Басты жаңалықтар

Мәселе көп, нәтиже қандай?

Өзекті

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру, көктемгі су тасқынының алдын алу және қаланың цифрлық трансформациясы, республикалық жолдарды ұялы байланыспен қамту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы байланыс компанияларының жұмысын сынға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиында алдымен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысын баяндады.

Оның айтуынша, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 90,8 млрдтеңге болатын 18 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 14-інің құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталуы керек. Жаңа оқу жылында 10 мектеп, жыл соңына дейін 4 мектеп пайдалануға берілуге тиіс. Қазіргі таңда бұл бағыттағыжұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қалған 4 жоба бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қолға алынуда. Аталған жобалардың ішінен биыл аяқталуы керек бір жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары әлі басталған жоқ, себебі жер учаскесін бөлуде мәселелер бар. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласы әкімдігі жер учаскесін сатып алуға бөлетін қаражатты наурыз айының кезекті қалалық бюджетін нақтылауы кезінде қарастыратын болады. Ал 2025 жылы аяқталуға тиіс қалған 4 жобаның ішінен 3 жоба бойынша жер теліміне байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді басқарма басшысы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, аталған жоба аясында облыста жаңа мектептер ашылса, қазіргі 15 840 балаға арналған орын тапшылығы жойылады. Оның ішінде 11 720 орын қалада болса, ауыл мектептеріндегі орын тапшылығының саны — 4120.

Бұдан кейін көктемгі су тасқынына дайындық шаралары туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов айтты.

— Облыс аумағында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан,  бірқатар ауданда еріген қар суының жолдарды шаюы, жол үстімен ағуы деректері тіркеліп отыр. Мәселен, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы, Қарауылкелді-Ебейті, Ойыл ауданындағы Амангелді-Көптоғай, Шалқар ауданындағы Шалқар-Шетырғыз автокөлік жолдарын еріген қар суы шайып кеткен. Бұл осы аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыс сапасының төмендігін көрсетеді. Себеп су өткізу құрылғылары бетондалмай орнатылады, соның салдарынан суға шайылып кетеді, — деді ол.

Облыста наурыз айында ауа температурасы 2оС-қа дейін көтеріліп, бірінші және екінші онкүндігінде жаңбыр жауады деген болжам бар. Айбат Жаңабергенов ауа райының болжамына байланысты жергілікті атқарушы органдар қазірден бастап қызу қарқында жұмыс жүргізуі керектігін жеткізді. Су тасқынының алдын алуда, ең алдымен, қала аумағында және аудандарда қар шығару жұмыстарын күшейту керек. Әйтпесе өткен жылғыдай бірқатар аудандар мен қаланың шеткі аумағы суға кетуі мүмкін.

— Өткен жолы сіздерге қала аумағын ақпан айының соңына дейін қардан тазарту керектігін ескерттім. Ал аудандарда арықтар мен арналарды тазартып, қар суының елді мекендерге жайылмауы үшін тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Уақытты текке жібермей, әкімдіктер төтенше жағдай департаменті мамандарымен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдаңыздар, — деген Асхат Шахаров қала әкімі Азамат Бекетке Құрмыш, Мәскеу, Сазды, Сүт зауыты, Тұрғындар қалашығы шағын аудандарындағықардан тазарту жұмыстарын жеке бақылауына алуды, сондай-ақ Байғанин, Ойыл, Қобда, Мұғалжар аудандарының әкімдеріне су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жиында  облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев қаланың цифрлық трансформациясы және республикалық жолдарды ұялы байланыспен қамту мәселелері жөнінде баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл облыста «Ақылды қала» жобасын одан әрі дамыту үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі және Aspiro консалтингтік тобы бірлесіп, «Қаланың цифрлық жетілуі» жобасын іске асырады. Осы орайда алдағы үш айда талдау жұмыстары жүргізіледі. Жоба сәтті жүзеге асырылса, қаладағы көптеген сала цифрландырылады.

Республикалық автомобиль жолдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, басқарма «Кселл»  операторымен бірлесіп, 16-19 қаңтар аралығында 9 аудандағы 17 пунктте іс-шара өткізді. Биыл бұл аудан аумағындағы жолдарды ұялы байланыспен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін бөліп, автоматтандырылған желілер салу керек. Сондай-ақ электр желілері мен талшықты-оптикалық желілер қосу қажет. Бұл жұмыстардың барлығы көп уақытты және қаржыны талап етеді. Қазір біз бұл жобалар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын аяқтайтын боламыз, — деді Ә.Отарбаев.

Облыс әкімі басқарма басшысына аталған жұмыстарды жеделдетуде байланыс компанияларымен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ жиынға қатысқан «Кселл»

компаниясыныңөкіліне 9 ауданда орнатылған пункттердің арақашықтығы өте алшақ және байланыс желісі қызметінің сапасы төмен екендігін, жолаушыларға әлі күнге дейін тиісті деңгейде жағдай жасалмай отырғанын айтып, оператордың жұмысын қатаң сынға алды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

Өткен аппараттық мәжілісте су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық, жылыту маусымы мен бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарды коммуналдық меншікке қабылдау жәнетағы басқа маңыздымәселелер қаралды. Осы мәселелерді қала және аудан әкімдеріне бақылауда ұстауды тапсырғанмын. Алайда аталған мәселелерді шешуде әлі нәтиже жоқ екенін көріп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта өзекті мәселелерді шеше алмаған, тиянақты жұмыс жасамаған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына шара қолданатын боламыз, — деді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button