Басты жаңалықтарМереке

Әйелмен әлем әдемі

Марапат

Халықаралық әйелдер күніне орай «Өнер орталығы» ғимаратында салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі Асхат Шахаров бір топ ақтөбелік қыз-келіншекті марапаттады.

«Ана ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бекер айтылмаған. Дүйім дүниенің бар ғаламатын сыйласақ та, ана мен әйел затының алдындағы қарызымыз өтелмес. Ана жанымыздың бір бөлшегі іспетті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән беретінін атап өтті.

Бүгінде әйелдер қауымының қоғам өміріндегі және демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі ерекше. Саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында ер-азаматтармен қатар иық тірестіріп, еңбекке белсене араласып жүрген нәзік жандылар аз емес.

Оған дәлел — облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда 205 депутат болса, соның 48-і — әйелдер. Ал өңіріміздің мемлекеттік қызмет саласында 238 мереке иесі басшылық қызметте еңбек етіп жүр.

Өңірімізде әйел азаматтарды қолдаудың кең мүмкіндіктері де қарастырылған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға, «Бастау-Бизнес», «Ауыл аманаты» жобаларына белсенді қатысып келеді.

Әйелдер еліміздің демографиясының өсуіне де қомақты үлес қосып жатыр.

Халықаралық әйелдер күні неліктен сегізіне белгіленгенін білесіздер ме? Өйткені сіздер әлемнің сегізінші кереметісіздер!  Сіздермен әлем әдемі, ғажап!

Еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп жүргендеріңіз үшін баршаңызға өз ризашылығымды білдіремін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Мереке құтты болсын! — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қолмен қалыптау сырықшысы Валентина Радченко, «Ақтөбе облысының мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмирам Сражова мен «Сенім-clinic» медицина орталығының директоры Гүлсім Тәңірбергенованың кеудесіне тақса, бір топ әйелге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады. Алғысқа бөленгендердің арасында әріптесіміз — облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева да бар.

Мерекелік іс-шара барысында жиналғандардың әрқайсысына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар берілді. Соңында ақтөбелік өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button