Денсаулық

Туберкулезден сақтаныңыз!

Облыста туберкулез ауруының алдын алу мақсатында 24 ақпан-24 наурыз аралығында айлық өтіп жатыр. Бір ай бойы тұрғындар арасында аурудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Биыл да жылдағыдай облыс көлемінде туберкулездің алғашқы белгілері, індеттің алдын алу, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексеруден өту қажеттілігі туралы ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Айлық аясында өңірде тұрғындар көп жиналатын орындарда індеттің алдын алу және оны ерте сатыда анықтау мақсатында жылжымалы флюорографиялық тексеруден өту іс-шаралары ұйымдастырылады. Облыстың әр ауданында фтизиатрлар тұрғындарды қабылдап, кеңес береді. Сондай-ақ алғашқы медико-санитарлық көмек жүйесі медицина қызметкерлерімен бірігіп, тұрғындар арасында туберкулез ауруының алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Ұйымдасқан ұжымдарда (жалпы білім беру мектептерінде, мектепке дейінгі ұйымдарда, жоғары және орта оқу орындарында, т.б.), қоғамдық орындарда туберкулез ауруының профилактикасы туралы халықты ақпараттандыру мақсатында акциялар ұйымдастырылады.

Өткен жылы облыста туберкулез аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 37,3 пайыз болды. Бұлкөрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге төмен. Ал балалар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші — 100 мың тұрғынға шаққанда 10,2 пайыз. Өлім-жітім көрсеткіші — 100 мың тұрғынға шаққанда 0,9 пайыз.

Халық арасында туберкулез инфекциясының алдын алуға бағытталған іс-шаралар департамент тарапынан денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жүзеге асырылады. Жыл қорытындысы бойынша флюорографиялық тексеруге жататын 510141 тұрғынның 97,7 пайызы (498209), манту сынамасымен тексеруге жататын 90281 баланың 94,0 пайызы (84739) туберкулинодиагностикамен қамтылды. 19 600 жаңа туған нәрестенің 94,4 пайызы вакцинациялаудан өтті.

Айта кету керек, туберкулез —инфекциялық ауру. Инфекция көзі — науқас адам. Сондай-ақ туберкулез ауруына шалдыққан малға күтім көрсету кезінде де адамға жұғуы мүмкін.  Көбіне инфекция ауру адаммен жанасу болған кезде, атап айтсақ, сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінетін туберкулез бактерияларының ауа тамшылары арқылы сау адамға жұғу арқылы тарайды.

Туберкулез ауруы салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, жөтел, қан түкіру, жалпы әлсіздік, тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі сияқты белгілерден басталады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық 

бақылау департаменті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button