жүрсем де, жұлдызды әлемді бақылап-зерттеуімді, техникаға деген әуестігімді тоқтатқан емеспін.

—    Жұлдыздар әлемін қандай құралмен қарайсыз?

—    Жұлдыздарды жай көзбен қарауға болады. Бірақ кейбір астрономиялық оқиғалар болатын кезде өзімнің «Сүмбіле» деп ат берген жапонның телескопымен бақылаймын. Үлкен бейнекамерамды қосып қойып, Күн, Ай тұтылулары мен құйрықты жұлдыздарды бейнефильмге түсіріп аламын. Оның бір жақсысы, экранына бақыланған уақытты автоматты түрде жазып тұрады. Студент кезімнің өзінде де стипендиямды жинап, отыздан алпыс есеге жақындатып-ұлғайтатын БҚ-457 бақылау құралын сатып алып, 1975 жылы жаз айында Айдың толық тұтылуына сол құралдың көмегімен бақылау-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Ол еңбегім келесі жылы Мәскеу қаласында шығатын, әлем оқырмандарына танымал ғылыми-көпшілік «Земля и Вселенная» журналының 3-нөмірінде жарияланды. Ал 1987 жылы сериямның екіншісі — «Борыш» романым жарық көргеннен кейін оның қаламақысына «Мицар» (араб тілінен қазақшалағанда «жігіт» деген мағынаны білдіреді) атты жақындату-ұлғайту күші 170 еселік сыңардүрбі алдым. «Мицармен» Алатау баурайындағы саябағымда қызыл ғаламшар — Марсқа бақылау-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Түрлі-түсті сәуле сүзгілерін қолдану арқылы бақылау барысында қарындашпен ақ қағаздағы алдын ала сызылған шеңберлерге оның 60 суретін салдым, түсіндірмелерін жаздым. Оның бір данасын сол Алматыдағы Астрофизика институтына, екінші данасын Мәскеуде шығатын «Астрономический вестник» журналына жібердім. Көп кешікпей сол журналдың жауапты хатшысы, белгілі астроном Игорь Зоткиннен арнайы хат алдым. Ол жазған ұсыныс-кепілдеме бойынша еліміздің Ұлттық Ғылым Академиясы Астрофизика институтының ғалымдары мені КСРО Ғылым академиясы құрамындағы Бүкілодақтық Астрономия-Геодезия қоғамына толық мүше етіп қабылдады.

—    Шетел жазушыларының ғылыми-фантастикасында халықты үрейлендіретін нәрселер айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз?

—    Ондай үрейлі оқиғалар, өкінішке қарай, шетел жазушы-фантастарының шығармаларында көбірек кездеседі. Бұл біздің «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген мақалға келіп саяды. Расында да жазушының ой-ниеті оның туып-өскен отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Адам кішкентай бала кезінен атыс-шабысты, ұрлық-қарлықты, жаман әдеттерді көп көрсе және ол өскенде жазушы болса, оның шығармалары да соған қарай ыңғайланып тұрады. Ал біздің қазақтың тәрбиесі басқаша. Адамды адалдыққа, достыққа тәрбиелейді. Қазақтың жазушы-фантастары ондай қатер, апат жағына көп бара бермейді. Біз көбіне жақсылықты, жарқын болашақты ғылыми негізді шығарма арқылы көрсетуге тырысамыз. Бұл жағына келгенде, оптимиспін.

—    Шығарма жазуда қандай мақсат ұстанасыз: жас ұрпаққа жол сілтейсіз бе, әлде ғалымдарға ой тастайсыз ба?

—    Екеуі де бар. Мысалы, менің «Кеңістік көшпенділері» сериялы романдарымның тақырыптары әр алуан. Кей романдарымда айтылған бірнеше идеяларым ғылымда жүзеге де асты. Мысалы, осы сериямның 1974 жылы жазған жетіншісі — «Шолпанға көшкен ауыл» ғылыми-фантастикалық романымда тұтастай  бір ауылды жарық сәулесімен Шолпан ғаламшарына көшіргенмін. Осындағы жарық сәулесімен затты да, тіріні де екінші жерге көшіру жөніндегі осы идеямды бүгінде Австралияның ғалымдары жүзеге асырды. Олар, әрине, менің шығармаммен танысқан жоқ. Бірақ,  менің ғылыми-фантастикалық романымның журналдық нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, толық нұсқасы мемлекетік тапсырыспен Астанадағы «Елорда» баспасынан роман-кітап болып шығып, қазақ оқырмандарына жол тартты. Қазақ еліне белгілі болды. Осы идеямдағы секілді Австралияның бір топ ғалымдары лазер сәулесі арқылы қандай да бір затты секундтың бөлшегіндей ғана уақыттың ішінде бөлшектеп жіберіп, екінші жерге көшіріп, қайта қалпына келтіріп, ғылыми тәжірибе жүзінде жүзеге асырды. Бұл жөнінде 2002 жылдың маусым айында «ОРТ» мен «Қазақстан» телеарналарының жаңалықтарында айтылды. Ғылыми-фантастиканың маңыздылығы да осында. Мәселен, мына бір  жайтты қараңыз. Француздық жазушы-фантаст Жюль Верннің шығармасындағы су асты қайығын алайық, жазушы жазған кезде «өмірде  ондай қайықтың болуы еш мүмкін емес» деген сөз тараған. Әрі алғаш рет ондай қайықты француз инженерлері емес, Ирландияның инженері Джон Холланд жасап шығарды. Мен мұны «Ашылымдар тарихы» энциклопедиясынан оқыдым. Ал француз инженерлері кейінірек қолға алған. Француз императоры Наполеонның құрметіне арналған су асты қайығын да американың инженері Роберт Фултон жасап берген. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жеке қорымда жариялануын күтіп жатқан ондаған ғылыми-фантастикалық романдарымда да көптеген ғылыми идеяларым бар. Олар келер ұрпаққа ой салар, жаңа инновациялық технологияның дамыған дәуірі ғой, тәжірибеде, өмірде іске асар деген үміттемін.

—    Қазір кітап оқитын оқырман азайып бара жатыр. Оның ішінде ғылыми- фантастикалық шығармалардың оқырманы шектеулі емес пе?

—    Ол рас. Мұны түсінетін оқырман аз. Ғылыми-фантастиканы оқитын аудиторияны үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топ — жалпы оқырман, олар көркем шығарма ретінде түсінетіндер. Екінші топтағылар үнемі ғылыми материалдар оқымаса да, жалпы түсінігі барлар. Мәселен, Марсты, Юпитерді біледі. Үшінші топ — ғылыммен нақты айналысатындар, олар зердесіне тоқып, толық түсінеді. Көркемдігінен де, сюжетінен де, жазушының көздеп отырған түпкі идеясынан да ләззат алады. Іздеп жүріп, әрі көп оқитындар — осылар. Бұл топтағылардың саны аз. Кейде менің шығармаларымды талдайтын сыншылардың өздерінің де терең түсінбей жазатынына таң қаламын. Шынымды айтсам, мен осыдан азап шегемін. Айта кетейін, тіпті, кей сыншылардың өзін кейде мен түсінбей қаламын. Олар ғылыми-фантастикалық шығарманы түсінбей сын айта ма, әлде әдейі бұрмалап жаза ма, маған сол жағы беймәлім. Ал, енді оны терең түсіне отырып, талдап жазатындар менің көңілімнен шығады. Сондықтан, ғылыми-фантастикалық шығарманы кез келген адам оқи бермейді. Оны ғылымға ыңғайы бар адам қолға алады. Расында бұл саланың оқырманы шектеулі.

—    Сыншылар туралы айтып қалдыңыз. Жазушы-фантастардың өзі санаулы болғанда, сыншылар мүлдем саусақпен санарлық шығар…

—    Иә, сыншы санаулы. Фантастиканы да, ғылыми-фантастиканы да зерттеп жүрген — Абдул Хамид Мархабаев ағамыз. Ол кісі бүкіл өмірін осыны зерделеуге арнап келеді. Ғылыми-фантастикалық жанрдың тұңғыш докторы да сол кісі. Педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымының кандидаты, профессор Шәмшиддин Әбдіраман да шығарманы жазумен қатар оны зерттеумен де айналысады. Ол — Қазақстан Жазушылар одағы фантастика секциясының төрағасы. Сынмен айналысқанның бірі  —  жазушы-фантаст Төлеш Сүлейменов, ол ғылыми-фантастика жөнінде «Қиял әлеміне саяхат» атты еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғады.

—    Сериялы шығармаларыңыздың таралымы қандай, оқырманға жету жағы қалай?

—    Ғылыми-фантастикалық шығармалардың таралымы аз. Бірақ қазір электрондық кітапханалар арқылы ұсынылады. Астанадағы Ұлттық кітапхананың сайтынан, Алматыдағы Ұлттық кітапханадан электрондық нұсқасын оқу мүмкіндігі бар. Былтыр менің алпыс жасқа толуыма орай өткен оқырмандармен кездесулер мен шығармашылық көрмелерімнен кейін осы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Орал, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Шымкент қалаларындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханалардың сайттарына кітаптарым енді.

—    Қазір қандай шығарма жазып жүрсіз?

—    Қазір кезінде «Білім және еңбек» журналына шыққан шағын шығармамды ғылыми-фантастикалық роман етіп кеңейтіп жазудамын. «Тарантас» деп атадым. Мұнда мен қазіргі адамдардың қимыл-қозғалыстан қалып бара жатқандығы, денсаулығына мән беру керектігі туралы әңгіме қозғаймын. Түпкі идеям — қозғалыссыз қалу қаупін ескерту, еңбектену керектігін айту. Шығармада басқа жақтан келген қолдары кішкентай, басы қазандай адам бір ауылға келеді. Ауыл тұрғындары ол келіп кеткеннен кейін бәрін автоматты түрде жасауға тырысады, сиырды да өздері сауғысы келмейді. Барлық жұмысты компьютерге жүктеуге тырысады, жаяу да жүргілері келмейді. Ал ондай жеңіл өмірге қатты өкінген қонақ ауылға қызығады. Ұшып кетерінде қонған жеріне адамдарды техникадан алыстататын толқын қалдырып кетеді. Қысқаша мазмұны — осылай.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button