Басты жаңалықтар

Асық ойнаған…озар!

Қазақтың ұлттық ойынынан мықтылар Ақтөбеде аз емес

Асық ататындарды анау айтқандай елемей, тіпті аталғанойынды еріккеннің ермегі ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақал — соған дәлел.Ал осы ойын түрінің кәнігі шеберлері бұл пікірмен мүлде келіспейді, баланың дамуына, денсаулыққа пайдасы зор екенін алға тартады… Асық ату ойынының ұлттық спорт түрлерінің бірі болып танылып, бұл бойынша Қазақстан, облыс чемпионаттары өткізілетінін ескере кету керек. Биыл күзде Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына да асық ату ойыны енді.

Ақтөбедегі асық ату ойынының аяқ алысын білген едік…

Өңірде өкілдігі бар

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты республикалық асық ату федерациясының Ақтөбедегі филиалы 2022 жылы құрылды. Қазіргі таңда 5 ақтөбелік — асық атудан Қазақстанның спорт шебері.

— Филиалымызда әзірге 5 мүшеміз бар. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз көп. Айталық, былтыр облыс құрамасы әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша 4 Қазақстан чемпионатына және Қазақстан кубогынақатысты. Сондай-ақ жас асықшыларымыз 2 ұлттық мектеп лигасында табысты өнер көрсетті. Өзіміз де 5 облыс чемпионаты мен бірнеше турнир ұйымдастырдық.

Астана қаласында 9-11 сыныптар арасында өткен Ұлттық мектеп-лигасының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғаған Ырғыз ауданындағы Бәймен Алманов атындағы орта мектептің оқушылары II орынға ие болса, Алматы облысындағы 5-6 сыныптар арасындағы Ұлттық мектеп-лигасында бес асықтан Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектептің оқушы қыздары да күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар Тараз қаласында өткен мұғалімдер арасындағы республикалық спартакиадада ақтөбелік команда бес асықтан қола жүлде иемденді. Ал 2023 жылдың соңында Ақтөбе қаласында асық атудан ересектер арасында Қазақстан кубогы шымылдығын түргенде, тарихта тұңғыш рет әйелдер командасы екінші орыннан көрінсе, ерлер құрамасы үздік үштікке ілікті.

Осы орайда өткен жылы ақтөбелік 5 спортшы — Айбар Сәрсен, Нұрғиса Нұрлыбаев, Саят Бақытжанұлы, Елдос Қожабаев және Нұртуған Аймырза асық атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын сәтті қорғағанын айта кету керек. Олар — біздің өңір бойынша мұндай жетістікке алғаш боп жеткендер.  Мұнымен бірге облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бұйрығымен Аян Амантаев асық атудан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы, Айбар Сәрсен бес асықтан облыстың аға жаттықтырушысы, ал Саябек Сабидулла мен Әсия Шамырханова жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы болып тағайындалды, — дейді облыстық асық ату федерациясының төрағасыӘбілқайыр Сотқаров.

Оның айтуынша, аталған салада мәселелер де аз емес. Мәселен, облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және Шалқар, Ырғыз, Байғанин аудандарында асық ату секциясы ашылғанымен, басқа өлкелер бұл іске енжарлық танытып отыр. «Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бұйрығы болса да, өкінішке қарай, Хромтау, Мұғалжар аудандарының билігі түрлі сылтаумен асық ату ойынына мән бермей отыр», — дейді Ақтөбедегі филиалдың төрағасы.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қазақ халқының ұлттық ойыны — асық ату дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық — алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны немесе ірісі — сақа, жақсылары оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Мысалы, құмар ойынға 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша, ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат — көп асық ұтып алу. Ойыншылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған басқа да түрлері бар.

Ертеде бай-бағландардың балалары арқардың асығын ұстаған. Ол тиісінше салмақты, ірі, көрнекті болған. Сол уақытта қарапайым ұл-қыздар әлгілерге қаратып: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса — сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса — аға тұт» деген мақалды шығарған деседі…

Айта кетейік, асық — төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан, бір пішіндес келеді. Ал жылқы асығы басқаша болады.

«Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалығынан.

Ғарышбек — облыс чемпионы

Ақтөбелік Ғарышбек Құлыбек асық ату спортына ойда жоқта келгенін айтады. Былтыр облыс чемпионатында 30 жастағы жігіттің ешқандай дайындықсыз-ақ 50-ден астам қарсыласының арасынан асығы алшысынан түскен.

— Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, Ақтөбеде асық атудан облыс чемпионатынының өтетінін көріп қалдым. Сөйтіп, хабарламада көрсетілген телефон нөмір арқылы барлық адамның қатысуға болатынын білдім. Күнделікті киіммен барсам, қызу ойын болып жатыр екен. Мен де бірден кірісіп кеттім. Онымен бірінші ойында жеңіске жеткен соң, бұған ыңғайлы спорттық киім, кроссовка керек екенін түсіндім. Өйткені айналдырған 10-15 минутта қара терге түстім (күліп). Сол бойда дереу курьерлік қызмет арқылы үйден киімімді алдырдым да, ойынның қызығына түсіп, ерекше екпінмен асық аттым. Сөйтіп, 52 қатысушының арасынан алтын медальді жеңіп алдым. Жарыста 21-55 жас аралығындағы ер адамдар бақ сынады.

Жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін республикалық сынға жолдама алып, асық атудан Қазақстан кубогында командалық ойын бойынша III орын алдық. Топта Аян, Еркін, Сағымбек — төртеуміз болдық, — дейді ырғыздық жігіт.

Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде инженер-диспетчер болып жұмыс істейтінчемпионсайыстағыжеңісінен соң іле-шала сақа сатып алыпты. Енді республикалық, облыстық додаларға қатысып, қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынажолдама алудымақсат етіп отыр.

Секцияға 85 бала келеді

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ерлан Жақсылықтың айтуынша, асық ату секциясы мұнда 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Секциялар Ақтөбе қаласындағы №23 және №49 орта мектептерде орналасқан. Аталған спорт түрімен 6 алғашқы даярлық тобында 85 жас жаттығып жүр. Оларды 3 жаттықтырушы баулиды. Солардың бірі — асық атудан жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы әрі спорттық төреші Саябек Сабидулла.

Өзім №49 орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Өткен жылдан бері қосымша асық ату секциясында жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Қазіргі таңда 2 тобыма 22 бала келіп жүр. Олардың арасында ең үлкені 17 жаста болса, кішкентайы — 9-да.

Сабағымыз мектептің спортзалында өтеді. Кілемді жайып жіберіп, асығымызды түгендесек жетіп жатыр. Артық ештеңенің керегі жоқ. Балаларды жалықтырып алмау үшін ең әуелі футбол, волейбол ойындарын өткізіп, артынша асық атуға кірісеміз. Жалпы, асық ойыны ата-бабамыздан қалған мұра ғой. Ұлттық кодымызға сіңген. Сондықтан ұл-қыздар бірден ойнап кетеді. Дәлдікке, тез шешім қабылдауға үйрететін спорт түрінің пайдасы мол. Асық атқан бала әрі-бері жүгіріп, сол арқылы денесіншынықтырады, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Әрі ақысыз негіздегі секция болғандықтан, ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта 4 сақа, 15 асығым бар. Бұларды Каspi.kz қосымшасы арқылы 13 мың теңгеге сатып алғанмын. Шәкірттерім сонымен ойнайды. Келушілердің қызығушылығы жақсы, болашақта оқушылардың саны көбейетініне сенімім кәміл. Өйткені асық ату ойынына әлемдік деңгейде мән беріліп жатыр. Биыл елімізде өтетін көшпенділер ойыны — соның нақты көрінісі. Бұйыртса, өзім де облыстық чемпионатқа қатысып, сол дүбірлі додаға жолдама алғым келеді, — дейді 26 жастағы жаттықтырушы.

Саябек бірталай шәкірті жүлделі болғанын атап өтті. Олардың арасында Алтынбек Балтабеков, Жандос Жолдыбаев, Бағлан Мырзабай, Сырым Аманғалиев сынды оқушылары облыстық, қалалық жарыстарда жеңімпаз атанған.

Міне, қызық!

АСЫҚ ЖИНАЙТЫН АҚСАҚАЛ

Ақтөбелік зейнеткер Мақсатқали Сүйесовтің сүйікті ісі — асық жинау. 75 жастағы ақсақал асықтарды жинап қана қоймай, бояп, бұған немерелерін де баулып жүр.

— Ішкі істер саласының ардагерімін. Зайыбым екеуміздің 2 ұл, 1 қызымыз, олардан тараған он шақты немере-жиендеріміз бар. Құдайға шүкір, сыйлы ата-әжеміз.

Қазақ отбасы асықты тастамайды, тазалап, жинап қояды. Мен де немерелеріме асықтарымды беріп, оның түрлері, иіріп тастағанда жатысы қалай аталады — соның барлығын үйретіп отырамын. Бірақ қазір асық ойнайтын бала аз… Өзімде 235 асық бар. Әрқайсысын шайға салып бояймын, барлығының қоңыр түсті болуы сондықтан.

Бос уақытта қойдың асық жілігінен түрлі кәдесыйлар жасаймын. Кейде шүмек жасап, оларды достарыма «немерелі болыңдар» деген ырыммен сыйға тартамын. Жалпы, шүмекбаланың бесіктегі тазалығына өте қолайлы. Өйткені арнайы қойылатын шүмек баланың дәретін жаймай, таза және тыныш ұйықтауына мүмкіндік береді, — дейді Мақсатқали ата.

Жас талаптардың жетістігі

Редакциямызға келген Ақтөбе қаласындағы №49 орта мектептің оқушылары Айдос Жолдыбаев пен Әбубәкір Сабенов — болашағынан үлкен үміт күттіретін асықшылар. Саябек ағайына еріп келген балалар қазірдің өзінде бірнеше жарыстан олжалы оралған.

— Жасым — 12-де. Ағам Жандос (асық атудан қала чемпионы, облыс біріншілігінің күміс жүлдегері — А.Т.) осы секцияға алып келді. Өзіме асық ойыны ұнайды, аптасына 4 рет барамын. Өткен жылы 250 баланың арасынан қалалық чемпионатта II орын алдым. Бұйыртса, облыс чемпионатында жеңімпаз болғым келеді,  — дейді оқу үздігі Айдос.

Ал 5-сыныпта оқитын Әбубәкір асық ату секциясына былтыр ғана жазылыпты. Аз уақытта-ақ қатарластарының арасынан қара үзген жеткіншектің талабы таудай.

— Сыныптастарымнан естіп, осы секцияға өзім келдім. Асық ойынын жақсы көремін. Осында көп достар таптым. Тобымда 10 бала бар, бәріміз ұйымдасып, кезек-кезек ойнаймыз, — дейді Әбубәкір.

P.S. Қазіргі таңда ақтөбелік асықшылар Қызылорда облысында өтетін Қазақстан чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Одан бөлек Шымкент, Ақтау, Щучинск қалаларында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысу жоспарда бар. Облыстық асық ату федерациясының төрағасы Әбілқайыр Сотқаровтың айтуынша, республикалық сында жеңімпаз болғандар Дүниежүзілік көшпенділер ойынында бақ пен бабын сынайды деп күтілуде.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button