Басты жаңалықтарМереке

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫС ӨТТІ

«Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық спорт күні аясында «Жекпе-жек» сарайының алаңында ұлттық ойындар сайысы өтті. Оған қала тұрғындары, балалар мен жасөспірімдер қатысты. Іс-шараға қатысушылар асық ату, гір көтеру, қол күрес, арқан тарыс секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.
Шығыс спорт түрі бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Динара Тұрымбетованың айтуынша, бұл сайыс мектеп оқушыларына өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

— Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға мектебімізден 50-ге жуық белсенді оқушы қатысты. Қазіргі таңда мектебімізде 54 бала жекпе-жек спорт түрлері бойынша жаттығады. Оқушыларымыз Қазақстан чемпионаттарында биік тұғырлардан көрініп жүр. Олардың арасынан Олимпиада ойындарының чемпиондары шығарына сеніміміз мол, — дейді ол.

Алаңға жиналғандар алдымен асық ату сайысына қатысып, шеберліктерін көрсетті. Оған қатысқандардың дені — балалар мен жасөспірімдер. Солардың бірі Жасұлан Сералин. Бос уақытында у-шу-сеньда үйірмесіне барады екен.

— Мен 5 жасымнан бері асық ойнағанды жақсы көремін. Атам маған үнемі асық ойнаған баланың денсаулығы мықты болатынын айтып отыратын. Расымен де, асық ойнағалы есепке жүйрік бола бастағанымды байқадым. Алдағы уақытта асық атудан өтетін жарыстарға қатысқым келеді. Ал у-шу-сеньда спортымен айналысқаныма 2 жылға жуықтады. Болашақта осы спорт түрлерін дамытып, үлкен жетістерге жеткім келеді, — дейді қатысушы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың қатары артып келеді. Сайысқа қатысуға ниет білдіргендер саны — сөзіміздің айқын дәлелі.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button