Жаңалықтар

Әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелер

Дөңгелек үстел

Ақтөбенің мансап орталығында «Мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелер. Уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Үстел басынаоблыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Г.Сисенова, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Н.Валиулова, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы А.Жантикенов, Қазақ саңыраулар қоғамының төрайымы З.Телеушева, Қазақ соқырлар қоғамының төрайымы Г.Жалғасова, қоғам белсендісі М.Жұмашев және тағы да басқа басқармалардың өкілдері жиналды. Іс-шара тізгіні Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллинада болды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, облыста мүмкіндігі шектеулі 29 мыңнан астам адам бар. Оларға портал арқылы әлеуметтік қызметтің 55-і көрсетіледі.

— Мүгедектігі бар жандарға портал арқылы әлеуметтік қызметтің 55 түрі көрсетіледі. Әлеуметтік қызмет түрлеріне оңалтудың тифлотехникалық құралдарын, протездерді, балдақтарды, санаториялық-курорттық емдеуді және тағы басқасын таңдау жатады.

Бүгінгі таңда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, жастар кәсіпорындарда немесе ұйымдарда ақылы тәжірибеден өте алады, әлеуметтік жұмыс орындарына бос орындар бар. «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс ғасыр» жобалары бойынша жұмыспен қамту белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бизнес грантын алуға мүмкіндік бар. Былтыр жүзден астам адам мемлекеттік қолдаудың игілігін көрді, — дейді Гүлназ Сисенова.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина жабық мекемелердегі медициналық-әлеуметтік көмек көрсету және кейбір балалар ұйымдары қызметкерлерінің бақылаусыз қызметі мәселелерін көтерді. Ол жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатқан облыстық психоневрологиялық интернат үйінде стационарлық ем алуға кезек көбейіп бара жатқанын айтты. Гүлназ Сисенованың айтуынша, интернатта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, содан кейін науқастарды қабылдау дереу басталады. Сонымен қатар ол Есет батыртұрғын үй алабында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталса, аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашу жоспарланып отырғанын айтты.

— Мен омбудсменнің облыстағы өкілі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне мониторинг жүргіземін. Маған азаматтар бірнеше рет өтініш-шағымдарымен жүгінді, олардың барлығы заң аясында шешіліп жатыр, — деді Аққалқа Байдуллина.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер рөліндегі қызметін одан әрі жалғастыра бермек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Нонна Валиулова 2021 жылдан бастап тұлғаларды сырттай тексерудің проактивті форматы енгізілгенін айтты. 2023 жылы халықтың 33 пайызы бұл қызметті онлайн түрде пайдаланған. Бүгінгі таңда туберкулез, психиатриялық немесе онкологиялық аурулар, органдарды трансплантациялау, қант диабеті және басқа да бірқатар аурулар бойынша сырттай проактивті тексеру жүргізіледі. Бұл тізімді кеңейту жоспарланып отыр.

— Проактивті түрде сырттай куәландыруауруына байланысты өз бетімен жүріп-тұруы қиынға соғатындар мен облыс орталығынан шалғай тұратындар үшін қолайлы. Нәтижесі оң болса, мүгедектік расталса, жүгінген адамға бірден жәрдемақы беріледі, — деп түсіндірді Нонна Валиулова.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмаз Жантикеновтің айтуынша, бұл санаттағы адамдардың құқықтары барлық жерде тиісті деңгейде сақтала бермейді. Мәселен, пандустарды алайық: бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына біраз болды. Әлі күнге дейін көп мекеме мен ұйымда стандартқа сай пандустар жоқ.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жеке оңалту бағдарламасы, әрекетке қабілетсіз жандарға қорғаншылық, қамқоршылық белгілеу, осындай жандардың құқықтарын қорғау және басқа да мәселелерді талқылады.

Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина мен Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова бірлескен қабылдау өткізді. Қабылдауда ақтөбеліктер түрлі мәселелерімен жүгінді. Үштұрғынныңмәселесі сол жерде шешілді, тағы бірі әлеуметтік көмек алып, жұмыссыздар қатарына тіркелді және мүгедектік анықтауға байланысты мәселесі назарға алынды, төрт тұрғын құқықтық көмек алды. Өкілдің уәкілетті органдармен бірлескен азаматтарды қабылдауы бұдан әрі де жалғасын табатын болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button