Жастар

Арманыңды жүзеге асыр!

Zhas project

25 наурыздан бастап өңірде «Zhas Project» жобасына өтініш қабылдау басталады. Биыл да жоба аясында NEET санатындағы 14 адамға 1 млн теңгеге дейін грант беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

«Zhas Project» жобасының мақсаты — NEET санатындағы жастарды жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту.

Ақтөбе облысы бойынша «Zhas Project» жобасының тәлімгері Сәкен Кубайдуллиннің айтуынша, байқауда осал топтағы және шалғайдағы ауыл жастарына ерекше басымдық беріледі.

— Жобаға өтініш қабылдау 25 наурызда басталып, 24 сәуірде аяқталады. Ал 25 сәуірден бастап 14 мамырға дейін конкурстық іріктеу өткізіледі. Байқау жеңімпаздары 15 мамырда анықталады, — деген Сәкен Кубайдуллин 19 ақпаннан бастап 24 наурызға дейін ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Жобаға Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматтары қатыса алады.

Жоба қатысушысы өтініш берген кезде облыста тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы, сондай-ақ уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы керек. Ондай санаттағы жастарға тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар, үй шаруасымен айналысатын немесе мүмкіндігі шектеулі, жұмыс істемейтін немесе күндізгі бөлімде оқымайтын 18-35 жас аралығындағы жастар жатады, — деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елеусіз Нұрғалиев.

Оның айтуынша, байқауға қатысу үшін өтініш беруші барлық қажетті сауалнама деректерін және жобалық өтініш нысанын толтыра отырып, сайтта тіркелуге тиіс.Техникалық іріктеуден өткен барлық өтініш комиссия мүшелерінің қарауына жіберіледі. Жоба туралы толық ақпаратты https://www.zhaspro.kz сайтынан білуге болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button