Мереке

Көпбалалы аналарға құрмет

Кеше Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Әлемнің мәні — әйелде» атты мерекелік шара өтті. Оған қала әкімі Азамат Бекет қатысты.

Шарада шаһар басшысы жиналғандарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

— Бүгінде нәзік жанды қыз-келіншектеріміз өндірісте, әлеуметтік салаларда, ірілі-ұсақты өнеркәсіпте еңбек етіп, қаламыздың дамуына зор үлес қосып келеді. Белсенді, іскер әйелдер кәсіп ашып, үздік еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Қаламызда көпбалалы 14 262 отбасы бар. Оның ішінде 1236 ана — «Алтын алқа», 2067 ана — «Күміс алқа» иегерлері. Қоғам өміріне араласып, үйдегі отбасы жылуын сақтап, бала тәрбиелеп отырған аналарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгінгі шараға қатысып отырған баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді ол.

Құттықтау сөзінен кейін қала әкімі бір топ көпбалалы анаға мемлекеттік награда — «Алтын алқа» табыстады.

Бұдан кейін шарада халықтық «Сұңқар» вокалдық ансамблі мен «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, қалалық Оқушылар сарайының өнерпаздары өнер көрсетті. Қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы әннен шашу шашып, мерекеге жиналғандарға құрмет көрсетті.

«Алтын алқа» алған көпбалалы аналардың бірі Гүлнұр Шынбаева жеті бала өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Балаларымның үлкені 8-сыныпта оқыса, кенжесі — бір жаста. Жолдасым жүргізуші болып жұмыс істейді. Бірнеше жыл бұрын «Бақытты отбасы» бағдарламасымен Ақтөбе қаласынан үй алдық. Ай сайын әр балаға 14 мың теңге көлемінде жәрдемақы аламыз. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Бүгін қала әкімі мерекеге орай көпбалалы аналарға құрмет көрсетіп жатыр. Өте қуаныштымын. Лайым еліміз тыныш, балаларымыз бақытты болсын! Барша аналарды мерекемен құттықтаймын, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button