Мереке

«Әжелер алқасы» құрылды

Тәрбие

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылды. Іс-шараға Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, ақ жаулықты аналар қатысты.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалиннің айтуынша, ұлттық тәрбиені нығайтуда «Әжелер алқасын» құрудың маңызы зор. Қазір республиканың барлық аймағында «Әжелер алқасы» құрамы жасақталып жатыр.

— Мереке қарсаңында «Әжелер алқасының» жиыны ұйымдастырылды. Оның төрағасы ретінде Бәтима Кенжебаеваны бірауыздан сайладық. Енді барлық ауылда осы ұйымды құру мақсаты тұр. Біздің негізгі міндетіміз — қоғамды ауызбірлікке, ынтымаққа үндеу, ұл мен қызға ұлттық тәрбие беру, — дейді А.Мырзалин.

Жиында сөз алған Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Нұрсәуле Жылқыбаева биыл отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларға әжелерді де жұмылдыру жоспарланып отырғанын айтады.

Іс-шара соңында сөз алған қалалық «Әжелер алқасының» төрағасы бірқатар жобаларды жүзеге асыратындықтарын мәлім етті. Соның ішінде Көрісу күні мен Ұлыстың ұлы күнінің маңыздылығын жастар арасында насихаттау жұмыстарын да жүргізетінін айтты.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button