Басты жаңалықтар

МӘЛІК ЖЫРАУ МҰРАЛАРЫ

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қобызшы, жырау Мәлік Әлмұратовтың «Өмір жырын жырлайды ақын жүрек» кітабының таныстырылымы өтті.

Мәлік Әлмұратұлы 1907 жылы қазіргі Әйтеке би ауданы Басқұдық елді мекеніне қарасты Жиделібұлақ жерінде дүниеге келген. Ағаштан түйін түйген әкесі баласының өнерге деген құштарлығын байқап, домбыра мен қобыз жасап береді. Қос аспапты тез игерген Мәлік ел ішінде «бала жырау» атанып, көптің көзіне түседі.

Ойнаттым домбыраны қолды сермеп,

Шырқадым түрлендіріп әннен өрнек.

Қырандай жем аңсаған бабындамын,

Қызынып сөйлеген соң кеттім терлеп.

Ер Тарғын, Айман-Шолпан, Тотан батыр,

Қиссалар тағы басқа толып жатыр.

Түнімен осылардың айттым бәрін,

Таң ата ырза болып тарасты ақыр, — деп өзінің төселген жыршы-жырау екенін аңғартады.

1930 жылдары Ырғыз ауданында ашылған халық театрында, одан кейін Нұра ауылында Қызыл отауды басқарады.

Бес жылдай театрда қызмет қылдым,

Өнерін искусство жақсы білдім.

Қосымша әртістікті қоса атқарып,

Театр директоры болып тұрдым, — деп өмір жолын өлеңмен өрнектеген ақын 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, аяғына тиген оқтан жараланып елге оралады. Елге келгеннен кейін балаларға ән-күйден сабақ беріп, мектеп жанындағы интернатта меңгеруші болып еңбек етеді.

Ел ішінде жүрген ақын тарихи жырларға да аса мән береді. Ол жырлаған «Абат батыр» дастаны «Халық ертегілері» кітабына енгізілген, ол бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.

1989 жылы өмірден өткеннен кейін оның қойын дәптерін қызы Сұлушаш осы кезге дейін үйінде сақтап келіпті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің қолдауымен ақынның өлеңдері жарыққа шықты.

Осы кітаптың таныстырылымында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрдәулет Алдашов «Қобыз сарыны» тақырыбында баяндама жасады.

Өлкетанушы Бөрібай Картен:

— Бозбала кезімде Мәлік ағаны көрдім, ауылдық клубқа концерт қойды. Қобыздан қаздың дауысын салғаны менің өміріме ерекше әсер қалдырды. Қазір Мәлік ағаның шығармашылығына ден қойып, зерттеп жүрмін. Оның «Абат батыр» дастанынан басқа, осындай екі-үш туындысы болды. Сол еңбектерін қалайда табуым керек, өте жақсы жазылған дүниелер еді, — деді.

Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Таубатыров пен Ырғыз аудандық кітапханасының директоры Марат Мырзалы жыл сайын Мәлік ақын атындағы байқаулар өткізіліп тұрса, жақсының аты өшпес еді деген пікірлерін білдірді.

Облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали кітап шығаруға атсалысқан азаматтарға риясыз алғысын білдірді.

Кітапта ақынның айтыстары мен дастандары, қоғамдық-саяси өмір, еңбек еткен ортасы, табиғат сұлулығына арналған шығармалар қамтылған. Жалпы, бұл жинақтың өңіріміздің тарихы мен мәдениетіне қызығушылық білдіріп, ізденіп жүрген оқырманға берері көп.

                                                                                          Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button