Кәсіп

САБЫН ЦЕХЫН АШТЫ

Бүгінде базарлардан, сауда нысандарынан өз елімізде шығарылған сабын түрлерін, соның ішінде кір сабынды кездестіретін болдық. Бұл, әрине, қуантады.

Шағын цех ашып, сабын өндірісімен айналысып жүрген жерлестеріміздің бірі — Алға қаласының тұрғыны Сәкен Ибраимов. Оның бұл кәсіпті қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Айтуынша, цехтың қуаты күніне, орта есеппен, 500 дана сабын шығаруға жетеді.

Кәсіп бастау оңай емес екені түсінікті. Сәкен де көп ойланып, ақыры «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға бел буады. Сауда жасау, басқа да түрлі кәсіптен гөрі, халық күнделікті тұтынатын, үнемі сұраныста болатын тауарлар өндірісін қолға алу қажеттігін түсініп, «Неге сабын шығаруды қолға алмасқа?!» — деген ойға тоқтапты.

Отбасымызбен ақылдаса келе, сабын жасау техникасын интернеттен қарап үйрене бастадық. Сабынға қажетті шикізат өзімізден табылды. Бір байқағаным, бізге сатылымға әкелетін кір сабындардың құрамында шошқа майы кездеседі екен. Сондықтан біз сабынның құрамын жан-жақты зерттеп, өз өнімімізді «Халал» стандартына сай етіп жасадық. Бүгінде сұраныс бар. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, сабынның басқа да түрлерін шығару ойда бар. Мен өзім секілді отандық өнім өндіруге атсалысып жүрген кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға кеңес берер едім, — дейді Сәкен.

Қазір цехта жұмыс қызу жүріп жатыр. Тапсырысқа өздері үлгермей жатса, бауырын да көмекке шақырады. Ал сабынның сапасына келсек, бұл оның қаттылығымен өлшенеді екен. Сәкеннің цехында қаттылығы жоғары, салмағы 200 және 250 грамм болатын сабындар өндіріледі. Бағасы салмағына қарай қойылады, алайда аса қымбат емес.

Сабын қайнату ісі — ежелден келе жатқан кәсіп. Дегенмен қазір қай істің де алға жылжуы жарнамаға байланысты екенін ұқтым. Біздің кәсібімізді әлі де аяғынан тұрып кетті деуге болмайды, әзірге еңбектеу сатысында десем — дұрысы сол. Болашақта цех қуатын арттырып, күніне 1000 дана сабын жасап шығаруға жеткізгім келеді. Сонымен қатар кір сабыннан да бөлек жуғыш заттар, мысалы, сусабын шығару ойда бар, — деді Сәкен Ибраимов.

«Талаптыға нұр жауар» дегендей, алғалық кәсіпкердің талпынысы көңіл қуантады. Алдағы уақытта сөрелерден оның өнімдерін жиі көреміз деп үміттенеміз.

 Мәншүк САПАРОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button