КәсіпМереке

ДОМБЫРА ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР

Ойылдық Мұратхан Таңатарұлы — қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — домбыра тартуды кәсіби түрде меңгерген, балаларды соған баулып жүрген оқытушы. Сондай-ақ кейіпкеріміз — Ақтөбедегі домбыра жасайтын санаулы шеберлердің бірі. Оған тапсырыс беретіндер қашанда толастамайды, көршілес облыстардан арнайы іздеп келетіндер де бар.

Ойыл ауданына қарасты Сарыбие ауылында туып-өскен Мұратхан Ақтөбе гуманитарлық колледжі және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде музыкалық білімді игерген. Мамандығы бойынша он жылға жуық уақыт Ойыл аудандық балалар музыка мектебінде жұмыс істеп, домбыра үйірмесінде сабақ берген жігіт былтыр қалаға ауысқан.

Өткен жылдың күз мезгілінен бері Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде еңбек етемін. 14 шәкіртімді күй өнеріне баулимын. Жалпы, ұстаздыққа бет бұрғаныма он жылдан енді асты. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Бекнұр Бауыржанұлы, Айсұлтан Құспанов, Гауһар Бауыржанқызы  сынды оқушыларыммен мақтанамын.

Бір жағынан, шеберлігімді шыңдау үшін, сосын облыс орталығында домбыраға сұраныс көп болғандықтан, осында көшіп келдім. Осы сәтті пайдалана отырып, домбыра тартуды үйреткен ұстаздарым — Әбдірашит Райымбергенов, Жансара Ағниязова және Индира Кенжеғалиеваға алғысымды білдіргім келеді. Ұлттық аспапты жасаудың қыр-сырын меңгертіп, әлі күнге дейін көрген-білгенімен бөлісетін алматылық шебер Бекнұр Қашқыновқа да ризашылығым шексіз. Сол кісінің арқасында 2021 жылдан бері домбыра жасап жүрмін, — дейді 29 жастағы музыка маманы.

Оның айтуынша, домбыра жасау үшін асқан шыдамдылық, музыкалық білім, ең бастысы, ептілік керек. Бойында аталған үш қасиет болмаған адамның қолынан шыққан дүние бәрібір ойдағыдай болмайды екен. 3 жылда 100-ден астам домбыра жасағанын айтқан Мұратханның шикізатты арнайы тапсырыспен Еуропа елдері мен Қытай мемлекетінен алдыртатынын білдік. «Бір домбыраның өзіне қараағаш, қайың, емен, шәмшат, үйеңкі сияқты 4-5 ағаш іске жаратылады. Ішектерін де шетелден сатып аламыз. Бізде бұлардың кейбірі бар болғанмен, өңдеу жағы кемшін. «Домбыраның жақсысы —  ағашынан» демекші, ең жақсы деген материалды қолдануға тырысатынымыз сондықтан. Бұл ұлттық аспаптың дыбысы күм­бірлеп, таза шығуына да үлкен рөл атқарады», — дейді әңгіме арасында шебер.

Домбыраның бағасы қандай ағаштардан жасалып, үнінің қалай шығатынына қарай  қойылатыны белгілі. Танымал шебер жасаса, құны одан сайын жоғарылайды. Көмекшісі әрі шәкірті Ерсұлтан Қуатбаевпен аталған кәсіпті жүргізіп отырған қолөнерші бір аспапты жасауға кемінде 5 күн кететінін атап өтті.

— Барлығы тапсырыс беруші — домбыраның болашақ иесіне байланысты. Егер мінезі ауыр, қырсық адам болса, 2 ай бойы жасалатын домбыралар болады (күліп).  

Рас, бастапқы уақытта осы істі игеру қиын болды. Дыбысы дұрыс шықпай, біраз әбігерге түстім. Бірақ 2-3 домбыра жасаған соң тәжірибе жинап, мұндай олқылықты қайталамауға барымды салдым. Менің ойымша, музыкалық сауатты адам ғана домбыра жасау керек. Өйткені арнайы білімің жоқ болса дыбысты «сезбейсің». Домбыра күмбірлемесе, сол жаман.

Ағашты жонып, аспаптың қалыбын жасау — соншалықты қиын емес. Талапқа сай дыбысын шығару біраз жұмысты қажет етеді. Негізінен, домбыра жасағанда әуелі үлгісін сызып, шанағын пешке салып иіп аламыз, одан кейін мойын бетін 4-ке бөлеміз. Арасында тегістеп, желімдеу жұмыстары бар. Артынша бет қақпағын жасауға кірісеміз. Ең соңында ғана сырлап, әрлеу ісіне көшеміз. Қысқасы, бұл — үлкен процесс, — дейді Мұратхан Таңатарұлы.

Негізгі жұмысынан тыс уақытта домбыра жасайтын шебер сұраныстың көптігінен  қазіргі таңда екі студент жігітті осы іске баулып жүргенін тілге тиек етті. Бір жағынан, бұған өңірде осы аспапты жасайтындардың бір қолдың саусағына да жетпейтіні себеп… Әңгімелесушімізге Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан арнайы келіп, тапсырыс беретіндер де кездеседі. «Тапсырыс көп. 1 айдың ішінде он домбыраны жасап, табыстауымыз керек. Бағасы жасалу әдісі, материалына байланысты белгіленеді. Домбыраларым 60-150 мың теңгенің аралығында сатылады», — дейді ол.

Алдағы уақытта қобыз, шертер, басқа да музыкалық аспаптарды жасауды мақсат етіп отырған оның басты арманы — жеке шеберханасын ашу. Шәкірттеріне қамқор, елгезек, көпшіл Мұратханның бұл тілегі тез арада орындалғай.

ГҮЛНҰРДЫҢ «КӨКТЕМІ»

Қолөнер шебері Гүлнұр Асқарованың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Кәдімгі киізден түрлі бұйым жасап, киім тігетін, тіпті картина-композициялар салатын ол қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртып әрі сол арқылы табыс тауып жүр.

Сұхбаттасушымыз соңғы 5 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Шығармашылық академиясы» орталығында қыздарды тігін өнеріне баулиды. Ал қолөнермен айналысқанына 30 жылға тарта уақыт болған.

Жастайымнан ұлттық киім, көрпе-төсек тігіп, түрлі әшекей бұйымдар жасауға дағдыландым. 2014 жылы көрмеде киізден жасалған заманауи бұйымдарды тамашалап, бұған қызығушылығым оянды. Өзім ізденіп, ғаламтор арқылы түрлі видеоларды көріп, нұсқаулық-кітапшаларды оқи бастадым. Арада 2 жыл өткенде осы іске мақсатты түрде кірістім. Киізден жасалған ең алғашқы бұйымым — табақтың астына салатын төсеніш. Бастапқы кезде бұның жасалу технологиясын білмедім, кейіннен зерттей келе түрлі әдісті меңгердім. Осы өнер түрін игеруіме Айжан Бекқұлова мен Әсел Хайрула сынды шеберлердің көмегі зор, — дейді Гүлнұр Асқарова.

Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіндегі картиналарды көріп, шабыт алып, киізден композиция жасарда сондағы киім үлгілерін басшылыққа алатын қолөнершінің туындылары бірталай. Әрқайсысы көздің жауын алады, жұтынып тұр. Әсіресе жарға ілетін сырмақтары әдемі-ақ. Соның ішінде ақ киізге басылған «Көктем» композиция-картинасы ерекше: қызылды-жасылды түстерге боялған ою-өрнектер, оның жоғарғы жағындағы сырланған таяқша жылдың ең әдемі мезгілін айшықтайтындай. Сол сияқты автордың үлкен ізденісінен жарыққа шыққан «Түркістан» текеметі де алыстан көз тартады. Он саусағынан өнері тамған кейіпкеріміздің әлі аяқталмаған бұл жұмысы 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін алғаш көргендегі әсерден туған. «Қолөнер жұмысына асығыстық жат, өз уақыты келгенде көпшілікке бір-ақ ұсынамын. Негізі, текеметтің 90 пайызы бітіп тұр», — деді ол.

Киізден тұрмысқа қажетті бұйымдар, киім-кешек, сөмке де жасайтын Гүлнұр Асқарова көпшіліктің сұранысы бойынша енді өзі тіккен тақияны да саудаға шығармақ. Болашақта әйелдерге арналған жемпірді киізден басуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Ақтөбеде 2 жеке көрмесін өткізген қолөнер шебері шикізатты алғашында Ресей елінен алдыртқан, соңғы жылдары жамбылдық шаруалармен әріптестік байланыс орнатыпты.

Ақтөбеде де қой бағатындар көп қой. Бірақ олар жүнді өңдемейді. Сол күйінше алсам оның машақаты көп. Қымбатқа шықса да амалсыздан сырттан тасымалдауға мәжбүрмін.

Бәрінен бұрын, әр ата-ана қыздарына тігіп, тоқуды аз да болса үйретсе деген тілегім бар. Сенесіз бе, үйірмеме келетін мектеп жасындағы қыздардың арасында қайшы ұстай алмайтын,  ине-жіпке мүлде ебі жоқтары ұшырасады. Айтудың өзі ұят…

Қолөнерден керемет табыс табамын деп айта алмаймын. Бұл — менің жүрек қалауым. Әрі бізде әлі күнге дейін қолмен жасалған еңбектің бағалануы өз деңгейінде емес, — деп сөзін түйіндеді әңгімелесушіміз.

  Бетті дайындаған Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button