Денсаулық

Ауырмаудың бір жолы — көп қозғалу

Қазір адамдардың дене қозғалысы едәуір азайған. Компьютер алдында қозғалыссыз жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері қатарына енді смартфонға сағаттап телміргендер қосылды. Көшеде де көлік саны артқан. Тіпті үйдегі күнделікті қолданылатын тұрмыстық жабдықтардың біразы автоматтандырылған. Мұның бәрі адамдардың енжарлығын арттырып, физикалық белсенділігін төмендетеді. Ал қозғалыстың азаюы салдарынан зардап шегушілер саны жылдан-жылға көбейіп барады. Аз қимылдау түрлі дертке шалдықтырады. Мамандаркүн сайын бір орында екі сағаттан артық отыратын адамды қозғалысы аз өмір салтын ұстанатындар қатарына жатқызады. Мұндай өмір салтын ұстану денсаулыққа қалай әсер етеді? Аз қимылдайтын адам өзіне қалай көмектескені жөн? Бұл туралы біз Ақтөбе қаласының тұрғыны, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, зейнеткер Мұхит Төребаевпен әңгімелестік.

Қаламыздағы саябақтар мен аулаларда әртүрлі жастағы адамдардың қолына екі таяқ ұстап, таза ауада серуендеп жүргенін жиі байқаймын. Кейбіреулер үшін бұл таңсық көрінгенімен, енді бірі қолына екі таяқ алып, жаяу жүргендерге қызығушылық танытып жатады.

Күн сайын ертемен тұрып, аулада скандинавиялық жүріспенсеруендеп, дене жаттығуларын жасауды дағдыға айналдырғандардың бірі Мұхит Төребаевтың жасы — 75-те. Ол зейнет демалысына шыққанға дейін терапевт дәрігер, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде көп жыл кафедра меңгерушісі болған. Денсаулық сақтау саласының ардагері зейнет демалысында болғанымен,айналасындағы адамдарға денсаулықты жас кезден күту керектігін айтып, салауатты өмір салтын насихаттап жүреді. Оның айтуынша, ауырмаудың бір жолы — көп қозғалу.

— Байқасаңыз, көп қимылдайтын, ширақ адамға ауру көп жолай қоймайды. Ал қозғалысы аз өмір салтын ұстанатындар аурушаң келеді. Бәрі де дене белсенділігіне байланысты. Мәселен, менің балалық шағым Темір қаласында өтті. Бала кезде асық та ойнадық, велосипед тептік, шаңғымен сырғанадық, өзен беті қатқанда коньки де тебетінбіз, тіпті топ болып хоккей де ойнадық. Сонда бір ауырғанымыз есімде жоқ. Жалпы денешынықтыруға бала кезден мән берген абзал. Мен қазір де үйде отырғым келмейді, далада, таза ауада серуендеп жүргенді жақсы көремін. Жас үлкейген сайын ауру-сырқау көбейеді, алайда ауырмаудың жолын іздеп, өзіме ыңғайлы скандинавиялық жүрісті таңдадым. Екі таяқты ұстағаныма 6-7 жылдай уақыт болды. Мұндай телескопиялық таяқпен таза ауада жүру дәстүрлі жүру мен жүгіруден гөрі тиімдірек. Әсіресе егде жастағы адамдардың бұлшық еттеріне оң әсер етіп, буындарын қатайтады, өкпе, жүрек жұмысын жақсартуға көмектеседі. Омыртқаға салмақ түсірмей, арқадағы кейбір бұлшық ет тобын қозғайды. Сондықтан мұндай жүріс әлемнің көптеген клиникаларында тірек-қимыл жүйесі зақымданған науқастарды оңалту шараларына енгізілген. Скандинавиялық жүріс техникасы — екі таяқтың көмегімен белгілі бір техникаға сүйеніп, аяқ-қолды ерсілі-қарсылы қозғап, аяңдау. Мұны кейде «солтүстік», «финдік» серуендеу деп те атайды, — дейді Мұхит Төребаев.

Ардагер дәрігердің айтуынша, күн сайын екі сағаттан артық бір орында отыратын адам қозғалысы аз өмір салтын ұстанатындар қатарына жатады. Ал ұзақ уақыт бойы әрекетсіз отырған адамның омыртқа жүйесіне зақым келіп, бұлшықеттер мен қан тамырлары қысылады екен. Басы ауырып, буындары сырқырайды. Тіпті кейбір адамдардың тыныс алуы да қиындайтын көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, күндізгі дене белсенділігін арттыру арқылы жылына 3 миллионнан астам өлімнің алдын алуға болады екен. Сондықтан соңғы жылдары дәрігерлер қан айналымы бұзылып, жүрек-қан тамырлары тартылып, жіңішкерген, қаны қоюланған науқастарға нақты ем шараларымен бірге, таза ауада көбірек скандинавиялық жүріспен жүруді ұсынады.

Біздің анықтама

Скандинавия жүрісіне арналған телескопиялық таяқшалардың нарықтағы бағасы 4 мың теңгеден басталады.

Дене белсенділігі маңызды, бірақ…

Мұхит Төребаев дене белсенділігін арттыру көп аурудың алдын алатынын айтады. Оның айтуынша, біздің денемізде 600-ге жуық әртүрлі бұлшықеттер бар, олардың негізгі құрамы — ақуыз.

— Бұлшықет пен ақуыз көлемі бұлшықеттердің тұрақты жиырылуы мен босаңсуы кезінде ғана сақталып, нығая түседі, тыныштықта олар солады. Адамдарға пайдалы жаттығулардың үш түрі бар: керіліп-созылу, аэробты белсенділік пен күш жаттығулары. Аэробты белсенділікке қарқынды жүру, жүгіру, жүзу, ескек есу, коньки, шаңғы тебу, билеу, теннис, баскетбол, волейбол ойнау, велосипед тебу секілді жаттығулар жатады. Аэробты жаттығулардың қай түрі де жүрек қызметін жақсартады. Аптасына үш ұзақ және күн сайын қысқа серуендеу дене салмағын қалыпқа келтіреді. Күніне қосымша бір шақырым жүрген адам 2 айда артық килограммнан құтылады. 15 минут жүгіргеннен гөрі 1 сағат жаяу жүрген пайдалырақ. Денешынықтыру кезінде серуендеу ұзақтығын 15 минуттан бастап, бірте-бірте ұзартып, 60 минутқа дейін арттыруға болады, — дейді Мұхит Төребаев. Оның айтуынша, денені күн сайын емес, күн ара шынықтырған денсаулыққа тиімді. Сонымен қатар ол жаттығуды енді бастаған адамдарға дене белсенділігі маңызды екенін, бірақ бірден әбден шаршағанша жаттығу жасамау керектігін ескертеді.

— Ең әуелі скандинавиялық жүріс немесе жүру болсын, жаттығу бағдарламасы өзіңізге ұнау керек. Таңғы астан соң 2 сағатнемесе түскі асты тойып ішіп алған соң 4 сағат өтпей жаттығу жасауға болмайды. Ұйықтар алдында да екі сағат бұрын жаттыққан жөн. Ал төсекке жатар алдында денешынықтырумен айналыспаған дұрыс. Күнделікті жаттығу қимылдарын бастамас бұрын ішектер мен қуықты босатып алған да абзал. Ашық ауада жаттығу жасаған пайдалы. Дене шынықтырып, жаттығуды аяқтаған соң міндетті түрде жуынып алған жақсы. Ал егер су ішкіңіз келсе, жаттығып болған соң 30-40 минуттан кейін ішкен жөн. Денешынықтыру дағдысын қалыптастырмай жатып, жарты жолдан тоқтатып, аяқ асты етпеңіз, — дейді денсаулық сақтау саласының ардагері.

Мұхит Төребаев скандинавиялық жүрісті күнделікті дағдыға айналдыруы үшін ең әуелі дәрігермен ақылдасуға кеңес береді. Себебі мұндай серуен жүрек жеткіліксіздігі бар, қан қысымы жоғары жандарға рұқсат етілмейді. Ал артық салмақпен, остеохондроз, сколиоз секілді аурулармен күресіп жүрген адамдарға скандинавиялық серуен оң әсер еткенімен, созылмалы аурулары, тірек-қимыл жүйесінің түрлі патологиясы бар, жалпақтабанды адамдар екі таяқты «серік» етуге асықпай, ақырындап келгені жөн.

Қозғалыстың пайдасын түсінгендер

Салауаттылықты насихаттап жүрген ардагер дәрігер Мұхит Төребаев күн сайын үйіне жақын маңдағы №4 қалалық емхананың артындағы алаңда серуендейді екен. Екі таяқты серік еткен кейіпкерімізді фотоға түсіруге барғанбыз.

Барсақ, бұл жерде Мұхит Наурызғалиұлының замандастары толып жүр: алдының жасы сексенге жақындаған, кейінгісі алпыстан асқан он бес шақты адамды көрдік. Бәрі де ширақ қимылдайды, сергек. Күннің салқындығына қарамастан, күн сайын таңғы сағат сегізде осы жерге жиналып, бір-бір жарым сағат скандинавиялық жүріспен серуендеп, екі таяқты қолданып, түрлі жаттығулар жасайды екен.

— Күн сайын осы жерде жиналамыз. Топ болып скандинавиялық жүріспен серуендейміз. 16 адамбыз. Бұрын Оспанов көшесіндегі белсенді өмір сүру орталығына баратын едік. Кейін орталықтар біртіндеп көбейіп, алтыға жетті. Бірақ саны бар да, сапасы жоқ. Бізге сапа керек, жыл бойы орталық жұмысы тоқтамағанын қалаймыз. Мысалы, менің жасым — 66-да. Тобымызда менен де үлкен әжелер мен аталар бар. Бәрі де шетінен белсенді. Қазір тендер болмағандықтан, орталық жұмысы басталмай тұр, әзірге біз осылай өзіміз жиналып, денешынықтырумен айналысып жүрміз. Ал орталықта психологиялық тренингтерге қатыстық, қолөнер, сурет салу, йога, ағылшын тілі үйірмелеріне барып жүрдік. Күнұзақ үйде төрт қабырғаға қарап отырғанша, өзіңді дамытып, замандастарыңмен шүйіркелескенге не жетсін?! — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Даража Сәрсенова.

Қозғалыстың соншалықты пайдалы екенін әбден түсінген жандар бір күн үйінде отырғысы келмейді. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, адам ғұмырының ұзақ болуына тұқымқуалаушылық, физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану сияқты көп фактор әсер етеді екен. Осыны түсінген егде жастағы адамдаржүйелі түрде жаттығуға және денсаулықты бақылауға қосымша ынталандыруды қажет етеді.

Бүгінгі таңда шетелде, атап айтқанда, Финляндия, Швеция, Швейцария, Германия, Италия, Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ-та, Ресейде және тіпті Жапонияда таяқпен жүрудің 20 миллионнан астам жанкүйері бар. Статистикаға сәйкес Еуропа елдерінде әрбір бесінші тұрғын таяқпен жүруді әдетке айналдырған.

Біздің елде де соңғы жылдары скандинавиялық жүрістің соңына түскендер қатары көбейіп, осы бағытта жарыстар мен фестивальдер ұйымдастырыла бастаған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button