Денсаулық

Тамақтандыру нысандарының тазалығы қандай?

Облыс көлемінде 710 қоғамдық тамақтандыру нысаны бар. Әсіресе, облыстық әкімдіктің маңында асхана көп. Осы асханаларда өзіміз де түстенеміз, кешкі ас ішеміз. Кейде аспазшылардың бөлкелерді жалаң қолдарымен ұстап, алып беріп жатқанына тіксініп қалатынымыз бар… Іссапарға шыққанда да ауыл шетіндегі асханаларға кіріп, жүрек жалғаймыз. Мұнда да кейде тамағына, кейде ыдыс-аяғына қарап, ішімізге кіпі алып қалатын кезіміз болады. Сонымен, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы санитарлық жағдай көңіл көншіте ме?

Бұл сұрақты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры Құралай Қаракенге қойған едік. Оның айтуынша, биыл қоғамдық тамақтандыру орындарындағы тағамнан улану деректері тіркелген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігінің

«Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында жеке кәсіпкерлік аясындағы қауіпсіздік деңгейін бағалау талаптарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес қоғамдық тамақтандыру нысандарынан тоқсан сайын зертханалық зерттеуге сынамалар алынып, тексеріледі.

— Биылғы 9 айда микробиологиялық көрсеткіштерге 1570 тағам сынамасы алынды. Оның ішінде, 6 сынама санитарлық талаптарға сәйкес келмеді.  Санитарлық-химиялық көрсеткіштерді тексеру мақсатында алынған 957 тағам сынамасының 3-еуі санитарлық талаптарға сай еместігі анықталды.

Микробиологиялық көрсеткіштерге алынған 644 ауыз су сынамасының ішінде де біреуі санитарлық талаптарға сай болмай шықты. Тек санитарлық-химиялық көрсеткіштер үшін алынған 340 ауыз су сынамасында күдік келтірер ештеңе анықталған жоқ. Талаптарға сай емес тағам, су сынамалары анықталған қоғамдық тамақтану орындарының тиісті тұлғаларына 83 160 теңге көлемінде 6 айыппұл салынды, — дейді департамент директоры Құралай Қарекен.

Қоғамдық тамақтандыру орындарын тексеру кезінде негізінен тоңазытқышта тағамдарды сақтау тәртібінің, санитарлық-дезинфекциялық ереженің, тамақ дайындау кезінде технологиялық процесс уақытының сақталмайтындығы, жұмысшылардың уақытында медициналық тексерістен өтпегендігі секілді санитарлық бұзушылықтар анықталды.

Анықталған санитарлық бұзушылықтар бойынша 4 286 520 теңге көлеміндегі 405 айыппұл  салынып, 13 нысанның жұмысы санитарлық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты уақытша сот шешімімен тоқтатылды. Сондай-ақ, дәрігерлік бақылаудан өту мерзімі өтіп кеткеніне байланысты 85 жұмысшы жұмыстан уақытша босатылды.

Биылғы 9 айда қоғамдық тамақтандыру нысандарының үстінен барлығы 28 арыз-шағым түсіп, тексеру кезінде оның 15-і расталып, 15 айыппұл салынды. Бұл жолы жұмысы уақытша тоқтатылған немесе айыппұл салынған асхана, дәмханалардың атын атап, түсін түстеп жатпадық…

 

Салондар санитарлық талапқа сай ма?

Бәріміз де қажет кезде шаштараздың немесе әдемілік салондарының қызметіне жүгінеміз. Ал бұларға күніне баратын адамның көптігін ескерсек, тазалықтың өз деңгейінде сақталатынына күмәнмен қарап, ауру жұқтырудан да қауіптенуге болады. Себебі, мұнда теріге қатысты процедуралар көп жасалады. Мысалы, қас жұлады, қасына, ерніне татуаж (арнайы құралмен жасанды қас пен ерін жасату) жасатады, тырнаққа жабыса біткен артық теріні қиып, әдемілеп, боятады.

Расында да, осындай сан түрлі қызмет көрсететін салондарда санитарлық талаптар қаншалықты орындалады?

Облыста 282 шаштараз қызмет көрсетеді. Оның 82-сі — маникюр мен педикюр  қызметтерін көрсететін әдемілік салоны. Сондай-ақ, 12 әдемілік салонында татуаж кабинеттері бар.

Бұл нысандарда залалсыздандыру режимін бұзған деректер бар. Мысалы, маникюр құрал-саймандарын стерилдеу алдындағы өңдеуден өткізбеу және стерилденбеу дерегі — 27,6 пайыз, бөлмеге өз уақытында тазалық орнатпау жағдайы — 36,9 пайыз, тазалық құралдарының жиналмау дерегі — 34,5 пайыз. Анықталған деректер бойынша әкімшілік шаралар алынып, 423,2 мың теңге көлемінде 49 айыппұл салынды.

Осындай деректерді айтқан ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Рузалия Шакирзянова:

— Газет беттерінде  «татуаж, шаштараз, маникюр қызметтерін үйлеріңізге барып жасаймын» деген хабарландыруларды жиі көреміз. Осындай үй жағдайындағы қызметтерді пайдаланған адамдардың түрлі инфекциялық ауруларды жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан да, денсаулығын ойлайтын әр адам санитарлық талаптарды сақтайтын салондар мен шаштараздарға барғандары жөн,  — дейді.

Еліміздегі шаштараз немесе әдемілік салондары жұмысындағы санитарлық ережелер Денсаулық сақтау министрінің былтырғы 28 тамыздағы №554 бұйрығымен бекітілген. Ережеде бұл нысандардағы қызметкерлер мен клиенттер үшін қауіпті инфекциялар мен аурулардың таралуының алдын алуына баса назар аударылады.

Әдемілік салоны немесе шаштараз қызметін пайдаланатын әр адам мынадай қағидаларды ескергені жөн:

Күн сайын жұмыс алдында жауапты қызметкер маманның жеңіл жарақаты (жарасы бар ма, бір жерін жырып алған жоқ па) бар-жоғын тексереді. Тексеру нәтижесін арнайы журналға тіркеп отырады.

Косметологиялық процедураларда, әсіресе, теріге қатысты мәселелерде әр кез қолданылатын құрал-саймандар стерилденіп, дезинфекцияланғаннан кейін ғана қолданылуы тиіс.

Салон маманы немесе шаштараз клиенттің көзінше қолын сабындап жууы керек.

Тері мәселесін реттеу үшін косметологиялық процедуралар жасағанда маман арнайы қолғап кигені дұрыс.

Салон қызметкерлері жұмысқа қабылданғанда және әр жыл сайын медициналық тексерістен өтеді, осы кезде, әсіресе, вирусты гепатиттің В, С түрлерінің нәтижесіне маңыз беріледі.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында шамамен 400 млн адам гепатиттің В ауруының созылмалы түрімен ауырады. Үштен бірінен артығы — гепатиттің С түрін таратушылар. Негізі, гепатиттің В түрін жұқтыру үшін 1-3 вирус бірлігі, гепатиттің С түрін жұқтыру үшін 2-10 вирус бірлігі жеткілікті екен. Егер қолданған құрал-сайманда қандай да болсын вирус бірліктері бар болса, әсіресе, теріге қатысты процедуралар жасағанда оның адам ағзасына өту қаупі де жоғары болады. Сондай-ақ, инфекциялық аурулар қан арқылы жұғады. Мұнда негізінен маникюр, педикюр, косметологиялық  процедура шеберлеріне қауіп жоғары. Олар қызмет көрсету барысында өзінің немесе клиенттің тері қабатын жарақаттап алмауы тиіс.

— Шеберлердің әр кез пайдаланатын түрлі құрал-саймандары вирус таратуға бірден-бір себепкер. Өзіне және клиентке ауру жұқтырып алмау үшін үнемі құралдарды тазалап, санитарлық-гигиеналық жұмыстарды мұқият жүргізген абзал. Сондай-ақ, әр азамат өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, сақтанып жүргені жөн, — дейді бөлім бастығы Рузалия Шакирзянова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Сабақтар сарапталуы тиіс

Жалпы білім беретін мектептерде оқу-тәрбие процесі оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Оқытудың мазмұны, әдістері мен қарқыны белгіленген жүктемеден артық болмай, оқушылар денсаулығына нұқсан келтірмеуі тиіс.

Жаңа оқу жылының басында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жоспарлы тексеру жүргізіп, барлық жалпы білім беретін мектептердің сабақ кестелерін ұтымды жасалуына баға береді.

Сабақ кестелерін қарау барысында санитарлық талаптарды бұзушылықтар анықталды. Мәселен, апта бойы жаратылыстану-математика және гуманитарлық пәндерді кезектестiру сақталмаған, сабақтар арасындағы үзiлiс 5-10 минутқа дейін қысқартылған, факультативтi сабақ пен соңғы мiндеттi сабақтың арасында үзiлiс ұзақтығы талапқа сай болмай, кей жағдайларда факультативтi сабақтар сабақ кестесіне кіргізілгендігі анықталды. Апта бойы оқушылардың жұмысқа қабiлеттiлiгiнiң қолайлы деңгейiн сақтау үшiн апта ортасында (сәрсенбi күнi) жеңiлдетiлген оқу күнi қамтамасыз етiлмеген. Бұл талап бұзушылықтар Ақтөбе қаласында және аудан орталықтарында орналасқан 2 ауысымда жұмыс істейтін  мектептерде кездесті.

Мұндай қолайсыздықтар оқушылардың тез шаршауына және пәндерді нашар игеруіне әкеледі.

Сабақ кестелерін тексеру жалғасуда. Оқу жылы басталғалы жауапты тұлғаларға 87780 теңге көлемінде 12 айыппұл салынып, 6 ұйғарым берілді.

 

Құралай ҚАРАКЕН,

ҚР ДСМ МСЭҚК Ақтөбе облысы

бойынша департаментінің директоры.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button