Тағзым

Ел үшін еңбек еткен тұлғаға құрмет

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бердібек Сапарбаев тұлғасы»  атауымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференция елге еңбегі сіңген, халыққа қызмет еткен мемлекетшіл тұлға, қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тұрғысындағы тағылымы мол шара ретінде көрініс тапты.

Бұл шараға Ақтөбеден облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева бастаған делегация арнайы барып қатысты. 

Ізгі тілектер, игі ниеттер

Бұл басқосу Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп, оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізіп отырды.

Ол Бердібек Сапарбаевтың мемлекеттік басқару ісіндегі іргелі бастамалары мен озық тәжірибелерін зерттеп, пайдалану ел игілігі үшін пайдалы тәжірибе болатындығына баса назар аударды. Оның экономика ғылымдарының докторы болғанын, теориялық білімін іс жүзінде пайдаланып, инвестиция тарту механизмдерін батыл жүзеге асырғанын айтты.

Жиынға қатысушылар алдында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысушыларға арналған лебізін оқып берді.

«Бердібек Машбекұлы — Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі және адал қызметі — жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», – делінген Президент хатында.

Мәжіліс төрағасы өз сөзінде «Туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп, тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену — екінің бірінің тағдыр-талайына бұйыра бермейтін бақыт. Ондай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында ұмытылмастай алтын әріптермен жазылып қалады. Ол еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік етті. Бердібек Машбекұлы мәселесі күйіп тұрған бес бірдей облысқа басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз», — деді.

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов мемлекет қайраткері Бердібек Машбекұлының тәуелсіз еліміздің іргетасын нығайтудағы ерен еңбегіне тоқталды: «Ол — нағыз лидер, ұлт пен тілдің жанашыры мен жұртқа жақын мемлекеттік қызметкер. Ендігі міндет – ағамыздың асыл мұрасын кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу», — деп тұжырым жасады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев: «Бердібек Машбекұлы — Қазақстан тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірегейі. Ол — тоқсаныншы жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалған азамат», — деді.

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова Бердібек Машбекұлының әлеуметтік саланың шынайы жанашыры болғанына тоқталды.

Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсынов мемлекетшіл тұлғаның руханият дүниесін өркендетуге жасаған қолдауын нақты мысалдармен келтірді. «Ол шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі болды» деп бағалады оның ерекше қасиетін.

Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу ЗакарьяБиологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының отандық вакцина шығаруына батыл қолдау жасаған Бердібек Сапарбаевтың жаңашылдығына ерекше тоқталды.

Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновация университетінің проректоры, профессор  Махметғали Сарыбеков әкім ретінде халыққа жақын болған басшы бейнесін әр қырынан мағыналы мысалдармен сипаттап берді.

Осындай жылы лебіздер, игі тілектер ас беру рәсімінде де жалғасты. Ақтөбелік делегация атынан сөз алған академик Алтай Тайжанов: «Бердібек Машбекұлы шын мәніндегі ұлтын сүйген азамат еді. Ол ұлттық дәстүрге, ұлттық салтқа, ұлттық тілімізге ерекше құрметпен қарады. Ол — көптің Бердібегі, елінің елеулі, халқының қалаулы азаматы еді», —  деп тебіреністі лебізін білдірді.

Жиын соңында Бердібек Машбекұлының інісі, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикамыздың барлық өңірінен келген делегация өкілдеріне жәнежанашыр қалың жұртшылыққа алғысын айтты.

Естеліктердің екі кітабы

Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері туралы қос кітаптың тұсауы кесілді, біртуар тұлғаның тағылымды өмір жолын бейнелейтін деректі фильм көрсетілді.

Жұртшылыққа«Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Бердібек Сапарбаев» және «Ерен де берен Бердібек» атты кітаптар таныстырылды. Бұл жинақтарда қайраткер жайында көптеген деректер, замандастарының, үлкенді-кішілі үзеңгілес әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Оқырман қауымға жол тартқан кітаптардың тұсауын авторлармен бірге Бердібек Машбекұлының зайыбы Қалдығайша Сапарбаева кесті.

«Бердібек Сапарбаев» деп аталатын кітаптың бастауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді.

Соңында өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» деген сөзі берілген.

Осы алғы сөзде берілген тұжырым жинақта айтылатын естеліктердің алтын арқауына айналған десек те болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, кітаптың бас редакторы Ғалымқайыр Мұтанов алғы сөзде: «Ол қай өңірде де, өмірдің қай саласында да экономикалық жоспарлауды сәтті жүргізді. Практикалық жұмысты теориямен ұштастырып, экономика саласы бойынша кандидаттық, докторлық диссертация қорғады» деп жазыпты.

Бұл кітапта профессор, публицист Құлбек Ергөбектің «Бердібек Сапарбаев» атты ғұмырнамалық очеркі, журналист Бақтияр Тайжанның «Кризис менеджер», бұрынырақта жазылған дүниелерден — жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың «Жүрек жылуы», ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Ел ықыласына бөленген Бердібек» эсселері, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Беделі биік қайраткер»,  Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың «Сапарбаев феномені»,  Премьер-Министрі болған Әлихан Смайыловтың «Алғысқа бөленген арда азамат» деп аталатын мақалалары мемлекеттік қайраткердің мемлекетшілдік, іскерлік, адамгершілік келбетін әр қырынан аша түседі.

Қазақтың көрнекті жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының кезінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Алғадай азамат» атты публицистикалық туындысы сұңғыла қаламгердің сәтті бейнелеулерімен көңіл жадыратады. Оқып көрелік. «Оңтүстікке барып қайтқан менен «Бердібек қалай екен?» деп сұрағандарға: «Белі буулы, жеңі сұғулы. Күні-түні жұмыста. Жұмыс істеп жүрген жігітке айтылатын сөз көп қой!» деп күлдім. Олар да күлді…».

Осы жинақта ақтөбелік журналист Аманқос Орынғалиұлының «Ақтөбені биіктеткен Бердібек», Ақтөбе облысының құрметті азаматы Келдібай Еспағамбетовтің «Ар арқалаған азамат» деген мақалалары жарық көрді. Бұл мақалаларда Бердібек Сапарбаев облысты басқарған үш жарым жыл ішіндегі атқарылған оңды істер, игілікті қадамдар жан-жақты баяндалады. Бүгінде «Жаңарған Ақтөбе» атауын жұртшылық Бердібек Сапарбаев есімімен байланыстырады.

Ал ғалым-қаламгер Құлбек Ергөбектің ұйымдастыруымен шыққан «Ерен де берен Бердібек» жинағы кітап аннотациясында жазылғандай, «Қазақ мемлекетінің тар жол, тайғақ кешулі, қалыптасу дәуірінде әкімдік институттың бір тегершігін қолына алып, халқына аянбай қызмет еткен ерен тұлға, ілкімді мемлекеттік қызметкер, іскер азамат — мемлекеттік қызметті, азаматтық күш-қуатты халқының тағдырына аямай жұмсаған, содан да қоғам және мемлекет қайраткері биігіне шындап көтерілген шынайы халықшыл қайраткері Бердібек Сапарбаевтың халықты күнесті кезеңге толайым табыспен қалай алып шыққаны жайында шыншыл әңгімеленеді».

Жинақта халықшыл басшының бейнесі өзі қызмет еткен бес өңірді қамтыған — «Бесарықтан басталған жол», «Түркістанды түлеткен», «Ұлы Абай елін ұлықтаған», «Ақтөбе биігінен», «Әулиеатаға келгенде» деген негізгі бес тарау арқылы көрініс табады.

Осында еңбек ардагері Кеңес Бірмановтың «Іскерлік кездесулер», Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС-ның директоры Аманқос Төлеуовтің «Дағдарыс кілті», Еңбек Ері Құралай Байменованың «Салтанатты ғимараттар ансамблі», академик Алтай Тайжановтың «Ел тірегі болған азамат», «Amanat» партиясы облыстық филиалының жауапты хатшысы Ербол Данағұловтың «Ерекше есім» атты естеліктері жинақталған.

…Осы жерде Бердібек Сапарбаевтың 2023 жылдың наурыз айында Ақтөбеге жұмыс бабымен келген сапарында сөйлеген сөзін келтіре кетудің артықтығы болмас.

Сонда ол былай деген болатын:

«Бүгін құтты мекен — Ақтөбеге жол түсіп, сіздермен жүздесу мүмкіндігі бұйырды.

Үш жарым жыл бойы басқарған Ақтөбе облысының халқына сіздермен бірге жасаған еңбегіме берген оң бағаларыңыз үшін алғыс айтамын!

Кезінде жергілікті кәсіпкер тұлғалардың, өңірдегі ірі шетелдік инвесторлардың  қолдауымен бой көтерген түрлі әлеуметтік нысандарға (Өнер орталығы, Шығармашылық академиясы, облыстық музей, Жекпе-жек сарайы, Мұз айдыны және т.б.) мыңдаған ақтөбелік күн сайын барып, оларды жан-жақты пайдаланып отырғандығы мені адам әрі басшы ретінде қуантады.

Құтты мекен Ақтөбенің абыройын асқақтатқан ортақ жұмыс пен одан туындаған ортақ абырой болашақ ұрпаққа біздің қалдырған мұрамыз деп білемін!».

Жиын түйіні

Мемлекеттік тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, елдің абзал азаматын еске алуға, оның өмірдегі атқарған жарқын істерін жария етуге арналған үлкен жиында Бердібек Сапарбаевтың атына көптеген жылы лебіздер айтылды, оның жарқын бейнесінің жұрт жадында ұзақ уақыт ұмытылмайтындығы алға тартылды. Сондай-ақ алдағы уақытта да осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырудың белгілі бір бағыттары белгіленді.

Бұл ретте Бердібек Машбекұлының еңбек жолын, тән саулығы мен жан саулығына қатысты бастамаларын қоғамда насихаттау жұмыстарын өрістету, мемлекеттік басқару жүйесіндегі мол тәжірибесін әкімдер институтын дамыту мақсатында пайдалану, ол басшылық жасаған бес облыста кезегімен «Сапарбаев оқуларын» өткізу, сондай-ақ сол өңірлерде «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясы бойынша атаулы сыйлық тағайындау, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясының тыңдаушыларына арналған «Әлеуметтік кодекс» бойынша профессор Бердібек Сапарбаев дәрістерін баспадан шығару көзделіп отыр.

…Бұл жиын, ақиқатын айтқанда, асылымызды ардақтаудың, жақсымызды көзден кетсе де, көңілден кетірмеудің, барымызды бағалай білудің үлгісіндейәсер қалдырды. Азаматтары бірін-бірі іздеген елдің мерейі үстем, абыройы асқақ тұрарын сездірген бас қосу болып өтті…

Раукен САҒЫЗБАЙҰЛЫ,

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button