«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

«Ақтөбенің» қолдауы мен қамқорлығын сезіндім»

Біздің кейіпкер

Облыстың бас басылымы бір ғасырдан бері өңір тұрғындарының тірлігі мен түрлі тағдыр иелерінің өмірі туралы жазып келе жатыр. Мерейтой қарсаңында «Ақтөбе» газетінің арқасында облысқа танылған кейіпкерлерімізді қайта іздеп, бұрынғы мақаланы жаңғыртып, қазіргі өмірінен сыр шертуді бастаған едік. Сондай көп кейіпкеріміздің бірі —

Ақтөбе қаласының тұрғыны, кәсіпкерГүлдана Мырзагерей. Ол бір жылдары мемлекеттік қызметтен қысқарып қалып, абдырап, кейін «Контакт» қоғамдық бірлестігін ашып, еңсесін тіктей бастаған кезде жылт еткен жетістігін жария еткен байырғы басылымның қолдауы мен қамқорлығын ұмытпайды.

Биыл 100 жылдығын тойлағалы отырған «Ақтөбе» газетінің жақсылығын көрген Гүлдана жақында редакция қонағы болды. Ғасыр жылнамасын жазып жатқан газеттің бір парағын кейіпкеріміздің өзгерген өміріне арнасақ… Әлқисса…

Хромтау ауданы Қопа ауылында туыпөскен Гүлдана Мырзагерей бала кезден зерек, есепке жүйрік болды. Мектеп қабырғасында жүргенде озат оқушылардың бірі атанып тіпті пәндік олимпиадаларда математикадан алдына жан салмады.

— Әкеме қатты еркелеп өстім. Анам шаруаға тастай, үй тірлігін шыр айналдырады. Бірақ маған осы пысықтығы жұқпапты. Әжемнің тәрбиесімен өстім. Құдай  ұзақ ғұмыр берсін! Жасы — 93-те. Тың. Сергек. Ширақ. Жылдам әрі мақалдап сөйлейтінімәжеме тартқан, — дейді Гүлдана Мырзагерей.

Бүгінде Гүлдананың есімі ақтөбеліктерге, әсіресе тендер саласында жүргендер арасында кеңінен танымал. Тіпті қызметіне жүгінгендероны «№1 тендерші» деп таниды. Алайда ол оқуға түсерде заңгер болғысы келіпті. Анасы «бір үйге бір заңгер жетеді» деп үлкен қызын заңгер оқуына түсіріп, есепке жүйрік Гүлдананы бухгалтерия саласында білім алуға жібереді.

Тық-тық еткізіп, счет-фактура шығарып отыратын кәдімгі бухгалтер болуға тиіс Гүлдана колледж бітіре сала әуелі аз уақыт контролер болып, кейін Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінде, сосын облыстық ішкі саясат басқармасында жұмыс істейді. Одан соң облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігі бойынша тәртіптік кеңес қызметкері, жергілікті билік өкілдерінің жұмысына тексеру жүргізетін ревизор, жастар саясаты, Антикор мекемелерінде де қызмет етіп, тәжірибе жинайды.Яғни18жасында әкімдік табалдырығын аттаған ол дағдарыс жағдайында шешім қабылдау, тәртіпке төселу, ерте ояну, алыс жол жүруге төзімді болуға үйреніп, коммуникациялық қабілеті мықты дамыған, тамыр-танысы көп маман боп ысылады.

— 2010 жылы басқармаға жаңа басшы командасымен келіп, қысқартуға ұшырадым. Көпке дейін өз-өзіме келе алмай, әкімдікті айналып қашып, ренжіп жүрдім. Сәл уақыт өткен соң «Контакт» деген қоғамдық бірлестік құрып, тендерге қатысуды бастап кеттім. Көпшілікпен жақсы тіл табысып, араласып, жаңа жобалар ұйымдастырып өткізетін қабілетімді дамыта түстім. Осы кезде мені облыстық «Ақтөбе» газеті қолдады. Қоғамға пайдасы тиер деп өткізген іс-шараларымды баспасөзде жариялап, менің өңірге танылуыма ықпал етті, — дейді Гүлдана Мырзагерей.

Он төрт жыл тендермен айналысқан пысық келіншек бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңныңәр әрпіне дейін жатқа біледі. 2018 жылдан бері ол замандастарына «Тендер» түсінігін кеңінен түсіндіріп, одан қалай табыс табуды үйретіп келеді.

«Тендерден теңге тап!»

Есеп-қисапты шемішкідей шағатын Гүлдана Мырзерейдің тендер төңірегінде жүргеніне де 13 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде ол тапсырыс беруші де, жеткізуші де, орындаушы да болыпты. Бүгінде кейіпкерім Батыс-2 шағын ауданында орналасқан «ProfExpert» тендерлік компаниясын басқарады.

— Мемлекеттік сатып алуға қатысы жоқ адамдар «тендерді өз адамдары ұтып алады» деген жаңсақ пікір айтады. Осы саланың қазанында қайнап жүргеннен кейін бұл ортада ашықтық бар деп айта аламын. Курс тыңдаушыларына да осыны үнемі қайталап айтамын. Мемлекеттік сатып алу саласында «бір көзден алу» әдісі бар. Бұрын осы әдіс арқылы өзінің таныс-тамырына, бауырына «бармақ басты, көз қыстымен»мемлекеттік сатып алу процедураларынжүргізе берген.Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қазір оның бәрі қысқарды. Бір көзден алу әдісі бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 39-бабымен реттелген. Онда да бір көзден сатып алудың өзінің ережесі бар және не үшін бір көзден сатып алатыныңды дәлелдеуің қажет. Ірі құрылыс-монтаждау жұмыстары бар ғой, сол бағыттағы мемлекеттік сатып алу қызметін ұсынатын порталдарда қазір автоматтандырылған рейтингті-балдық жүйе бар. Мәселен, кейде адамдар «мына тендерді көздеп едік, мен ол ауылдың әкімін танитын едім, сөйлессек қалай болады» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл жүйеде ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайды. Автоматтандырылған жүйе жеңімпазды рейтингі мен балына қарай өзі анықтайды. Яғни, кімнің тәжірибесі бар, көрсеткіші жоғары, қаржылық тұрақтылығы тәуір — соған қарайды және басқа да критерийлерге жауап бере алатынына байланысты бағаланады. Өкінішке қарай, халық арасында әлі де «Ол тендердің оқуын неге оқытып жатсыңдар, бәрібір өз адамдары алатын болса…» деген пікір бар. Бірақ қазір өз адамдарына тендер беретін мүмкіндік жоқ, — дейді тендер сарапшысыГүлдана Мырзагерей.Оның авторлық-практикалық курсы «Тендерден теңге тап!» деп аталады. Тендерлік бизнеске қызыққан, табыс табуға ниетті курс тыңдаушылары екі апта ішінде қаржылық сауатпен тендер туралы дәрістерден бөлек, Мемлекеттік сатып алу, Самұрық-Қазына, Омаркет порталына тіркеліп, бірден тендерге қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар курс тыңдаушыларына «Қытаймен бизнес» сабағы қосымша ұсынылады.

Мен қазір ай сайын курс өткіземін. Кейде курс тыңдаушыларының қаржылық сауатын арттыру мақсатында елімізге белгілі коуч-тренерлерді дәріс беруге шақырамын. Соңғы бес жылда курсыма 3 мыңнан астам қыз-жігіт қатысып, білімін жетілдіріпті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатқанын, бұл құжатты әлі де пысықтап, жетілдіру қажеттігін айтты. Біз де осы салаға қатысты барлық жаңалықтардан хабардар болып отырамыз, үнемі ізденістеміз, — дейді Гүлдана Мырзагерей.

Гүлдананың шәкірттері облыс, қала берді еліміз бойынша жетіп артылады. Ол оқытқан оқушылардың айлық тауар айналымының көлемі кемі 300 мың теңгеден басталады, ал ірі тендерлерге қатысатын белсенділерінің айлық айналымы 200 миллион теңгеден аса бастады.

Әлеуметтік желідегі парақшасында Гүлдананың оқушыларының бәрі де тендер курсын оқығаннан кейін табыстары көбейіп, мақсаттары орындала бастағанын айтыпты. Олардың  бірі тұрмысы түзелгенін, тағы бірі үйлі болғанын, енді бірі кәсіп ашқанын, төртіншісі Қытайға қатынап жүргенін, бесіншісі көлік алғанын айтып, алғыстарын жаудырыпты.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Гүлдана Мырзагерей

Тұрмыста, екі баланың анасы.

«Контакт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

«ProfExpert» компаниясының директоры.

Хромтау мен Қандыағаштағы «Асыл үміт» оңалту орталықтарының

негізін қалаушы.

«Кейде өзімді меценат сезінемін»

Мемлекеттік сатып алу саласын бес саусағындай білетін Гүлдана өткен жылы Хромтау мен Қандыағаш қалаларында жарияланған тендерлерге қатысып, екі аудан орталығынан да балаларға арналған оңалту орталығын ашты.

Ерекше баласы бар ананың жалғыз асыл арманы —  қайткенде баласын адам қылу, аяққа тұрғызу.Ертерек ем бастаған жағдайда ғана бала оңалады. Мұны жақсы білетін аналар күні-түні жатпай ел кезіп, ем іздейді. Хромтаудан әлеуметтік тапсырыс ретінде оңалту орталығын ашу мүмкіндігі туғанда көп ойланбадым. Бұл жоба бұған дейін ем алу үшін Ақтөбеге қатынайтын хромтаулық балаларға тиімді болды. Осылайша «Асыл үміт» оңалту орталығының негізі қаланды. Компаниядан артылған қаражат есебіненоңалту орталығына керек-жарағын алып бердім, үш маманды оқытып алдым. Мен де анамын. Ананы ана түсінеді. Хромтаудағы оңалту орталығының ғимаратын жалға алып отырмын. Ол жерде 6 адам жұмыс істейді. Ал Қандыағаштағы оңалту орталығы облыстық білім басқармасының қолдауымен облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес ғимаратының екі бөлмесінде тегін орналасып отыр. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана, дегенмен қарап отырмауымыз керек, — дейді«ProfExpert» компаниясының директоры Гүлдана Мырзагерей. Осындай игілікті істер атқарып жүрген ол әңгіме арасында кейде өзін тендерші емес, меценат сезінетінін де айтты. Айтса айтқандай, өткен жылды қорытындылап, жаңа жылды қарсы алар тұста кейіпкерім Хромтау мен Қандыағаштағыоңалту орталығына келіп жүрген 33 балаға Аяз ата болып, сыйлық сатып алыпүлестірген.

— «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» дейді ғой. Көп жыл командам болса деп армандадым. Былтыр сол командамды құрдым. Қыз-жігіттер шетінен ақылды, әдемі, позитив, креативті, — дейді кәсіпкер Гүлдана.

Командасында барлығы 22 адам бар: оның ішінде 10 қызметкер Ақтөбедегі компанияда, ал алтауы — Хромтаудағы, тағы алтауы Қандыағаштағы оңалту орталығында қызмет көрсетіп жүр. Кәсіпкер Хромтау қаласындағы орталыққа әлеуметтік қызметкер іздеп жатқанын айтты.

Еңбекқор, табанды кәсіпкердің ендігі арманы —барлық ауданда оңалту орталығын ашу. Кейіпкеріміздің ойға алған алдағы істеріне сәттілік тілейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button