Басты жаңалықтар

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі

Елімізде 1 наурызда жаңа ипотекалық «Отау» бағдарламасы іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін «Отбасы банктің» салымшылары Баспана маркет порталы арқылы бағдарламаға қатысу туралы өтініштерін жолдай алады.

Аталған бағдарламаны қаржыландыруға «Отбасы банк» жыл сайын 150 млрд теңге бағыттайды. Бұл ақша банктің өз қаражаты есебінен бөлінеді, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отыр.

Көпшілік арасында «9-20-25» деген атаумен таралып кеткен жаңа бағдарлама туралы «Отбасыбанктің» Ақтөбе облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Сәкен Сүлейменовтен сұрап білген едік.

Сонымен…

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға 18 бен 63 жас аралығындағы «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар да қатыса алады. Дегенмен іріктеу кезеңінде 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдық беріледі. Бұған дейін басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың өзі де айтып өткендей, «Отау» бағдарламасы жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді, — деді Сәкен Сүлейменов.

«Отаудың» өзіндік талаптары бар. Мәселен, үміткердің жинақ шотының ашылғанына кемінде 18 ай болған болуы керек. Сондай-ақ өтініш беру кезінде депозиттегі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауға тиіс.

Қатысушыларды және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспанасы болған-болмағандығы да тексеріледі.

—«Отау» — жеті жылға жоспарланған бағдарлама. Сондықтан қазір «Отбасы банктен» депозит ашып, ақша салсаңыз, 18 айдан кейін бағдарламаға қатыса аласыз. Жоғарыда айтып өткендей, бастысы,соңғы 5 жылда атыңызда үй немесе жер тіркелмеген болуы керек, — деді ол.

Ұпайлар қалай есептеледі?

Өтініш қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін екі апта аралығында қатысушылардың ұпайлары есептеледі. Кейін тізім otbasybank.kz сайтында автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.

— Осы жерде «ұпайлар қалай есептеледі?» деген сұрақ болуы мүмкін. Сыйақы мөлшері, салым мерзімі үшін балл қойылады. Мәселен, салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1 000 теңгеге — 5, салымның әрбір жылына 5 балдан беріледі. Тіркелген неке үшін — 10, балаларына 50 балл қойылады. Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдықсалым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі, — деді Сәкен Сүлейменов.

Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере

алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, сатып алуы керек.

— «Отау» бағдарламасының қатысушылары тұрғын үйді белгіленген шектік сомадағы бағада сатып ала алады. Алматы мен Астана қаласының тұрғындары үшін заемнің ең жоғары сомасы — 30 миллион теңгеге дейін. Ал Ақтөбе облысы тұрғындарының құны 18 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндіктері бар. Тағы бір ескеретін жағдай — облыс орталығынан, яғни Ақтөбе қаласынан тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйдіБаспана маркет порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған. Ал аудандарда банк талабына сай келетін қайталама нарықтағы тұрғын үйлердісатып алуға болады,— деді ол.

«Отау» бағдарламасының қатысушысына несие — 9 пайызбен, 19 жылға дейін мерзімде беріледі. Шотыңызда үйдің алғашқы жарнасы, яғни 20 пайызына тең қаражат болуы керек.

Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталы арқылы таныса алады.

 Ақылыңа «AQYL» қос!

 Бесіктегі баладан, зейнет жасындағы қарияға дейін баспаналы болуға мүмкіндік беретін «Отбасы банкі»мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушысы атанды. Осының нәтижесінде 5 ақпаннан бастап банкте алғашқы «AQYL» білім беру жинақтау салымдары ашылды.Сұхбат барысында Сәкен Сүлейменов бір айға толмайтын уақыт аралағында 200-ден астам ақтөбелік балалары үшін депозит ашқанын айтты.

«AQYL» депозитінің мақсаты — білімге қаражат жинау. Азамат депозитті тек баласына ғана емес, өзі үшін де аша алады. Білім беру жинақтау салымын кемінде 3 немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық — 12 пайызға, егер 5 жыл мерзімге ашылса, онда 9,5 пайызға тең болады. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылып отырады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшаны «Ұлттық қордан» алған үлесі секілді білім алуына жұмсай алады. Егер грантқа түскен жағдайда депозитіндегі жинақтарды шешіп алып, оларды кез келген өзге мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсауына болады, — деді «Отбасы банктің» Ақтөбе облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Сәкен Сүлейменов.

Салымшылардың барлық санаттары үшін жыл сайынғы сыйлықақы — 5 пайыз. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7 пайыздық мөлшерінде есептеледі.

Депозит ашылған кезде міндетті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөлшері үш айлық есептік көрсеткішке немесе 11 076 теңгеге тең болуы керек.

Алдағы уақытта депозиттің ай сайынғы аударымдарын өз мүмкіндігіңізге қарай салып отырсаңыз болады.

 

«AQYL» депозитін банк ғимаратына келмей-ақ, «Отбасы банкінің» жаңа мобильді қосымшасы арқылы ашуға болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Сұраңыз, жауап береміз

«Отбасы банкінің» қызметкерімен сұхбат болатынын әлеуметтік желіде жариялап, оқырмандардан сауал жинаған едік. Сұрақтардың дені «Отау» бағдарламасына қатысты екен. Дегенмен іріктеп, бірнешеуіне осы жерде жауап бергенді жөн санадық.

Барлық сұраққа «Отбасы банктің» Ақтөбе облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Сәкен Сүлейменовжауап берді.

 Асылым, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— «Отбасы банкінде» 2019 жылы депозит ашып, ай сайын ақша салып тұрдым. Соңғы бір жыл көлемінде ештеңе салмадым. Шоттағы қазіргі ақшаның мөлшері 1 миллион теңгеден сәл асады. Бірақ алғымыз келіп тұрған баспананың алғашқы жарнасына жетпейді. Сұрағым — мұндай жағдайда біз «Отау» бағдарламасына қатыса аламыз ба?

 Жауап:

— Сіздің «Отау» бағдарламасына қатысуға толық мүмкіндігіңіз бар. Бағдарламаға қатысу үшін шотыңызда кемі 1 миллион теңге болуы керек. Егер шоттағы ақшаңыз аталған сомаға жетпеген жағдайда, өтініш бермес бұрын қаражат көлемін 1 миллион теңгеге жеткізіп қойғаныңыз жөн. Қалған ақшаны іріктеуден өткеннен кейін, несие рәсімдеу кезінде салсаңыз болады.

Дәурен, қала тұрғыны:

— Өткен жылы зейнетақы жинағындағы ақшам жеткілікті шегінен асып кеткен соң, «Отбасы банкінен» шот ашып, қаражатты сонда аударғанмын.Қалада үйім болғандықтан, әзірге басқа үй алу жоспарымда жоқ. Сол шотты сатуға мүмкіндік бар ма немесе басқа мақсатта жұмсау үшін шешіп алуыма бола ма?

 Жауап:

— Бүгінгі таңда азаматтардың «Отбасы банкіндегі» шоттарын сату мүмкіндігі тоқтатылды. Зейнетақы қорынан шотыңызға түскен қаражатты 3 жылдың ішінде тек тұрғын үй жағдайыңызды жақсарту мақсатында ғана пайдалана аласыз. Егер осы уақыт аралығында ешқандай мақсатта қолданбасаңыз, 3 жылдан кейін ол қаражат зейнетақы қорына, яғни  кейін қарай аударылады. 

Арман, Ойыл ауданының тұрғыны:

— «Отау» бағдарламасы арқылы үйді тек Ақтөбе қаласынан ғана ала аламыз ба, әлде ауданнан да сатып алу мүмкіндігі бар ма?

 Жауап:

— Бағдарлама арқылы баспананы облыс орталығымен қатар, аудандардан да сатып алуға болады. Ақтөбе қаласынан тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйді, яғни құрылысы енді аяқталған жаңа баспана, ал аудандарда банк талабына сай келетін  қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алуға болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button