«Ақтөбе» — 100!

Төселіп жазу кезеңі 

Газет «Кедей» аталған кезде өз қолтаңбасымен ерекше із қалдырған қаламгерлердің бірі Жиенғали Тілепбергенов болатын. Болашақ жазушының бұл басылымда қызмет атқарған уақыты онша көпке созылған жоқ (1925-1926 жылдар). Әйтсе де сол мерзім ішінде ол газеттің беделін көтеруге зор үлес қосты, өзі де болашаққа қажетті мол тәжірибе жинақтап алды.

«Кедей» газетінің құжатханалар қойнауында жатқан, уақыт өте келе сарғайып, көнере бастаған жылдардағы шағын үлгіде шыққан нөмірлерін парақтап отырғанда, редактордың орынбасары болып Жиенғалидың келуімен басылым бедеріне күрт өзгеріс енгені аңғарылады. Мәселен, «Кедей» газетінің алғашқы бір жарым жылдағы нөмірлерінен сол тұстағы ұлттық баспасөзде кең орын алған және де қай басылымның болмасын беделінің артуына өлшеусіз ықпал еткен төл жанрымыз — оқшау сөзді мүлде кездестіре алмаймыз. Ал Жиенғалидың газетке келуімен «Кедей» бетінде «Оқшауша» деген айдар пайда болды. Бұған ең алдымен Жиенғалидың өзі тікелей араласты, басқа авторларды тартты.

Жиенғалидың қазір «әңгіме» аталып жүрген «Қойшығұл қуанышы» шығармасына газетке шыққанда осы айдар қойылды. «Патент» («Кедей, 1926, 24 мамыр), «Бексіл» («Кедей», 1926, 13 қыркүйек) атты шығармалары да «оқшауша» болып жарияланды. Жиенғали енгізген жаңа айдардың жақсы жалғасын тапқанын газетте жарияланған көптеген авторлық туындылардан, атап айтсақ, Р.Оразғазыұлының «Жайлыбай», Ж.Жолайұлының «Мөртабан» атты «оқшаушаларынан» да көруге болады.

Осы ретте сол тұстағы баспасөзде «оқшауша» және т.б. деп айдар қойылған жарияланымдардың мәнісін ұғындыра өтейік. Егер бұлардың бәрін жинақтап, бірауыз сөзбен, «оқшау сөз» деп атайтын болсақ, онда ұлттық баспасөз жанрларының теориялық жағынан тиянақталмаған өзекті мәселесі өздігінен туындайды. Себебі бүгінгі ұрпақ, «оқшау сөздің» тарихи мәні мен маңызын терең игерген жоқ, біздің ұлттық ғылыми зерттеулерде бұл жөнінде жеткілікті қисынды қағидалар жасалды деуге әлі ерте.

Демек осы уақытқа дейін қабылданып келген түсінігімізбен тұжырымдайтын болсақ, ең алдымен «оқшау сөз» дегеніміз фельетонның баламасын білдіреді; екіншіден, ол жеке жарияланымның айдары болуы да мүмкін; үшіншіден, очеркті де «оқшау сөз» деп атағанның айыбы болмай шығады. Баспасөз тарихында «оқшау сөз» деп шағын әңгіме де, һікая, эссе, сын мақала да, сатиралық өлең де айтылып келген.

«Оқшау сөз» — атына сәйкес кез келген газет мазмұнындағы оқшау оқиғаны бейнелейтін жарияланым, өзге мәнерде жазылған туынды, басқа материалдан айырмашылығы бар шығарма дегенді білдіреді.

Ұлттық баспасөздегі «оқшау сөз» жанрының тарихи мәні — оның әдебиет пен көсемсөз жанрларын, қаламгерлік шеберлікті, баспасөздің бұқарамен байланысын жетілдіруінде. Оқшау сөз — ұлттық баспасөзімізге ғана тән дербес жанр. Ең алдымен бүгінгі фельетондарымыз, қала берді очерктеріміз бен репортаждарымыз, сатираның поэзиялық және прозалық жанрларының біразы осы оқшаулардың аясынан шықты. Қазақ журналистикасындағы «оқшау сөздің» жанрлық биігіне көтерілуіне Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Аманғали Сегізбаев, Жиенғали Тілепбергенов, Ахмет Елшібеков, Қадыр Тайшықов және басқа сатириктер елеулі үлес қосты.

Алдыңғы толқын қаламгерлерінің айтарлықтай еңбегінің бірі де осынау көркем-публицистикалық жанрдың пайда болуы мен қалыптасып дамуының бастауында тұратындығында. Соған сәйкес Жиенғали Тілепбергеновті «Кедей» газетінде «оқшау сөз» айдарының, кейін фельетонға ұласқан жаңа жанрдың тууына тікелей атсалысқан қаламгер деп білеміз.

«Кедей» газетіндегі Жиенғали шығармаларының осы кезеңдегі және бір ерекшелігі — олардың танымдық сипаты болды. Қаламгер өз шығармалары арқылы оқырманның түсінуіне жеңіл соқпайтын саяси және экономикалық ұғымдарды ұғындыруға тырысты. Мысалы, «Жарлы мен байдың арасын айыруға болады» («Кедей» 1926, 24 мамыр) деген мақаласында сол кездегі тап күресінің мән-мағынасын кеңінен ашады, өмірде қалыптаса бастаған кейбір жаңа ұғымдар мен түсініктер жөнінде баяндайды.

Осы орайда және бір мысал ұсынайық: жиырмасыншы жылдары түгіл, қазірдің өзінде «патент», «вексель» деген терминдердің мағынасын екінің бірі бірден екшеп бере қоймайды. «Патент» сөзі латын тілінен аударылғанда «ашық, анық» деген мағынаны білдіргенімен, нақты өмірде төрт түрлі мәнде қолданылады. Патент — біріншіден, жаңалық ашқан адамға берілетін куәлік; екіншіден, ол — саудамен немесе кәсіпшілікпен айналысуға құқық беретін құжат; үшіншіден, дипломатиялық істердегі патент — консулдың өз үкіметінен өкілеттік алатын құжаты; төртіншіден, шетелге шығатын кемелердің санитарлық жағдайын білдіретін анықтама. Мұның ішінен газет оқырманына керегі, әрине, оның екінші мағынасы, яғни саудамен немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін жағы. Жиенғалидың «Патент» («Кедей, 1926, 24 мамыр) атты оқшау сөзі, міне, осыған назар аударып, бұл сөздің танымдық мәні мен өңірдегі қолданысына арналған.

Жазушы оқшау сөзін: «Құрман екі-үш жылдан бері шаруашылығы төмендеп, ел ішінде күнелтуі қиындап, қалаға келіп, біреудің бақшасын егіп, біреудің шарбағын тазалап, ол-пұл жұмыспен күнелтіп отыратын» деп бастайды. Бұдан әрі Құрманның көшпелі ағайындары Қойбағар мен Тайбағардың жүн-жұрқа өткізу үшін жәрмеңкеге келгені, оларды маклерлер тосып алып, шикізаттарын арзан бағамен алуға тырысқаны, бірақ бұған қала көріп қалған Құрман көнбей, олардың заттарын кооперация дүкеніне қымбаттау бағамен тапсырғанын айтып өтеді. Ақырында комитет «патенті жоқ маклер болып жүр» деп жиырма бес сом айыппұл салып, Құрманды үш күн абақтыға жабады.  Шығарма: «Дұрыс сөзін тыңдата алмай, Құрман абақтыға кетті. Жәрмеңкедегі көп ішінде кімдер жоқ. Саққұлақ біреу газетке жазып, комитеттің дұрыс тексермей, шаруаға зәбір ететінін жұртқа жайды» деп аяқталады.

Әрине, «оқшауша» көркем шығарма талаптарын толық қамтып тұрған жоқ, бірақ соған қарамастан, алға қойған мақсаты айқын: «патент» деген сөздің мәнін ел адамдарына ұғындыру, түсіндіру. Құрманның басынан өткен оқиға арқылы газет оқырманына мәселенің дұрыс-бұрысын аңғарту. Ал бұл өз кезеңі үшін өте-мөте қажет нәрсе еді.

Енді «вексель» жайына келейік. «Вексель» — бір нәрсені ауыстыру, алмастыру, айырбастау деген мағынаны білдіретін неміс сөзі. Орыс-қазақ тілдерінде көбіне қаржылық қызмет саласында қолданылып, жазбаша түрде берілетін қарыздық міндеттеме дегенді аңғартады. Жиенғали «вексельді» осы мәнінде алып, оқырманның танымдық дәрежесін арттыру үшін «Бексіл» («Кедей», 1926,13 қыркүйек) атты оқшаушасын жазған. Құрылымы жағынан оқшауша бірнеше бөлікке бөлінген. Жиенғалидың «Кедей» газетіне жарияланған көрнекті еңбектерінің бірі — «Қойшығұл қуанышы» («Кедей», 1925, 4 қазан) атты шығармасы. Газетке «оқшауша» деп жарияланса да, бұл шығарма арқауында әңгіме сипаттары басым жатыр. Жазушы осы әңгімесінде өзіне жете таныс ауыл мектебі мұғалімінің мәдени-ағарту жұмыстары жайын сөз етеді. Мұғалім Ержанұлы өз оқушылары мен Қойшығұл үйіне жиналған ауыл адамдарына Қазақстанның мемлекеттік дербестігі жөнінде әңгімелеп, бұл күнді бүкіл республика атап өтетіндігі жайында айтып береді. Оқушылар соған орай ауыл тұрғындарына ойын-сауық көрсетуді ұйғарады.

Мұғалімнің Қойшығұл үйіне келген сәтін алайық. Ол жиналған адамдарға: «…Қазақстанның бес жылдық тойы, ертең жоқ бүрсігүні жаңаша ақырабтың төрті күні, біздің қазақ елінің еркін республика болып, автономия алған күні. Соған, міне, бес жыл толады. Сол күн қазақ кедейінің бақытты күні, теңдік алған күн, оның ішінде биыл Қазақстан үкіметі қазақ елінің ортасы Қызылордаға көшіп барып, ордасын тігіп, Туын көтеріп әрі бес жыл толғанына сол Қызылордада той болайын деп жатыр. Сол күні біз де қазақ кедейі, шаруасы болып, той жасауымыз керек. Бұл той әсіресе сендердің тойларың» дейді. Міне, осылайша ертең қуанышты күн деген сезім үлкенді де, кішіні де баурап алады.

Айта кететін жайт, бұл әңгімесінде Жиенғали жеке бір образды сомдауға ұмтылмаған, болмаса сөзбен сурет салуға да тырыспаған. Керісінше, адамдар бойындағы таза мінез, ақ ниет, ізгі тілекті қарапайым  тілмен баяндап шыққан.

Жалпы, «Кедей» газеті — Жиенғали шығармашылығындағы үлкен бір белес. Сонымен бірге бұл — Кенжеғали Абдуллин, Құдайберген Жұбанов сияқты тұлғалардың да қаламына қуат берген басылым. Бір сөзбен айтқанда, кешегі бастан кешірген күрделі күндердің көсемсөзбен хатталған бір шежіресі «Кедей» газетінің мезгіл сарғайтқан ескі парақтарында құтты қонысын тауып жатыр деп түйіндеуге болады.

Серікқали БАЙМЕНШЕ.

Қазақстан құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button