Жаңалықтар

Қоғам қауіпсіздігінің кепілі

Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні

Азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, төтенше жағдайлардың алдын алу және орын ала қалған жағдайда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін дағдылау мақсатында жыл сайын 1 наурызда дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аталып өтіледі. Атаулы күнге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясы өтті.

Бұл — халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымын құруға орайластырылған мерекелік күн.1972 жылы 1 наурызда бұл ұйым үкіметаралық мәртебеге ие болды, бірақ ол бұған дейін де болған.Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының штаб-пәтері Швейцарияның  Женева қаласында орналасқан.

Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы — Жарғымен белгіленген халықаралық деңгейде азаматтық қорғау мәселелері жүктелген жалғыз ұйым. Жарғыда азаматтық қорғанысты дамыту мен жетілдірудің халықаралық үйлестіруін күшейту, азаматтық қорғаныстың жалпыға бірдей танылған әмбебап тұжырымдамасын әзірлеу, табиғи және техногендік апаттардың салдарын болдырмау және азайту арқылы өз қызметіндегі алдын алу компонентін күшейтуге ұмтылу сияқты мақсаттар бар.Біздің еліміз 1996 жылдан бастап халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесі және оның қызметінің негізгі бағыттарын іске асыруға белсенді қатысады, — деді брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов.

1997 жылғы 31 қазанда «Қазақстанның халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Спикердің айтуынша, әрбір азамат өзі тұратын, жұмыс істейтін, оқитын аумақта қандай төтенше жағдайлар туындауы мүмкін екенін және мұндай жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін білуі керек.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың қаншалықты сәтті болатындығы халықтың дұрыс және шебер әрекеттеріне байланысты.

Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні жыл сайын белгілі бір ұранмен өтеді.Биылғы  ұран — «Азаматтық қорғаныс қызметіндегі инновациялық технологиялар». Бұл ұран кездейсоқ таңдалмады.Барлық саладағы сияқты Азаматтық қорғаныс бағытындада инновациялық технологиялар кеңінен қолданылуда. Жалпы айтқанда, технология бір орында тұрмайды.Мысалы, бұрындары механикалық құлақтандыру жүйесі қолданылатын. Тек сиренаның дыбысы берілетін. Тиісінше қазіргі уақытта автоматтандырылған құлақтандыру жүйесі қолданылады. Артықшылығы — төтенше жағдай кезінде автоматты түрде сирена және дыбыстық хабарлама таратуға мүмкіндік бар.Осы сияқты көптеген бағыттарда жаңа технологиялар енгізілуде, — деді И.Байтұрсынов.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары Азаматтық қорғаныс мәселелерін барынша кеңінен ашып, өңір тұрғындарының назарын әртүрлі қауіптерден қорғау тәсілдерін дайындаудың маңыздылығына аударуды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша аудандарда Ашық есік күндері, семинарлар, викториналар, конкурстар, халықтың әртүрлі санаттарымен, оның ішінде барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде үлгілік оқу-жаттығулар мен машықтанулар өткізілетін болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button