Басты жаңалықтарСайлау

Аудан әкімдерінің алғашқы сайлауы

Өткен жексенбіде еліміз бойынша пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің облыс бойынша аудан әкімін сайлау Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында болды. Еліміз үшін, халқымыз үшін маңызды саяси науқанға біздің тілшілеріміз арнайы барды. Таңмен таласа үш ауданның сайлау учаскелерін аралаған тілшілеріміз күні бойы сайлаудың өту барысын «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің сайттары мен әлеуметтік желілеріне сол сәтінде жариялап отырды.

Қобда ауданы

Қобда ауданының әкімін сайлау науқанына тұрғындар белсенді қатысты.  Аудан бойынша барлығы 31 сайлау учаскесі қызмет етіп, саяси науқанды 83 байқаушы бақылады. Сайлаушылардың саны — 10 564.  Түске дейін олардың  40 пайызы өз таңдауын жасады.

Аудандағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразованың айтуынша, Бесқұдық, Ақырап, Бестау, Жарсай, Білтабанов ауылдарының халқы белсенділік танытқан.

Аудан орталығында  төрт сайлау учаскесі жұмыс істеді.  Қобыланды батыр атындағы орта мектепте орналасқан №414 сайлау учаскесінде түске дейінгі төрт сағаттың ішінде 371 адам дауыс берген. Жалпы учаскеде  966 сайлаушы тіркелген.

— Тұрғындардың белсенділігі өте жақсы. Зейнеткерлерден бастап жастарға дейін өз таңдауларын жасады. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 39 азаматтың 11-і учаскеге келіп дауыс берді. Алғашқы келгендерге сыйлықтар бердік. Үйден 11 адам дауыс берді, — деді сайлау учаскесінің төрағасы Разия Жолдыбаева.

Аудан тұрғыны Ақерке Амантайқызы да маңызды шарадан қалыс қалмауды жөн көріпті.

—Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып, халықтың саяси өмірге тікелей араласуына мүмкіндік жасалып жатыр. Бүгінгі аудан әкімдерін сайлау да осының көрінісі. Сондықтан елдің азаматы ретінде мен де өз таңдауымды жасадым. Қазір, шүкір, аудан орталығында барлығы бар. Халық бұрынғыдай нан-су үшін қалаға жүгірмейді. Бәрін орталықтан тиімді бағада алып отыр. Аудан үлкейін жатыр. Жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Ең бастысы, ауызбіршілік болса, барлығы ретімен жасалады деп сенемін, —деді Ақерке.

Учаскеге отбасымен келіп дауыс бергендер де көп болды. Солардың бірі — Сатиевтер отбасы. Жанболат екі баласы мен келіншегін ерітіп келіпті.  Өзі Қобдадағы балалар өнер мектебінде сабақ береді.

Халық сайлаған әкім халықтың шешілмеген түйінді мәселелерін шешу үшін жұмыс істейтін болады деп сенемін. Өзім өнер адамы болғаннан кейін әкім осы салаға көңіл бөлсе деп ойлаймын. Өнер мектебіне үлкен ғимарат керек. Себебі бір мекемеде үш орталық отыр. Бұл дарынды балаларға тарлық етеді. Үлкен сахна жоқ. Жалпы, жаңа әкімнен көп үміт күтеміз. Жастарға жаңадан жұмыс орындары ашылса, осы мақсатта жұмыстар жүргізілсе деген тілегіміз бар, — деді Жанболат Сатиев.

Қобда ауданы Әлия ауылындағы облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының ғимаратында орналасқан 420 сайлау учаскесінде дауыс беру  таңғы сағат 7.00-де  басталды. Дауыс беруге санаулы минуттар қалғанда сайлау комисиясы мен бақылаушылардың қатысуымен сайлау жәшіктері мөрленді.   Аталған учаскеде 624 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да дауыс  беруіне жағдай жасалған.

Учаскеге алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Қыдырбай Табанов өз таңдауын жасады.

Бүгін — ауданымызда ерекше күн. Алғаш рет аудан әкімін сайлап жатырмыз. Таңмен ерте   учаскеге келіп, өз таңдауымды жасадым. Әкімдер сайлауы —қоғамды өзгертудің бір көрінісі. Бұл сайлаудан күтеріміз көп.Ауданымыз өркендей берсін, — деді тұрғын.

Ал Гүлжамиға Төлегенова  қай уақытта да сайлаудан қалмайтынын айтты.

Еліміздің болашағы үшін, ауданымыз үшін бұл өте маңызды. Бүгін, міне, алғашқылардың бірі болып дауыс беруге келдім. Өз таңдауымды жасадым. Әкім халыққа жақын болуы керек. Ауданның басшылығына келген азамат өңірдің өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз, — деді  ол.

Учаскедегі дауыс берушілердің ең үлкені —  87 жастағы Сақыпжамал Мархабаева. Ал төрт ауыл тұрғыны бірінші рет дауыс берді.11 адам денсаулығына және жасына байланысты үйден дауыс берген.

Талдысай ауылындағы №421 сайлау учаскесінде  дауыс беру өз уақытында басталды. Аталған учаскеде 549 сайлаушы тіркелген.

Дауыс беру басталған бір сағаттың ішінде елуге жуық адам келді. Халықтың белсенділігі жоғары. Денсаулығына байланысты келе алмайтын үш адам үйден дауыс береді. Бес адам ең бірінші рет сайлауға қатысты, — деді сайлау учаскесінің төрағасы Жәдігер Досымов.

Ауыл ақсақалы Қазбек Кенжебаев өз таңдауын жасағанын айтып,жастарға сәттілік тіледі.

—Осы ауылда туып-өстім. Ұзақ жыл жүргізуші болдым. Бүгін ауданымыз үшін маңызды шарадан қалыс қалмай, таңертең ерте келіп таңдауымды жасадым. Жалпы ауылымызда барлық жағдай бар. Жол сайрап жатыр. Дегенмен қоғамдық тәртіпке баса назар аударылса деймін, — деді зейнеткер.

Ауыл тұрғыны Атлас Қартжанова да сайлаудан үлкен үміт күтетінін айтты.

—Аудан әкімдерін сайлау — тәуелсіздік тарихындағы маңызды істердің бірі. Бұны демократиялық қоғам құруға жасалған маңызды қадам деуге болады. Сондықтан сайлаудан қалмай ерте келіп, өз таңдауымды жасадым, — деді ол.

Дауыс беруге келгендердің ішінде жастардың да қатары көп болды. Солардың бірі — Аболат Баянасов.

—Ауданымыз, еліміз үшін маңызды саяси науқанда өзімнің таңдауымды жасадым. Бұл басқа сайлауларға қарағанда өзгеше.  Алғаш рет аудан әкімдерін өзіміз сайлап жатырмыз. Халық сайлаған әкім халықтың мүддесі үшін қызмет етеді деп сенемін. Сондықтан өзім қатарлы жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын, — деді ол.

Талдысай— облыс орталығына жақын ауылдың бірі. Ауыл халқы қалаға еш қиындықсыз жетеді. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға тіпті қолайлы. Дегенмен талдысайлықтар  жаңадан сайлайтын әкім ауылды одан әрі көркейтсе деген тілектерін жеткізді.

Ауылда бәрі бар. Жол жақсы. Дегенмен жастар үшін демалыс орталықтары салынса деген тілегім бар. Кешкі уақытта жастар баратын саябақтар болса тіпті жақсы болар еді. Қазір бұрынғыдай емес, ауылда бала саны көбейіп жатыр. Заманауи балабақша ашылса, артық етпейді, — деді Айнагүл Аманшиева.

Аталған учаскеге жақын маңдағы қыстақтардан да келіп дауыс берді.

Ойыл ауданы

Ойыл ауданындағы 26 сайлау учаскесінде 9470 сайлаушы тіркелген. Сайлауға ойылдықтар белсенді қатысты.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекеновтің айтуынша, кешкі сағат беске дейін 68 пайыз адам дауыс берген.

Тұрғындардың белсенділігі жоғары. 30 адам үйден дауыс берді. Учаскелердің барлығы жарақталған. Байқаушылар да өз жұмыстарын заң аясында атқарды. Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ,— деді комиссия төрағасы.

Ал орталықтағы №389 сайлау учаскесіне 617 тұрғын тіркелген. Оның 345-і кешкі 17.00-ге дейін өз таңдауын жасады.

Аталған учаскеге дауыс беруге келгендердің қатары көп болды. Солардың бірі- Айгерім Елманова.

—Бұл сайлаудың біздің өңір үшін маңызы зор. Сондықтан арнайы уақыт бөліп, дауыс беруге келдім. Ауданымыздың болашағын айқындайтын саяси науқаннан  қалмауға тырыстым. Жалпы, әкімдер сайлауы арқылы халық пен билік арасындағы байланыс нығая түседі деген ойдамын, — деді ауыл тұрғыны.

Ал кәсіпкер Рада Раушанова бұл сайлау демократиялық қоғам құруға жасалған тағы бір қадам екенін айтты.

— Қай уақытта да ауданда болып жатқан маңызды іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Оның ішінде бүгінгі сайлауға отбасымызбен келіп, дауыс бердік. Себебі саяси науқанның аудан халқы үшін маңызы зор. Жалпы, өңірімізде жылдан-жылға әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Халық сайлаған әкім халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, елмен бірге болады деген сенімдемін, — деді ол.

Зейнеткер Ербол Оқапов та  өз таңдауын жасады.

—Қай кезде де сайлаудан қалған емеспін. Себебі бұл еліміз үшін өте маңызды оқиға. Ал аудан әкімдерінің сайлауы — Әділетті Қазақстан құруға жасалған тағы бір маңызды қадам. Дауыс берушілердің қатары көп. Бұл өте қуантарлық жағдай, — деді ақсақал. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімдерін тікелей сайлау халық пен билік арасындағы байланысты нығайтады.

№390 сайлау учаскесіне келушілердің де қатары көп болды. Өз таңдауын жасаған ауыл тұрғынының бірі Ханзада Қожекенова сайлаудан қалмайтынын айтты.

Бүгін маңызды шара болғандықтан үйдегі кішкентай балаларымды тастап, дауыс беруге арнайы келдім. Бүгінгі сайлауда халық таңдаған әкім елдің үмітін ақтайды деп сенемін. Артар үмітіміз көп. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдарын салса деген тілегіміз бар, — деді Ханзада.

Аталған сайлау учаскесінде кешкі 17.00-ге дейін 328 адам дауыс берді.

Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ  пен Кемер ауылдарының халқы да белсенді болды. Түске дейін екі ауыл халқының 70 пайызы өз таңдауын жасады.

Бестамақ ауылындағы №410 сайлау учаскесіне  115 адам тіркелген. Оның 73-і түске дейін өз таңдауын жасапты.

— Тұрғындар сайлауға белсенді қатысты, үйден үш адам  дауыс берді, — деді  сайлау учаскесінің төрағасы Балтабай Бисенов.

Ал Кемер ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан №408 сайлау учаскесіне 521 адам тіркелген. Сайлау учаскесінің төрағасы Уәлихан Төлеуғалиевтің айтуынша, түске дейін 350 адам келген.

Дауыс беруге келген ауыл ақсақалы Өтесін Қошқаров  пікірін білдірді.

Бұрынғыдай әкімді тағайындау емес, халықтың таңдауымен сайланып жатыр. Бұл —ауданымыздың дамуына әсер етеді деп сенеміз. Ауыл халқы таңғы сағат 7-ден бастап учаскеге ағылды. Халық сайлаған әкім халықпен бірге болып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмыс жасауы тиіс, — деді ақсақал.

Ырғыз ауданы

Ырғыз халқы ауданы әкімі сайлауына ертерек қамданды. Үлкендер жағы таңмен таласа сайлау учаскесіне қарай аяңдады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Мырзабекұлының айтуынша, ауданда 22 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылар тізіміне 8323 адам енгізілген.

Ырғыз ауданы әкімі сайлауы таңғы сағат 7.00-де мемлекеттік Гимнмен басталды. N218 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Саудабаевтың айтуынша, аталған учаскеде 896 адам тіркелген.
Сайлау елімізге, біздің қоғамға жаңа серпіліс береді деп санаймын. Сайлау өткен сайын жаңа идеялар жүзеге асырылып, ел экономикасын жақсартуға бағытталған межелі істер орындалады деп сенеміз, – дейді комиссия төрағасы.

Аудандық аурухана қызметкері Ақтолқын Есқарина алғашқылардың бірі болып таңдауын жасады.
Ел болашағы үшін маңызды саяси науқанда өз таңдауымды жасау — азаматтық парызым. Аудан әкімін өзіміз таңдадық. Бұл қоғам жаңаруының, нағыз демократияның көрінісі. Осы жолы сайлау учаскесіне ерте келіп, бірінші рет дауыс бердім,— дейді ол.

N217 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Самұрат Сәбитұлының айтуынша, мұнда 790 сайлаушы тіркелген.
Ырғыздықтар сайлауға белсенді қатысты. Ауылда 4 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдірді. 86 жастағы ауыл тұрғыны Алуа Бекешова алғашқылардың бірі болып дауыс берді, — дейді комиссия төрағасы.

Сайлау науқанына ауыл тұрғыны Жолдыбай Әуесов дауыс беруге отбасымен келген.
Отбасымызбен бірге сайлауға қатысып, өзіміз таңдаған үміткерге дауыс бердік. Сайланатын әкім ауданымыздың келешегі үшін бар күш-жігерін аямай еңбек етеді деп сенеміз,—дейді ол.

N219 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Айтқұловтың айтуынша, мұнда 941 сайлаушы тіркелген.

Ауыл тұрғындары таңнан бері сайлауға белсенді қатысты. 4 сайлаушы денсаулығына байланысты үйден дауыс берді. Оның ішінде алғаш дауыс берушілердің саны — 35 адам. Сайлау елімізге, біздің қоғамға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Сайлау өткен сайын жаңа идеялар жүзеге асырылып, ел экономикасын жақсартуға бағытталған межелі істер орындалады, – дейді комиссия төрағасы.
Ауыл ақсақалы Абат Ақшабаев алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Еліміздің береке-бірлігін сақтап, ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілген сайлаудың халқымыз үшін маңызы зор. Саяси науқаннан тысқары қалмай, лайықты деп санаған үміткерге дауысымды бердім,— дейді ол.

Қалыбай ауылындағы №223 сайлау учаскесіндегі сайлау науқанын 5 байқаушы бақылады. Сайлау учаскесінің төрағасы Амангүл Орынбасарованың айтуынша, бұл аймақта 6 жас сайлаушы алғаш рет таңдауын жасады. Аймақта 3 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш берген. Қалыбай ауылында 162 сайлаушы тіркелген.
Халық сайлаған әкім — халықтың мүддесі үшін, шешілмеген түйінді мәселелерді шешу үшін жұмыс істейді деген сенімдемін. Сайлаудан соң елдің дамуы жолында оңтайлы қадамдар жасалып, азаматтардың мемлекетті басқару ісінде белсенділігі мен рөлі арта түспек, — дейді комиссия төрағасы Амангүл Қуанышбайқызы.
Дауыс берушілердің арасында Дина Мимықова, Сәуле Баудиярова, Күлән Әбділдина сынды көпбалалы аналар да бар. Солардың бірі — 74 жастағы ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Күлән Әбділдина.

1971 жылдан бері Қалыбай ауылында тұрамын. 8 баланың анасымын. Ешбір сайлаудан қалып көрген емеспін. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлер халықтың мүддесін ойласа екен деген тілегіміз бар, – дейді Күлән Әбділдина.

Қарақұдық ауылының тұрғындары №229 сайлау учаскесіне келіп таңдауын жасады. Олардың арасында Жұлдызай Көптілеуова, Бақытгүл Өтеуова, Толқын Әжіғалиева, Мөлдір Ілиясова сынды көпбалалы аналар да бар.
Сайлау учаскесінің төрағасы Болатбек Түгеловтің айтуынша, Қарақұдық ауылында 147 сайлаушы тіркелген. Сайлаудың өту барысын 3 байқаушы, 2 сенімді өкіл бақылады. Денсаулығына байланысты 5 адам үйден дауыс беруге өтінім білдірген.
Дауыс берушілердің арасында кәсіпкер Октябрь Нұрмағанбетов те бар. Ол ауылда асылтұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың жақсы өмір сүруі үшін өз таңдауымды жасадым. Елдің жағдайын жақсартамыз деп жүрген азаматтарымызға тілекшімін.Әділетті Қазақстанымыздың өркендеуіне әр азамат өз үлесін қосып, көкірегі ояу, көзі ашық жастарымыз көбейіп келеді, — дейді кәсіпкер.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button