ТҰҚЫМЫ АСЫЛ ҚАЗЫНА

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырғаны белгілі. Президент құмай тазының қадірін біліп, тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеу керектігін айтқан-ды. Осы орайда Ақтөбеде Наурыз мейрамы аясында қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Asyl Qazyna» тазы асылдандыру ұйымының ұйымдастыруымен қазақы тазылардың арасында шырға тарту сайысы өтті. Іс-шараның өтуіне Астана ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.
«Asyl Qazyna» тазы асылдандыру ұйымының Ақтөбе облысы бойынша филиалының жетекшісі, облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, шырға тарту сайысына 20-ға жуық шашақ құлақ тазы қатысты. Байқаудың мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүрді жаңғырту, сондай-ақ жеті қазынаның бірі саналатын қазақ тазысының тұқымын өсіруге қызығушылықты арттыру.
— Жыл сайын шырға тарту байқауын өткіземіз. Осы жолғы байқау Ақтөбе қаласының 155 жылдығы мен Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылды. Сайыста тазылар екі кезеңге бөлініп сынға түсті. Бастапқыда қазылар алқасы жүйрік иттердің дене тұрқына қарап бағалады. Құлағы мен құйрығының ұзындығы, аяқ сүйектерінің орналасуы, тісі мен терісі, төсінің жетілуіне аса мән берді. Шырға — құсты қолға үйреткенде, аңға түсуге баулығанда қолданылатын тұлып. Ол түлкі, қарсақ, қоян, тағы басқа түз аңдарының терілерінен жасалады. Міне, осы шырғаны қазір тек бүркітті баулуға ғана емес, тазы иттердің жүйріктігін анықтауға да қолданады. Себебі әлемдік стандартқа лайық болу үшін тірі аңды олжа қылуға болмайды. Екінші кезеңде тазылар топқа бөлініп жарысып, жүйрік тазылар анықталды. Нәтижесінде 1-орынды — Мұғалжар ауданы Досхан Ермағанбетовтің Қазына, 2-орынды —ақтөбелік Нұралла Тілектің Шырын, 3-орынды ақтөбелік Арман Тәжбековтің Құбыжық есімді тазылары иеленді. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен марапатталды, — дейді Жасұлан Жақсылықов.
Қазақи иттің бабы
Байқау жеңімпазы атанған Досхан Ермағанбетовтің 3 тазысы бар. Ол аңшылық өнерді атадан балаға жалғастырып келеді. Аңшы бейімділігіне байланысты жазда басқа, қыста басқа тазысын ертіп шығады.
— Мұғалжар ауданының Алтынды ауылында туып-өстім. Кенші болып жұмыс істеймін. Тазыларымды көрмелер мен жарыстарға жиі апарамын. Шырға тарту жарысында Қазына деген тазым жеңімпаз атанды. Үш жастағы тазым өте ақылды, талғампаз. Негізі қазақы ит көбіне ауылда өседі. Ауылдағылар оның мінезін, болмысын, тумысын жете біледі. Тазының күтімі, тамағы бөлек болуы керек. Алар, Шалқыма, Қазына секілді тазыларымды ерекше күтіп баптаймын. Оларға піскен ет пен арнайы итке арналған тамақ беремін. Тазы төбеттің жегенін жей алмайды, оның мүжігенін мүжи алмайды. Тазылар қыста болмаса, күн жылыда тамақты көп қажет етпейді. Ал қаланың итін көбіне қамап ұстайды. Көретіні төрт қабырға, тек таңертең мен кешке ғана серуенге шығарады. Ал тазылар ауылда еркін жүре алады, — дейді ол.
Досхан Ермағанбетовтің айтуынша, күшік тазыны алдымен қарғыбауға үйрету керек. Одан кейін жетекке дағдыландыру артық етпейді екен.
— Көп жағдайда тазыны түлкінің құйрығымен ойнатып, оны ұстауға әдеттендірген абзал. Өйткені құйрықпен ойнаған тазының мойны қатаяды. Алты-жеті айға толған соң тазыға ат қойып, атын миына сіңіру керек. Сол атымен шақырып үйреткен дұрыс. Ең бастысы, иесін тастап, беталды лағып кетпейтін, үнемі иесінің маңында жүретін жағдайға баулыған жөн. Әртүрлі бұйрықтар беріп (отыр, тұр, жат, жүгір), оны мүлтіксіз орындайтындай етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін қажет кезде жіңішке қайыс қамшының көмегімен ептеп шықпыртып алған дұрыс. Осылай баулу он айға жуық жалғасады. Сондай-ақ тазы итті күшік кезінен бастап мылтықтың дауысына үйретіп, аңның ізіне түсуге машықтандырады, — дейді ол.
Тазының сыны
Қазақы тазыны сақтап қалудың қамына кіріскендердің бірі Рақымжан Ересовтің басты мақсаты — қазақы тазыны патенттеп, санын көбейту. Оның айтуынша, қазақ тазысы — бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, құлағы делдең, жоны дөңес, басы ұзын сопақша, жанары өткір, мойны қысқалау, жауырыны жалпақ, кеудесі кең әрі омыраулы, салқы төс, арқасы түзу, қарны қабысқан, аяқтары сіңірлі, буындары адырайған, шынтағы сыртына қарай ойысты, тырнақтары өткір, саусақтарының арасы үлпілдек жүнді, артқы жағы шалқақ, табаны жалпақ, түр-түсі әрқилы болып келеді екен. Ол 2016 жылдан бері тазы өсіріп келеді. Ақмола облысының Бурабай ауданында жүріп те тазыны селекциялаумен айналысқан. 2021 жылы Ақтөбеге көшіп келген оның ендігі мақсаты — тазы тұқымын асылдандыру.
— Қазақы тазы — қазақтың бренді. Егер оны әлемдік кинологиялық орталыққа тіркетіп, қазақтың тазысы екенін дәлелдемесек, ертеңгі күні өзгелер иемденіп кетеді. Соңғы жылдары осы жұмыстарға күш салып жатырмыз. Қолымыздан келгенше көрмелерге апарамыз. Тазыны патенттеудің де өз ережесі бар. Оның саны мыңға жетуі керек екен. Сол кезде барып әлемдік сарапшыларды шақыртып дәлелдеп, тіркету керек. Бірақ тиісті орталықтар осы істі жүйелі түрде қолға алмай отыр. Елімізде құжаты жоқ қаншама тазы бар. Тек оны қолдайтындар дұрыстап көңіл бөлсе екен деймін. Тазы ұлттық құндылығымыз болғандықтан, басқа мемлекеттің жүйрік тазымызды патенттеп алуына жол бермеуіміз керек, — дейді ол.
Рақымжан Ересов шырға тарту сайысына Алар деген құмай тазысымен қатысқан. Бұл тазы жақында өткен тазылар көрмесінде жеңімпаз атанып, «Сұлу тазы» номинациясының иегері атанған.
— Тазы дегеннің де ар жағында тазалық тұр. Тазы деген «таза» деген сөзден шыққан. Нәті таза ит болғандықтан, қазақ оны үйге кіргізуге рұқсат еткен. Тіпті төрде иесінің қасында жататын тазылар болады. Олардың ерекше қасиеті — адамға, балаға тимейді, тамаққа сұқтанып көзін сатпайды. Үйде жалғыз өзі қалса да тамақ тұрған жерді тіміскілемейді. Ал дәрет қысса, иесінен сұранған белгі беріп, далаға өзі шығып келеді екен. Міне, осы қасиеттері үшін қазақ тазыға босағасынан орын берген. Қазір Сартау, Алар, Найза секілді тазыларымды аңшылыққа баулып келемін. Оларды үнемі арнайы сусабынмен жуындырып, жүндерін арнайы тарақпен тарап, аңшылыққа алып шығамын. Сартау деген тазым — қасқыр аулайтын тазының тұқымы. Оны арнайы Жезқазғаннан әкелдім.
Жалпы тазының жарғақ және шашақ сынды екі түрі бар. Оларды көп адам айыра бермеуі мүмкін. Жарғағының жүні тықыр болғандықтан жаурағыш келеді. Бірақ ұшқыр. Алдындағы аңды тез қуып жетеді. Шашақ тазы — суыққа төзімді, маусымында жүні қалыңдап шығатын ұзақ шабыстың иесі. Шашақ тазының тырнақтарының арасында қалың жүн өседі. Оны уақтылы қиып отырмаса, қыста мұз қатып жүргізбейді екен. Шашақ тазы ауыр және жеңіл түрі болып екіге бөлінеді. Ауыры үлкен аңдарға түссе, жеңілі ұсақ аңдарды аулайды. Бірақ шашақ тазы жарғақ тазыға қарағанда батыл, қандай аң болса да қайтпайды екен. Жақында Найза есімді тазым күшіктеді. Алдағы уақытта құмай тазылардың санын арттырып, жігіттерімізді аңшылық өнерге баулығым келеді, — дейді саятшы.
Сұлу тазы
Ақтөбелік аңшылар бүгінде тазыларды көбейтіп қана қоймай, тұқымын асылдандыруды тәуір көреді. Өйткені таза қазақы тазылар құрып барады. Қан алмасып, аралас тұқымдар белең алып кеткен. Ал олар нағыз тазыны сақтап қалғысы келеді. Думан Ысқақовтың сұлу тазысы шырға тарту сайысына алғаш рет қатысып отыр. Ол — бала кезінен ат құлағында ойнап өскен сері жігіт. Өзі баптаған тазыларды ауқымды іс-шараларға жиі қатыстырады.
— Сайысқа қатысқан тазым Аққайың — 9 айлық күшік. Осындай жарыстар арқылы тазымның шыныққанын қалаймын. Ол жақында өткен тазылар көрмесіне қатысып, «Сұлу тазы» атанды. Жалпы, қазақта тазыны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дей тұрғанмен малды ауылдың адамдары тазыны жасынан малға үйірсек етеді. Кейде үйреткеннің жөні осы екен деп жас күшікті зорықтырып алуға болмайды. Тазы қолға тез үйренгіш, иесінің қас-қабағын ұғатын қасиетке де ие. Алдындағы алған аңын да жәукемдемей, иесіне барынша таза күйінде ұсынады екен. Аңшылар аңшылық саятты бір аптаға созады. Жалпы қазақ аңшылары тазы итті аң қағу өнеріне қатысты бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа қасқыр алатын тазыларды жатқызған. Ондай тазы күшті әрі жүйрік, жүректі келеді. Алғыр тазы қасқырды көрген бойы қапталдасып шауып, бір-екі жұлып тартып, аужайын (қасқырдың күш-қуатын) байқайды. Одан кейін қатарласа беріп, қасқырды алқымдап жығып, қылқындырып өлтіреді. Екінші топқа жататындар — шағын тазылар. Бұлар қасқырды алқымдап ұстай алмайды, тек қуып жетіп, тістелеп, мысын құртады. Иесі келіп соғып немесе атып алғанша қасқырды алысқа жібермей, діңкелетеді. Кейбір жағдайда, яғни иесі алыста қалған болса, қасқырды қумай тоқтап қалады. Мұндай тазыларды аңшылар қосалқы немесе көмекші тазы деп атайды. Үшінші топқа жататындар — қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұлардың күші әлсіз бірақ жүйрік болады. Күніне 2-5 қоян алатын мүмкіндігі бар. Ал түлкіні кез келген тазы алады. Жас тазыны түлкіге салғанда байқау керек. Кәрі түлкі жас тазыны тістеп бетін қайтарып тастайды. Беті қайтқан тазы жасқаншақ келеді, — дейді ол.
P.S. Бір қуантарлығы, шырға тарту байқауына қатысқандар арасында балалар мен жасөспірімдерді де кездестірдік. 11 жастағы Әбдуәділ Мыңбаев әкесімен бірге қансонарға шығып, тазы жүгірткенді жақсы көреді екен.
Ұрпақ жалғастығы деген осы…
Ақмарал МҰҚАШЕВА.
Врезка: Мына бір баспасөз беттерінде жарияланған деректерге назар аударсақ: ақтөбелік бір аңшы тазысымен бір маусымда 16 түлкі, 79 қоян ұстапты. Майдангер аңшы, бірінші топтағы мүгедек Бәйетбай Исабеков өзінің «Ұшар», «Желтабан» атты қос тазысымен түске дейін екі бас қоржын қоян алдыратын болған. Сыр өңірінде, дәлірек айтсақ, Жаңақорғанның Келінтөбе ауылының аңшысы Е.Әлиев «Лашын» атты көк қасқа тазысына бір қыста 47 шибөрі алдырған.
Тазыларды жеке-жеке немесе топ-тобымен аңға салады. Аңшылар аңды жатқан жерінен үркітіп, алып шығады. Сосын қашқан аңға тазыны жұмсайды. Ал тобымен шыққан саятшылар шамамен 200 метрдей дөңгелек шеңбер жасай жүріп, қашқан аңға кезекпен тазыларын қосады.
Өте алғыр тазылар даланың қоңыр аңдарын (киік, бөкен, қарақұйрық, жирен) қуып жетіп, шабын жарып ұстай береді. 1895 жылы осындай оқиғаға куә болған Л.Мейер, қазақтар аңшы иттермен даланың тұяқты жануарларын ұстатып жүргені жайлы дерек қалдырған. Тіпті топты тазымен кәнігі аңшылар ілбіс (қар барысы) пен сілеусінді де аулайтын болған.