Мәдениет

Қуыршақтар да қуанады

Көрме

Облыстық көркемсурет және сәндік қолданбалы өнер музейінде әуесқой қолөнер  шебері, Ақтөбе қаласының тұрғыны Клара Қадырберлиеваның «Қуыршақ әлемі» атты алғашқы дербес шығармашылық көрмесінің ашылуы өтті.

Көрмеге түрлі стильдегі киімдер кигізілген 70-ке жуық қуыршақ қойылған. Қолөнер шеберінің қолынан шыққан әрбір қуыршақтың өзіндік бейнесі бар.

Қуыршақтардың үстіндегі киімдердің бәрі тек ілмекпен тоқылған. Клара Құспанқызы қуыршаққа ілмекпен киім тоқуды 2003 жылы бастапты. Алғашқыда тоқыған киімдерін қуыршаққа кигізіп, онысын қонағына сыйлап жіберетін болған. — Бірде қызым: «Мама, киіндірген қуыршағыңды ешкімге беріп жібермеші, сенің еңбегің ғой, әрі әп-әдемі, одан да үйде жинайық», — деді, содан бері жинап келемін. Жинаған қуыршақтарымды есептесек, күні бүгінге дейін барлығы 200-ге жуық қуыршаққа киім тоқыппын, — дейді Клара Құспанқызы.

Көрмеге қойылған қуыршақтар үстіндегі киімдеріне қарай топталыпты: мұнда әр түрлі ұлттық киім үлгісіндегі, кешкі сән және спорт стилі киіміндегі қуыршақтар көздің жауын алады. «Қалыңдық» қуыршақтар да біршама, «жасанған» «Барби» қуыршақтары да көп.

— Бұрын қуыршақтар арзандау болатын, қазір баға әртүрлі: екі мың теңгеден жоғарылай береді. Зейнетақыма сатып аламын. Оған еш ренжімеймін. Өйткені, сатып алған қуыршақтарыма киім тіккен ерекше ұнайды. Соларды әдемі киіндіріп қойғаныма қуанамын. Киім тоқуға кіріскенде әр қуыршақтың ерекшелігіне мән беремін. Мысалы, шашының, көзінің түсіне, түр-келбетіне қараймын. Киімді тоқығанда да әр қуыршақтың осындай ерекшеліктерін ескере отырып, жіптің түсін таңдап, сосын барып тоқимын. Мен осы уақытқа дейін киімнің үлгілерін де еш жерден қарап көрмеппін. Қуыршақты қолыма ұстағаннан-ақ, қандай киім жарасатыны білініп тұратындай болады, қай жерін қалай жасаймын, бәрі ретімен ойыма келе береді,  — дейді әуесқой қолөнер шебері.

Клара Құспанқызы бұрын теміржол саласында бірге жұмыс жасаған құрбысы Мария Комнатнаяға рахмет айтады. Өйткені үнемі осы Мария «көрме ұйымдастырып, мына қуыршақтарды қояйық, жұрт көрсін» деп, ұсыныс жасап, соңынан қалмапты. Әрі-беріден соң «көрме ұйымдастырмасаң, достығымыз үзіледі» депті. Достыққа адал Клара Құспанқызы құрбысының сөзін жерге тастай алмай, көрме ұйымдастырғанын әңгімеледі.

Көрменің ашылу салтанатына №41 «Назерке» балабақшасының бүлдіршіндері тәрбиешілерімен бірге келіп қатысты. Қуыршақтарды тамашалаған олар Клара Құспанқызына құшақ-құшақ гүлдер сыйлады. Ал қолөнер шебері қаламыздың жас әншілері айтқан әндерге бүлдіршіндермен бірге би биледі.

Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button