Басты жаңалықтар

Қанағаттың алғашқы қадамы

Аграрлық несие корпорациясы — еліміздегі ауыл шаруашылығы секторын қолдау бойынша үкіметтік бағдарламаны жүзеге асыратын негізгі оператор, аграрлық кәсіпорындарға несие беру қызметтерін ұсынатын мемлекеттік компания. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіп бастаушылар, болмаса бизнесін кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат еткендер корпорация мамандарының қызметіне жүгініп, мемлекеттің шарапатын сезінуде. Ойылдық азамат Қанағат Әбілқайыров асылтұқымды мал өсіріп, ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастауды ойластырғанда ең әуелі осы корпорацияға бас сұққан.

Нөлден басталған бизнес

Қанағаттың кәсіп бастағанына көп болған жоқ. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысу оның көптен бері алға қойған мақсаты еді. Етті бағыттағы асылтұқымды мал өсіруді жоспарлаған. Қанағат 2022 жылы «Айсұлтан» шаруа қожалығын құрған. Бастапқыда қолдағы жиырма шақты ірі қара ғана жайылымда жүрсе, қазіршаруашылық иелігінде жүзге жақын асылтұқымды қазақтың ақбас қашары бар.

Шаруашылықты нөлден бастадым. Бүгінде базаБестамақ ауылының шетінде орналасқан.  Бұл — Ойылдың Саралжын ауылдық округіне қарасты 30-40 үйі, негізгі мектебі бар, тасжолға жақынауыл. Мал ұстауға қолайлы жер. Ауылдықтардың өмір сүруі үшін де барлық жағдай жасалған. Ең бастысы,  ауылымызда орталықтандырылған су, газ бар. Халықтың тұрмыс сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Төрт түліктің өнімін өткізіп, күнделікті сұранысты қанағаттандырып отыр, — деді Қанағат.

Қанағат шаруа қожалығын ашқанда, оның иелігінде бірде-бір асылтұқымды мал болған жоқ. Ең әуелі ол шаруашылық базасын жасақтаған.

Асылтұқымды мал өсіру туралы жоспарымды іске асырарда әуелі шаруашылық базасын құру керек болды. Сөйтіп, малшыүйін, мал қора салып, инфрақұрылым тартуды ойластырдық. Техникаларымды сайлап, қажетінше жемшөп те жиыстырып қойдым. Осындай істер сәтті жүзеге асырылғаннан кейін ғана «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының қызметіне жүгіндім, — дейді кәсіпкер жігіт.

Мал төлдеп жатыр…

Өткен жылы жазда ол корпорация арқылы 40 500 000 теңге несие қаражатына қол жеткізіпті.

Қазір елімізде кәсіптің қай түрін бастасаң да ерекше қолдау бар. Мақсатым — ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосу. Осы орайда «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жылдық үстемеақысы 22 пайызбен 40 миллион 500 мың теңге көлемінде несие алдым. Оның 16 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Несие қайтарымы да кәсіпкердің ыңғайына қарай көзделген. Бұл — мен сияқты бизнес бастаушылар үшін өте тиімді шара. Қарыз жылына бір рет өтеледі, — деді Қанағат.

Бұл қаражатқа Қанағат Әйтеке би ауданынан 90 асылтұқымды қазақтың ақбас қашарын сатып алған.

Бүгінде мал төлдеп жатыр. Мен де көп шаруалардай малым шығынсыз төлдеп, өлім-жітім болмаса екен деп тілеймін. Қыстан қысылмай шығатындай көлемде жемшөп дайындап алғанмын. Әзірге мал азығынан ешқандай мәселе жоқ. Шаруашылық басында көбіне әкем болады, жұмыстың бәрін сол кісі қадағалайды, — деді жас кәсіпкер.

Оператор және 4 бағдарлама

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы бүгінде қаржылық қызметтерімен облыстың ауыл шаруашылығы субъектілерін қамту үлесін арттыруда. Сондай-ақ корпорация мамандары қаржыландыру өтінімдерінің уақтылы және сапалы қаралуын қадағалайды.

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағыттар, оның ішінде 4 несие беру бағдарламасы қарастырылған. Соның бірі — егін шаруашылығымен айналысушыларға арналған «Кең дала» бағдарламасы. Бұл — кәсіпкерлер үшін тиімді бағдарламалардың бірі. Осы бағдарламаға қатысушы кәсіпкердіңнесиелік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдары арқылы жылдық үстемеақысы 5 пайыз мөлшерлемесінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қаржы алуына мүмкіндігі бар. Аграрлық несие корпорациясы — осы бағдарламаның негізгі операторы, — деді аталған корпорацияның облыстық филиалының несие беру ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Айнұр Медетова.

Корпорация арқылы бұдан өзге «Агробизнес», «Іскер» және «Жастарға микрокредит беру» сияқты бағдарламаларға да қатысуға мүмкіндік бар.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған әмбебап бағдарламаның бірі — «Агробизнес». Бұл бағдарлама мал, өсімдік, балық шаруашылықтарын  дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Несие қаражатының сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау мүмкіндігімен беріледі. Яғни субсидиялау нәтижесінде сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендейді, — деді корпорация өкілі.

Операторы «Аграрлық несие корпорациясы» саналатын «Іскер» бағдарламасы стартап-жобаларды және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Аталған бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі —  6 пайыз. Бұл ретте қарыз 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа бағдарламаның бірі — «Жастарға микрокредит беру» бағдарламасы. Аталған бағдарлама бойынша несие5 миллион теңгеге дейін беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі  —  2,5 пайыз. Корпорация аталған бағдарламаны іске асыру бойынша сенім білдірілген агент ретінде әрекет етеді.

Қаржыландырудың негізгі көлемі Әйтеке би ауданына — 25,1 пайыз, Хромтау ауданына — 18,4 пайыз, Мәртөк ауданына — 12,4 пайыз және Қарғалы ауданына 10,9 пайыз тиесілі. Кәсіпкерлерден түсетін өтінімдердің дені ірі қара сатып алуға қатысты. Сондай-ақ ақпан-сәуір айлары аралығында шаруа қожалықтары тарапынан өсімдік шаруашылығына, атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын орындау үшін қаржыландыруға өтінім жиірек түседі, — деді ол.

Жастарға берілетін несие көлемі ұлғайды

Айнұр Медетованың айтуынша, корпорация биыл да осы бағытта өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Әзірге аталған 4 бағдарлама шеңберінде жұмыс жасап жатырмыз. Айтарлықтай өзгеріс болмайды. Ең бастысы, өткен жылдың наурыз айында жүзеге асырыла бастаған «Жастарға микрокредит беру» бағдарламасы бойынша қарастырылған қаражат көлемі биыл аздап өсті. Былтыр облыста бұл бағдарламаны іске асыруға 935 миллион теңге қарастырылса, биыл 975 миллион теңге көзделді, — деді ол.

Оның айтуынша, осы жылы облыс кәсіпкерлері  үшін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 2 миллиард теңге, «Агробизнес» бағдарламасына 10 миллиард 750 миллион теңге бағытталса, «Іскер» бағдарламасын жүзеге асыруға 250 миллион теңге бөлу жоспарланған.

2023 жылы облыста бағдарламалар шеңберінде қаражат беру көлемі

Бағдарлама атауы Сомасы, млн теңге % орындалды
1 «Кең дала» 2 286 100,0
2 «Агробизнес» 8 819 119,0
3 «Іскер» 403 175,0
4 «Жастарға микрокредит беру» 935 100,0
  БАРЛЫҒЫ 12 443 114,0

P.S.«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы бизнес бастаған кейіпкеріміз Қанағат Әбілқайыров сияқты тәуекелшіл жастар облыста жетіп артылады. Айтпақшы, Қанағат бүгінде кәсіп ашып қана қоймай, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылдағы бүтін бір отбасының әлеуметтік жағдайын жасап, ай сайын 200 мың теңгенің үстінде жалақы беріп отырған жігіттің бұл ісіне ауылдастары риза.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button