«Шашудың» Орынбордағы шашуы
Өнер
Ақтөбелік Жетесовтердің «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы ынтымақтастық негізінде Орынбор облысының Ақбұлақ ауданында концертін өткізді. Шығармашылық кеш ақысыз негізде ұйымдастырылды.
Өнер ұжымының қайырымдылық концертінің өтуіне халықаралық «Қазақ тілі» қоғамыОрынбордағы өкілдігінің төрағасы Сәуле Таикешева мұрындық болды.Кеш барысында «Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова сөз сөйлеп, жерлес өнерпаздарға қолдауын білдірді.
Ансамбль жетекшілері — жыршы Өмірхан Жетесов пен «Шапағат» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Аманүл Ешпанова өздерінің 3 баласынан бөлек, 26 ұл-қызды бауырына басып, тәрбиелеп отырғанын айта кету керек. Олар орынборлық тыңдарманына халық әндері, қазақ композиторларының туындыларын ұсынып, күйді де күмбірлетті. Орынборлық қазақтар концертті жылы қабылдап, соңында ризашылығын айтты.
— Ансамбльдің концерті барысында өнерпаздарға деген құрмет бір сәт те толастаған жоқ. Қошемет ерекше болды. Сондағы жұртшылық қазақ әндеріне сусап қалған екен.
Сондай-ақ «Шашу» ансамблінің мүшесі, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде оқитын Данияр Нұртазиннің алғашқы концерті де жұртшылық тарапынан жоғары бағаланғанын айтқым келеді. Өзі білім алатын колледждің мәжіліс залында өткен кеште жас талап бірнеше аспапта – домбыра, сыбызғы, дауылпазда түрлі шығармаларды ойнады.Бауырлары Даниярды қолдап келіп, отбасылық ансамбльмен де бірге өнер көрсетті, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.