Басты жаңалықтарКәсіп

Зәйтүн ағайдың кәсібі

Тағдыр қанша сынаса да, сынбайтын жандар болады. Қобда ауылында тұратын Зағидулла Сарбаев — сондай азаматтардың бірі. Зағыбайдың бұл баласын қобдалықтар көлікті жақсы жүргізетін жүргізуші ретінде біледі.

Ауыл тұрғындарының көбі оны «Зәйтүн» атап кеткен. Алыс жолға шығатындар алдымен осы Зәйтүнге хабарласады. Ал ауылдың үлкендері оның көлігін алыстан байқап қалса болғаны, қол бұлғап шақырып алып, діттеген жеріне жетіп қалуға тырысады.  Өйткені ауылда темір тұлпардың қыры мен сырын Зәйтүннен артық білетін жан жоқ десе де болады. Ақжарқын, ашық мінезді таксист ағай көлігіне мінген жолаушылармен де тез тіл табысады.

— Көлікке мінген жолаушының қауіпсіздігіне тікелей жүргізуші жауапты. Сондықтан жолға шығарда көлігіме міндетті түрде техникалық тексеріс жасап аламын. Бұл өзіме де ыңғайлы. Жолда көп жүргендіктен, жол қиындығын жақсы білемін. Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан алыс жол болсын, ауыл ішіндегі жол болсын, талап пен тәртіпті сақтап отырамын, — дейді ол.

Зағидулла Зағыбайұлы осы уақытқа дейін 7 көлік тізгіндеген. Отыз жеті жылдан бері ұзын жолдың бойында жүрген жүргізуші қазір «крайслер» маркалы автокөлікпен жүреді.

Ол үшін қазір көлігінің «атша шауып» тұрғаны бәрінен маңызды. Қолында сәл артық тиыны қалса, сол көліктің қажетіне жаратады.  Өйткені ол тұтас отбасын осы көліктен түскен қаражатпен асырап отыр. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бергі тұрақты жұмысы — осы.

2001 жылы денсаулығы сыр берген Зағидуллаға дәрігерлер қантамырлары жүйесінің бұзылғандығын айтады. Қазір бір аяғы жүруге жарамайды. Бірақ біздің кейіпкеріміз ол үшін еш мойыған емес. Бүгінгі күніне шүкір айтады.

Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Ер-азамат қандай сынақты да сынбай қабылдауға тиіс. Сынып кетуге ешбір қақысы жоқ. Өйткені оның артында соған арқа сүйеп отырған жары, «бәйтерегім» деп сенім артқан балалары тұр. Ең болмағанда солар үшін мықты болуың керек. Менің де кезінде іштей күрсінгенім рас. Бірақ талаптанған адам қашанда нәтижеге қол жеткізеді. Ал дені сау адамға мүмкіндік тіпті көп. Қазақ «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» дегенді текке айтпаса керек-ті. Сондықтан ең алдымен адамның бойында жұмыс жасауға деген ниет пен ынта болуы керек. Сонда бәрі ойдағыдай болады, — деді кейіпкеріміз.

Сұхбат барысында Зәйтүн ағай такси жүргізушісі болу айтар ауызға жеңіл болғанымен, оңай жұмыс емес екендігін айтып қалды.

— Бұл кәсіпке де ептілік пен төзімділік, сабыр қажет. Көлігіме отыратын жолаушылардың көбі ауылдың тұрғындары болғанмен, мінездері әртүрлі. Кейде біреулері тым асығыс екенін айтып, барар жеріне тезірек жеткізуді өтінеді. Қандай жағдайда да жүргізуші көлік жылдамдығын шамадан тыс асырмауға тиіс. Қазір бұрынғыдай емес, жолдың жағдайы жақсарып келеді. Аудан орталығы — Қобдадағы жолдардың деніне асфальт төселген. Бұрын-соңды жөндеу көрмеген көшелердің жолдары сайрап жатыр. Биыл  кейбір тұйық көшелердегі жолдарға да  асфальт төселетінін естіп, қуанып қалдық. Жүргізушілер үшін жолдың жағдайы бәрінен маңызды. Өйткені жол сапасы жақсы болса, көлігіміз де ұзаққа жарайды, — деді Зағидулла Сарбаев.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button