Жаңалықтар

Оқырман

  • Еңбек адамы

ДӘНЕКЕРЛЕУШІ ГҮЛСІМ

Нағыз ердің сойы меңгеріп, қайрат, қайсарлық пен қара күшті талап ететін еңбекке бет бұрған әйелдерді сирек кездестіреміз. Солардың бірі —  Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинаты орталық механикалық жөндеу шеберханасының үшінші санатты дәнекерлеушісі Гүлсім Байменова.

Гүлсім дәнекерлеу ісіне бала күтімімен үйде отырғанда қызығыпты. Өзінің алғашқы мамандығы есепші болса да, осы салаға келуге бет бұрған. Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжіне дәнекерлеушінің үш айлық курсына жазылып, қолына куәлігін ала сала, комбинатқа қарай құстай ұшқан сәтін кейіпкеріміз әлі күнге дейін есіне алып, жылы жымияды.

— 2010 жылдары жоғарғы оқу орнын бітірген түлектер сынды цехқа қарай асыққаным — еңбек жолымдағы естен кетпес оқиғам. Өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде, цех басшылығына жолығып, «куәлігімді алған соң қайта келемін. Мені журналыңыздың бір бұрышына ұмытпас үшін жазып қойыңызшы» деген сөздерімді есіме алып, кейде күлемін. Ол кезде цех басшысы — Жансерік Тұрахметов. Дәнекерлеу курсына жолдасымның қолдауымен бардым. Бір жерде жұмыс істейміз деп балаша қуандық, дейді дәнекерлеуші Гүлсім.

Иә, Гүлсім мен жолдасы Марал бір-біріне өмірлік жолдас қана емес, әріптестер. Маралдың цехта слесарь болып еңбек етіп келе жатқанына бүгінде 20 жылдай уақыт болды. Араға бес жыл салып, жұбайы келіп, енді бір учаскеде қызметтес болып жүр. Үйде де, жұмыста да сыйластығы үзілмеген жұп көптің аузында жүрген өнегелі отбасылар қатарында. Үлкен ұлы Тимур да әке мен ананың ізінен еріп, кәсіпорынға келді. Ол бүгінде кенді байыту және кесектеу фабрикасында электрослесарь. Гүлсімнің айтуынша, кенже ұлы да әскерден келіп, Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасына электромеханик болып жұмысқа тұрыпты. Бүтін бір әулет өндірісте қызмет атқарса, қандай керемет!

— Менің цехымдағы жұмысшылардың үштен бірі — әйелдер. 50 шақты әйел адам темірмен жұмысты ұршықша үйіреді. Осы күнге дейін бір арудың «қолымнан келмейді, істей алмаймын» деген осалдықтарын көрмеппін. Берілген тапсырманы уақытында, тастай қылып орындап отырады. Әйел адамдарда жауапкершілік басым әрі олар кез келген істе табындылық танытады. Гүлсім солардың көшін бастап тұр, деп цех басшысы Қанат Бибиталин өз ойымен бөлісті.

Дәнекерлеуші маскасын киіп, жай отын ойнатып, темірді темірге жалғап, жұқарған тұстарды белгілі мөлшерде қалыңдату мен жамауды Гүлсім мүлдем қиынсынбайды. Бастапқы кезде дәнекерлеудің детальдарынан кішігірім қателіктер жібергенімен, кейін барлығын меңгеріп, цехтағы бес дәнекерлеуші әйелдің алдыңғы шебінде тұратын болды.

— Цехқа келсем, әйел заты екенімді ұмытып кетемін. Мен осында демаламын десем, артық айтқаным емес. Бір түсінгенім, әр жұмыс күнімде жаңа нәрсені үйренеміз. Дәнекерлеудің тың ілімі шыға береді. Сонысымен де қызықты, деді Гүлсім Байменова.

Гүлсім жұмыста темірмен жұмыс істесе, үйде қолы боста тоқыма тоқып, іс тігеді.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

 

  • Пікір

 ЖАРЫҚТЫҢ КІТАПХАНАШЫЛАРЫ

Ақтөбе қаласының Жарық елді мекенінде орналасқан Фариза Онғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы туралы, дәлірек айтсам, осы білім ордасында орналасқан ауылдың кітапханасы туралы айтқым келеді.  43 жыл мұғалім болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққаннан бері осы кітапхананың тұрақты оқырманына айналдым.

Кітапхана іші жарық, тап-таза, кітап қоры өте бай. Әсіресе қазақ тіліндегі әдеби кітаптар қажет болса, іздегеніңді табасың. Кітапханашылар Базаргүл Кенетаева мен Гүлнар Дәулет білімді, өз ісін жақсы білетін еңбеққор мамандар.

Қай кезде барсаң да, кітапхана іші қарбалас тірлік. Оқушылар кітап алып, оны талдап, жастар жағы видео түсіріп жатады. Кітапханада көркемсөз оқу мен өздері оқыған кітаптар туралы шағын бейнебаян түсіру дәстүрге айналған.

Менің осы мектепте төрт немерем оқыды. Кітапханашылар оқушылардың кітапқа деген қызығушылықтарын шыңдау үшін түрлі іс-шара өткізеді. Үнемі әдеби кітап алып, оқып, талдап отыру — отбасымыздың сүйікті ісі.

Қазіргі кезде баланың телефон мен әлеуметтік желіден бір сәт демалып, әдеби кітап оқуы — үлкен олжа. №41 мектеп-гимназиясының оқушылары, міне, осындай оқырмандар. Ол — кітапхана қызметкелері мен пән мұғалімдерінің еңбегінің жемісі. Менің өзім де әдеби кітап алып оқып тұрамын, оқығым келіп, таба алмай жүрген кітаптарымды осы жерден таптым.

Өз атымнан кітапхана ұжымына аналық алғысымды білдіремін. Себебі әдеби кітап оқитын балалар сауатты болып қана қоймай, рухани байиды, қазіргі заманда бізге керегі осы. Кітап оқыған бала оң жолдан адаспайды, өмірден өз орнын табады деп ойлаймын. Балалардың кітапқа деген құштарлығын оятқан кітапханашыларға ризамын.

Генкаржан БИСЕНҒАЛИЕВА, 

зейнеткер, ардагер ұстаз.  

  • Ұрпақ

КАМИЛА  — БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТ

Мен Ақтөбе қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысымын, биыл мектеп бітіремін. Мені мамандық туралы ой мені мазалай бастады.

«Пәленшенің қызы дардай оқу орнына түсіпті» деген жалған абырой-атақтың құрбаны болып кетпеуім үшін өз таңдауыма адал болғым келеді.

Алдағы Ұлттық бірыңғай тест сынақтары түлектердің тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сол кезде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, өзі қалмаса да, қолы жеткен оқу орнына түсіп кете беретіндер де болады…

Мектеппен қоштасар сәтке аз ғана уақыт қалғаны есіме түскен сайын көңілім құлазиды. Оқушылардың көбі мектеп бітіруге асықса, мен, керісінше, қоштасуға асығар емеспін.  Оның себебі де бар. Мектепте белсенді, үздік оқушылардың бірі екендігім де болар бәлкім. Мектеп қабырғасында өтетін барлық іс-шарада үнемі белсене қатысып, әрдайым оқушылардың алды болып жүргенім өзіме қатты ұнайды.

Бірде сабақта еш алаңсыз, келесі пәнге көз жүгірте дайындалып отырсам,  мектебіміздің директоры шақыртып алды.  Ішімнен «Ештеңе бүлдірмеген сияқты едім ғой, әдетте бұзық балаларды шақыртушы еді» деп, екіұдай оймен  директордың бөлмесінің есігін имене аштым. Алайда мектеп директоры мені ашық-жарқын жүзімен қарсы алды. Сол бойда шақыртқан себебін түсіндіріп, мен  мүлде күтпеген ұсыныс жасады. Қатты таңырқап, іштей қуанып та тұрдым. Маған мектебімізден «Ks» медиа студиясын ашып, тыңғылықты жұмыс жасап, келген құрметті меймандардан сұхбат алуға ұсыныс жасады.  Мектеп басшылығы менің болашақта атақты журналист болғым келетіндігін білетін еді. Осындай өзіме ұнайтын, керемет мүмкіндікті қалай жіберіп, қарап отырайын? Білім шаңырағымызға келген қонақтарға мектебімді таныстыру міндеті маған жүктелгенде сенім мен жауапкершіліктің дәмін татқаным бір бөлек сезім.

Директордың: «Студияның бас редактор-тілшісі өзіңсің, төменгі сыныптардағы болашақ журналист болғысы келетін оқушыларды жаныңа жинап, мектеп бітірген сәтіңде де студияны жалғастырып кететіндей ізбасарлар даярла», — деген сенімі маған қанат бітірді. Қасыма бағыт-бағдар беруші жетекшілер бекітіп, бар жағдайымызды жасап, жол көрсетіп берді. Уақыт өте келе студиямыз салтанатты түрде ашылып, жұмысын бірден бастап кетті. Студиямызға келген әрбір қонақтың салмақты сөздері, идеялары, ұшқыр ойлары керемет сабақ болды. Күннен-күнге ысылып, тәжірибе жинай бастадым. Мектеп ұжымын да, оқушыларын да қызықтыра алатын студиямда менен бөлек, көптеген шәкірттер еңбек етеді. Болашағыма сеніммен нық қадам жасауыма ұстаздарымнан осындай қолдау көргенім әсер етіп отыр. Қазіргі қоғамда мамандық таңдау мәселесі өзекті боп тұрғанда сүйікті мамандығымның алғашқы баспалдағына көтерілуіме зор ықпал еткен мектебіме алғыс айтамын. Мамандық таңдауға мектеп ұстаздары осылай қолдау көрсетсе, әр түлек өз жолын адаспай табар еді…

 Камила БАЛУАНШИНА,

Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-

лицейінің 11 сынып оқушысы,

Ақтөбе қаласы.

 

 

  • Тағзым

ҰРПАҒЫ ҰМЫТПАЙДЫ

Менің атам Төлебаев  Қалдыбай Байғанин ауданы Қаражар ауылында туған. Жастайынан еңбекке араласып, Жем жетіжылдық мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған. 18 жасында әскер қатарына шақырылып, өз еркімен Отан қорғауға аттанады. Бұл кезде Сталинград түбінде қырғын шайқас жүріп жатқан. Дүлей соғыстың Солтүстік-Батыс майданындағы 235-атқыштар дивизиясының құрамына түсіп, взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Сталинград бағытындағы ұрыста иығынан ауыр жарақат алып госпитальде емделіп шығады. Жасы жиырмаға да толмаған жас сержант жан алысып, жан беріскен үлкен шайқастарға қатысады. Соғыстың соңғы жылында фашистердің курляндықтар тобымен болған қанды шайқасында (Курляндский котёл) үлкен калибрлі пулемет оғынан аяғынан ауыр жарақат алып, госпитальге түсіп, елге мүгедек болып оралады. Соғыста  көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» («Красная звезда») орденімен, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен, «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен,  соғыс кезінде көрсеткен ерлігі, батырлығы мен батылдығы  үшін СССР Жоғары Кеңесінің өкімімен  бірінші дәрежелі «Отан соғысы»  орденімен марапатталады.

Туған жерге оралғаннан кейін партия, комсомол, басқа да түрлі шаруашылық жұмыстардың бәрінде қажырлы еңбек етіп, ерекше көзге түседі. Байғанин аудандық мемлекеттік тұрмыстық қамту мекемесінің, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық «Социалистік ауыл» газетінің жауапты хатшысы, кейіннен оның редакторы, аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы, Калинин атындағы  колхоз төрағасы, Темір аудандық каржы бөлімінің аға экономисі, «Сағыз» совхозының бас экономисі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Байғанин» совхозы партия комитетінің хатшысы, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып  аса жауапты жұмыстарды атқарады.

Сонымен қатар атам өте  шығармашыл тұлға болды. «Социалистік ауыл» газетінің жауапты хатшы, редакторы болып еңбек етті. СССР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ауданының қоғамдық өмірінен қол үзбеді. Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.  Аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты  болып бірнеше рет сайланады.

Атам ақкөңіл жан болды. Естеліктерін оқи отырып атамның қажырлы, қайсар, еңбекқор, адалдықты пір тұтқан жан екенін ұқтым. «Ер есімі — ел есінде» дегендей, Байғанин ауданы  атам Төлебаев Қалдыбайдың туғанына 100 жылдығын атап өткелі жатыр. Мұндай игілікті іс-шараны қолға алып жүзеге асырылуын атамның соғыстағы ерлік істерінің де, бейбітшілік жылдарындағы ерен еңбегінің  де бағаланғандығы деп білемін.

Жанаргүл ТӨЛЕБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы.

 

 

  • Өнеге

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ҒАЛИМА

Ол тау секілді, оны тірек етіп, қаншама жан арқа сүйеді, өмірін өнеге қылды. Ғұмырын ұстаздыққа арнаған ол дағдарыс жылдары күнкөріс қамы қиындап кеткен тұста кәсіпкерлікке, саудаға бет бұрды. Онысы және берекелі болды.

Кәсіпкерлік жолы үздіксіз ізденіс жолы, елді жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, мүмкіндігі жеткенше қайырымдылықпен айналысты. Балалар үйіне жиі барып, көзі мөлтілдеген балаларға үміт сыйлайтын. Ғалима өзіне арқа сүйеп, көмек сұрайтын жандардың қолын қайтарған емес. Қайырымдылығымен Ақтөбе облысының, Мұғалжар ауданының құрметті азаматы ретінде көзге түсіп, ел ішінде абыройы асты. Аппақ ажары, таудай болмысы оның ірілігін, жомарттығын, ашық-жарқындығын байқатып тұратын.

Ол 2005 жылы «Жыл адамы» атағымен марапатталып, «Үздік кәсіпкер» атанды. 2007 жылы Мұғалжар аудандық мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер ретінде түсіп, бағын да сынады. 2007 жылы «Ұлт даңқы» орденімен марапатталды. Мұндай мемлекеттік сыйлықтарға ұсыныламын деп ойламаған Ғалиманың қуанышы тасып, еңбегін елеген басшылыққа риза болды. Қоғамдағы түрлі қиындықтарға сынай қарап, сыр білдірмей жүруге намысы шыдамады. Намысшылдығымен елдің еңсесін көтеруге тырысты.

Ғалима Сұлтанқызын мұғалжарлық ел уытты да баталы сөздерімен, ірі мінезімен жақсы таниды. Демеушілігімен, көңілдерге медеу беруімен, көпке болсын дейтін тілеулестігі мен жанашырлығын бір айтса, халық айтар. Ел болып еңсе тіктеу жолында жаны нәзік әйел болса да, үлкен жауапкершілік пен тәуекелге бас ұрған Ғалиманың ғұмыры да қызыққа толы бір кітапқа жүк боларлық…

Ұстаздығын әсте ұмытпаған ол мектептерге барып, қолынан келгенше көмегін аямайды. Қазір де жасы 75-ке келсе де, ел-жұрттың қамын ойлауын қояр емес, ел ішінің жоғын түгендеп, жомарт жүрегінің мейірін бәріне теңдей бөліп бергісі бар. Ұлдарын ұясына, қызын қиясына қондырған Ғалима Сұлтанқызы бақытты ана, қоғамда беделді әйел.

Сағадат ОРДАШЕВА,

Ақтөбе қаласы.

 

  • Кәсіп

МИЛАНАНЫҢ ТИЫН ЖИНАҒЫШТАРЫ

Қандыағаштық оқушы Милана Көлбай балаларға арнап гипстен тиын салатын ойыншықтар дайындайды.

— Алдымен форманы құрастырып, гипсті дайындап аламын. Ол үшін гипске су араластырып, сұйық қылып, формаға құямын. Солай 2-3 рет гипс езіп алғаннан кейін формаға құйып, копилканың керек қалыңдығын шығарамын. Шамамен 20-30 минуттан кейін ол толық кебеді, сол кезде формадан аламын. Содан кейін тиын салатын жерін ең үлкен 200 теңгелікпен өлшеп, тесемін. Тиын жинайтын мүсіндер формадан шыққанда сұр түсті, дымқыл болады. Оны күнге не жылы жерге қойып, ағарғанша кептіремін. Әрі қарай тапсырысқа сай бояп, сыйлық пакетке орап, мекенжайға дейін жеткізіп беремін, — деп кішкентай қолөнерші жұмыс процесімен таныстырды.

№3 мектеп-гимназиясында 9-сыныпта оқитын Милана белсенді оқушылар қатарынан. Сондай-ақ мектеп атынан «Қоғамға қызмет» ұйымының мүшесі.

— Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма бір жылдай болып қалды. Адам өзіне ұнайтын нәрседен қаражат тапса, оның несі айып?! Бүгінде өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Қазір тойларға көптеп тапсырыс алып жатырмын. Бұл іспен айналысуға ата-анам да қолдау көрсетіп отыр. Болашақта үлкен кәсіп иесі болғым келеді, — дейді Милана.

Көпбалалы отбасындағы қолөнерші қыз үйдің үлкені, артынан ерген іні-сіңлілері де қолдан келгенше көмектеседі. Уақытын бос өткізуін қаламайтын 15 жастағы кәсіпкер отбасына демеу болып, өз қажеттіліктерімен қатар, артынан ерген бауырларына да қолғабыс болып отыр.

А.МАНАСБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button