Жаңалықтар

Ұлттық ойын — ұлт қазынасы

Мектеп

Осындай тақырыпта  №5 Хромтау гимназиясында шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бұл —  біртұтас тәрбие бағдарламасының «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы аясында аудан оқушылары арасында өткен шара.  

Оқушыларға асық ату ойынының ережелерін және ерекшеліктерін көрсеткен шеберлік сағатына аудандық білім бөлімінің әдіскері Бекет Саматұлы мен газетіміздің тілшісі Алмат Зейнолла қатысты.

— Ұлттық ойындарымыз — дәстүрмен жалғасқан құнды мұраларымыздың бірі. Бүгінде осы мұраларымызды сақтап қана қоймай, бұқаралық спорт түрлерінің қатарына қосу — қоғам міндеті. Биыл бесінші дүниежүзілік көшпелілер ойынының Астана қаласында жоспарлануы осы аталған мақсаттың межелі көрсеткіші деп білемін. Асық ату — қашанда ептілікті, мергендікті талап ететін ойын түрі. Сондықтан әр кез сақадай сай болып, асықтарыңыз алшысынан түссін, — деді Алмат Зейнолла.

Шеберлік сағатта асық ату ойынының бекітілген ережелерін түсіндірген бапкерлер оқушылардың алғырлығына таңғалды. Себебі қолдың ептілігін талап ететін ойында есепке де түгел болу керек. Әр асықтың қашықтығын көзбен өлшеп, әрі жылдам, әрі дәл ату оңай іс емес.

Шараның ең ерекше тұсы — шеберлік сағатына қыз балалар да қатысты. Іс-шара мақсаты әу бастан асық ер баланың ойыны болып қалыптасқан таптаурын түсінікті бұзу және делелдеу болды. Сол мақсатқа жете де білді. Жиналған оқушылар бар сынақтан сүрінбей өтуге әрі асық ату ойынының қыр-сырын меңгеруге тырысты.

Іс-шара соңында қатысушылар арнайы сертификатпен марапатталды.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button