Пікір

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту — басты міндет

Айнұр МЕДЕТОВА,
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы филиалы несие бөлімінің басшысы.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыру керектігін айтты. Сондай-ақ еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттыру үшін шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тарту туралы да нақты міндеттемелер жүктеді.
Осы ретте еліміздегі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды жүзеге асырып келеді.
Мәселен, өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен біздің өңірге 10 миллиард теңге қаражат бөлініп, 9,7 миллиард теңге игерілді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін кеңейтуге бағытталған «Агробизнес» «Кең дала», «Шағын несие», «Іскер» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
«Аграрлық несие корпорациясы» жастарды қолдау мақсатында өткен жылдың наурыз айынан бері 2,5 пайызбен берілетін несиеге құжаттарды қабылдау бастағаны белгілі. Осы мақсатта былтыр біздің облысқа 935 миллион теңге бөлініп, 200 кәсіпкерге жалпы құны 935 миллион теңге көлемінде шағын несие берілді. Шағын несие беру бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Несие талаптарына сәйкес, өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алады. Несие 5 жылға беріледі. Несиелеу шарттарына сәйкес, үміткерлердің жылдық 2,5 пайызбен мал шаруашылығын дамыту үшін 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін жалпы көлемі 5 миллион теңгеден аспайтын несие алу мүмкіндігі бар. Биыл осы шағын несие беру бағдарламасы арқылы 975 миллион теңге қаражат бөлу жоспарлануда.
Үкімет отырысында Президент көктемгі егіс науқанына және күзгі-жиын терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге арттыру керектігін де айтты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруына септігін тигізеді.
Биыл Ақтөбе облысы бойынша «Кең дала» бағдарламасы аясында егіс науқанына және күзгі-жиын терінге — 2 миллиард теңге, «Агробизнес» бағдарламасына — 10 миллиард астам қаражат бөлінді. Ауылда кәсіп ашқысы келетін азаматтар үшін ешқандай шектеу жоқ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button