Білім

«Үкілі домбыра» дәстүрлі ән үйретеді

Үйірме

 Ақтөбе қаласындағы №75 орта мектепте «Үкілі домбыра» дәстүрлі ән үйірмесі бар.

Екі кезеңде жұмыс істейтін үйірмеге 3-8 сынып оқушылары қатысады. Менің міндетім —  оқушыларға сабақ бере отырып, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру. Осы қағидатты басты назарға ұстай отырып,әр баланың қызығушылығына ерекше ден қоямын.Бізде төрт топ бар, әр топта 13-15 оқушы бар. Сабақ әр баланың қарым-қабілетіне қарай жүргізіліп отырады.

Бала жалығып, зерігіп кетпес үшін ара-тұра ойындар, таза ауада серуендер ұйымдастырамын. Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Үйірменің ашылғанына екі жыл болса да, оқушыларым мектепішілік, қалалық, облыстық байқаулардан топжарып жүр. Талай күнгі маңдай теріміз бен сіңірген еңбегіміздің нәтижесі де көңіл қуантады.

Жақында үйірменің «Тұғырың биік болсын, туған елім!» атты жарты жылдық есеп беру концертін өткізген болатынбыз. Концертімізге арнайы Қазанғап атындағы музыка мектебінен қонақтар келді. Көптеген патриоттық әндер, халық әндері мен қазақ композиторларының әндері орындалды. Көрермен де, келген қонақтар да рухани демалып,жақсы көңіл күймен тарқады.

Жас талапкерді домбыра тартуға үйретіп жүргенде байқағаным — өскелең ұрпақтың жан-жақты, білімді, эстетикалық талғамының жоғары болуына,адамгершілік, имандылық қасиеттерді бойына сіңіруіне домбыраның тигізетін әсері зор.

Үзілдік ӘБУБӘКІРОВА,

№75 орта мектептің дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button