Кәсіп

НАЗГҮЛ — ТЕМІР ЖОНУДЫҢ ШЕБЕРІ

«Менің бақытты болуымның бірден-бір себебі — анамның қасымда жүргені». Бүгінде «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек ететін Назгүл Мұқашева әңгімесін осылай бастады. 17 жылдан аса токарь білдегінде жұмыс істеп келе жатқан ол — өз ісінің нағыз білгірі.

Талай жыл табысты еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз — Назгүл Жақсылыққызы комбинаттың шахталарына қажет қамыт (хомут), горизонттарға арналған бекітпелердің ұсақ түйреуіштерін жасайды.

— Біз негізі Ақтөбенің Шалқар ауданынанбыз. Бала күнімізде Хромтау жаққа қоныс аудардық. Бес ағайындының үлкенімін. Жетінші-сегізінші сыныптарда жасөспірімдерді еңбекке баулып, картоп егуге, сақманға жіберетін еді. Бір қызығы, сол кезде қыздарды токарьлық іске де баулыды. Бала күнімде меңгеріп алған сол кәсібім пайдама жарап келеді, —  деп кейіпкеріміз әңгімесін тарқата түсті.

Назгүл Дөң тау-кен байыту комбинатындағы еңбек жолын №1 кенді ұсақтау және байыту фабрикасында конвейер машинисі болып бастаған. Кейін денсаулығына байланысты жұмыстан кеткенімен, 2007 жылы комбинаттың темір шығаратын зауыт секілді қарыштап қуат алған орталық жөндеу-механикалық шеберханасына токарь қызметіне әйел адамдарды жинап жатқанын естиді. Кезінде оқып алғанын дәлелдейтін бір парақ құжатын алып, Назгүл де бағын сынап көреді. Осылайша жұмысқа бірден қабылданған болатын.  Қолының темір жонуға икемі бар, керек материалды әп-сәтте кесіп, дайындап беретін келіншекті ұжымы бірден байқайды. Сол кездегі цех басшысы Жансерік Тұрахметов оны тәжірибелі токарь Жанат Жанаковаға бекітіпті. Кейін учаске шебері Александр Андреевич деген темір түюдің маманынан үлгі алып, токарь ісін әрі қарай үйрене берді. Бүгінде Назгүл Жақсылыққызы — цехтың алдыңғы қатарлы қызметкері.

— Біздің ұжымда токарь, фрезерші, дәнекерлеуші қыз-келіншектер көп. Әр адамның өзіне лайық қалыбы бар. Ең бастысы, мұнда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, өзіміз жасайтын темірдің үлгісіне мұқият болу керек, — дейді ол.

Кейіпкеріміз еңбек ететін орталық жөндеу-механикалық шеберханасы қаладағы шахталар мен өзге де өндірістік цехтарды барлық қажетті материалдармен қамтамасыз етіп отыр.  Соңғы жылдары шеберхана заманауи білдектер, арнайы жабдықтармен толықты. Жұмысшылардың жасаған бұйымдары зауыттан шыққан өнімдерден кем түспейді.

— Менің бақытты болуымның бірден-бір себебі — анамның қасымда жүруі. Әкем осыдан 20 жыл бұрын дүние салды. Анам, отбасым жанымда, ұжымым да жайлы. Бұдан асқан бақыт жоқ, —  дейді ол.

Назгүл мен жары Мейрамның төрт перзенті бар. Келін түсіріп, немере сүйген кейіпкеріміз жақында 53 жасқа толды.

Өмірін өндіріспен байланыстырып, тынбай еңбек ете жүріп, бала-шағаның қамын қамдап, отбасының ұйытқысы бола білген ардақты ананың еңбек жолы осындай.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button