Басты жаңалықтарМереке

Мерекелеріңізбен!

Құрметті ханымдар!

Ардақты аналар мен аяулы арулар!

Көктемнің шуақты мерекесі — Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

«Ана ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Дүниенің бар асылын сыйласақ та, ана алдындағы қарызымыз өтелмес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән беретінін атап өтті.

Бүгінде әйел адамдардың қоғам өміріндегі және мемлекетімізді жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі ерекше. Сіздер саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әртүрлі салаларында еңбекке белсене араласып жүрсіздер.

Оған дәлел, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы 205 депутат болса, оның 48-і — әйел. Ақтөбе облысындағы 2145 мемлекеттік қызметшінің 52 пайызы — нәзік жандылар. 238 әйел адам басшылық қызметтерде еңбек етіп келеді.

Облысымызда әйелдерді қолдаудың кең мүмкіндіктері қарастырылып келеді:  2024 жылдың 1 қаңтарында 55 857 адам жұмыспен қамтылса, оның ішіндегі әйелдер саны — 30 333.  Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарда, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 6 681  әйел кәсіпкерлік негіздерін оқып, 356-сы қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.

Облыстағы 84 мың шағын орта кәсіпкерлік субъектінің 48 пайызын нәзік жандылар жүргізіп отыр. Әйелдер кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында да белсенді еңбек етіп келеді.  Ақтөбе өңірінде Мемлекет басшысы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 798 әйел 3 миллиард 411,6 млн теңгеге несие алды.

Көпбалалы отбасыларын қолдау бойынша өткен жылы 26 350 отбасындағы 116 223 балаға 18 168,9 млн теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленді.

Сонымен бірге 4 339 отбасына 1 миллиард 889 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді.

 Қадірлі ханымдар!

Ардақты аналар мен аяулы арулар!

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тамаша сөз бар. Расында, еліміздің сән-салтанаты мен мерейінің үстем болуында сіздер секілді нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр.

Бүгінгі таңда еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасап жүрген барлық аналарға, аруларға ризашылығымды білдіремін!

Тәуелсіз еліміздің мүддесі жолындағы бірлескен ісімізде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу үшін баршаңызға зор денсаулық, жемісті еңбек, көктемнің шуағындай көтеріңкі көңіл күй, береке-бірлік пен шынайы әйел бақытын тілеймін!

Әрқашан жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден шаттық сезімі кетпесін!

 Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button