Мәдениет

«Жасұлан» оркестрінің тартуы

Ақтөбе-155

Сазды мәдениет үйінде халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, үлгілі «Жасұлан» үрлемелі аспаптар оркестрінің  шығармашылық фестивалі өтті.

Ақтөбе қаласының 155 жылдығына және оркестрдің 7 жылдығына арналған фестивальдің мақсаты — жас ұрпақты отаншылдыққа, туған елді, туған жерді құрметтеуге насихаттау.

Сазды мәдениет үйінің және оқушыларды өнерге баулып жүрген ұлағатты ұстаз, Мәдениет саласының үздігі Абыл Смаиловтың ұйымдастыруымен өткен кешке ауыл тұрғындарынан бөлек сырттан келушілер де көп болды. Атап айтсақ,көркемдік жетекшісі Сәкен Еркеғұловтың бастауымен қалалық мәдениет үйінің эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі, дирижер майор Сергей Гафаровтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының №6655 әскери бөлімінің әскери оркестрі, дирижер Бектұрған Дүйсенбаевтың жетекшілігіменАхмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің үрлемелі және соқпалы аспаптар оркестрі келіп, 7 жылдық белесті артқа тастаған жасұландықтарды құттықтап, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар «Жасұлан» оқушыларына үлгі боп жүрген әскери дирижер, Ақтөбе музыкалық колледжінің түлегі Ақниет Абашов Орал қаласынан келіп, оркестрге дирижерлік етіп, жас өнерпаздармен бірге өнер көрсетті.

— «Жасұлан» оркестрін құрғанымызға биыл — 7 жыл. Былтыр «Жасұлан» Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «Үлгілі» атанды. Бүгінде оркестр құрамына 40 шақты оқушы мүше. Олардың дені Сазды орта мектебінде, кейбірі Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектепте, үлкендері Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде оқиды. Жыл сайын осылай есеп беру концертін өткізетінбіз. Биыл фестиваль ұйымдастырып, оны туған қаламыз Ақтөбенің 155 жылдығына орайластырып отырмыз. Балалардың дайындығы Сазды ауылындағы «Шаңырақ» аула клубында өтеді. Осы аула клубы арқылы қалалық білім бөлімінің қолдауымен флейта, барабан, саксофон, гитара секілді жаңа 20 аспапқа қол жеткіздік. Біздегі басты жаңалық — осы. Алдағы уақытта оқушылардың қалауымен оркестрге эстрада бағытын да қосқымыз келеді, — дейді үлгілі «Жасұлан» үрлемелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Абыл Смаилов.

Бұл күні Сазды мәдениет үйінің сахнасында көптеген әскери-патриоттық  әндер шырқалып, көрерменге отансүйгіштік рух сыйлады.

Іс-шара соңында даланың үнін үрлемелі аспаптарға қосқан өнерлі өрендерге Саздымәдениет үйінің директоры Жансәуле Кемерова алғысын білдірді.Фестивальға арнайы келіп, ортаны қыздырған кеш қонақтарына Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов Ақтөбе мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисекенованың Алғыс хаттарын табыстады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button