Басты жаңалықтар

БІРЛЕСКЕН ЖОСПАРҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Жұма күні облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Дидар Боранқұлов өзара ақпарат алмасу және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын заңнаманы жетілдіру мақсатында өзара іс-қимыл туралы бірлескен жоспарға қол қойды.

Екі тарап «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңдарын басшылыққа ала отырып, кәсіпкерлікті қолдау саласындағы өзара іс-қимыл және іскерлік қатынастарды нығайту туралы уағдаласты. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта екі тарап өңірдің бизнес-қоғамдастығы мәселелерін шешуде бірлесіп жұмыс жасайтын болады.

— Биыл «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстағы бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған мәселелерді шешуде жергілікті өкілді органдармен бірлесіп жұмыс жасп, өзара іс-қимылды күшейтуді көздеп отыр. Бірлескен жоспарда жер қатынастары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, импортты алмастыру шеңберінде өнім шығаратын отандық өндірушілерді қолдау, мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыру бойынша бизнестің жауапкершілігі, басқа да проблемалық мәселелерді, жалпы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелерін қарауға бағытталған іс-шаралар көзделген, — дейді Дидар Боранқұлов.

Оның айтуынша, бірлескен жоспар аясында алдағы уақытта екі тарап кеңестер өткізеді, талқылау қорытындылары бойынша ұсыныстар әзірлейді, сондай-ақ облыс аудандарына шығып, ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлердің жай-күйімен танысады. Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған іс-шараларға атсалысады.

— Біз сіздердің облыстағы кәсіпкерлермен жұмылып, жан-жақты жұмыс істейтіндеріңізді жақсы білеміз. Мен сіздердің бірқатар құжаттарыңызды зерттеп, қарадым. Өткен жылы трансформация аясында кәсіпкерлер палатасы жанынан 130-ға жуық кәсіпкерді біріктіретін алты салалық кеңес құрылған. Кеңестер барлық салаларды қамтиды.

Бүгінгі қол қойып отырған жоспар шеңберінде алдағы уақытта сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Біз үшін ең бастысы — кәсіпкерлерге қолдау көрсету, әсіресе ауыл азаматтарының мәселелерін шешуге атсалысу, — деді облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаева.

Шара соңында өңірлік кеңестің, палата жанында жұмыс істейтін салалық кеңестердің төрағалары, депутаттар мен кәсіпкерлер өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Айта кету керек, бірлескен жоспар бір жыл мерзімге арналған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button