Басты жаңалықтарДенсаулық

ҚЫЗЫЛША АЗАЙДЫ, КӨКЖӨТЕЛ КӨБЕЙДІ

Қауіпті жұқпалы дерттерге қарсы вакциналау шаралары барысында біздің облыста оқыс жағдайлар тіркелген жоқ. Соған қарамастан, ата-аналар тарапынан вакцинаға қарсылық бар. Өткен жылы облыста 33 бала көкжөтелге шалдыққан болса, олардың барлығы да осы дертке қарсы егілмеген балалар екен.

Атап айтқанда, 30 баланың ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан, ал 3 бала денсаулық жағдайына байланысты егілмепті.

Биыл жыл басынан бастап 39 адамның осы дертке шалдыққаны зертханалық тексерулер арқылы расталып отыр. Олардың 37-сі — 14 жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар.

Бұл деректер көкжөтел, қызылша, тұмау, басқа да вакцина арқылы реттелетін инфекциялар бойынша облыстағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастарылған баспасөз жиынында айтылды. БАҚ өкілдерімен кездесуге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева келіп, баяндама жасады.

Бүгінге дейін облыста қызылша инфекциясы бойынша зертханалық тексерулер арқылы 5697 жағдай расталған. Олардың басым бөлігі — 3,9 мыңы — Ақтөбе қаласында тіркелген. Сондай-ақ Мұғалжар, Ырғыз, Алға, Шалқар, Темір, Байғанин, Хромтау аудандарында да осы дертке шалдыққандар саны көп.

Барлық сырқаттардың 62 пайызы — 14 жасқа дейін вакцина алмаған балалар, оның ішінде 962-сі — әлі 1 жасқа толмаған бүлдіршіндер. Биылғы қаңтарда сырқаттанушылардың қатары 2 мыңнан асса, наурызға қарай едәуір азайыпты.

Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау қолға алынып, 58,9 мыңнан астам адамға вакцина егілген.

Мамандардың айтуынша, облыста көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлап отыр. Былтыр жыл бойы 33 адам сырқаттанса, биыл тек жылдың басынан бергі уақытта, жоғарыда айтқанымыздай, зерттеулер арқылы 39 адамның сырқаты нақтыланыпты. Оның 28-і — Ақтөбе қаласының тұрғыны, сонымен бірге Алға, Қарғалы, Хромтау және Шалқар аудандарынан да көкжөтел бой көрсетіп отыр.

— Көкжөтелмен көбіне балалар ауырады. Науқасты, негізінен, құрғақ жөтел мазалайды. Көкжөтел антропонозды инфекцияларға жатады. Яғни ол дертті тудыратын бактерияның негізгі «ортасы», инфекция көзі — адам ағзасы. Бұл бактерия өте тез таралады, жұқпалылығы жоғары әрі салдары да ауыр, сондықтан да өте қауіпті, — деді дәрігер Майра Нұрғалиева.

Аурудың жасырын кезеңі 3-14 күнді құрайды (орташа — 1 апта). Ал алдын алу шараларына келсек, мамандардың айтуынша, барша әлемде, соның ішінде біздің елімізде де ең тиімді әдіс — вакциналау. Көкжөтелге қарсы егілген адам, оны жұқтырып алған күнде де, ауру жеңіл өтеді. Сондықтан мамандар жұртшылықты вакцинадан бас тартпауға шақырып отыр.

 

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button