Денсаулық

Оңалту бөлімшесі ашылды

Ақтөбеде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медициналық орталығында онкологиялық науқастарға арналған 20 кереуеттік оңалтубөлімшесі ашылды.

Оңалтубөлімшесі«Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен ашылып отыр. Аталған қор бөлімшені ашуға 250 миллион теңге бөліпті.

Ашылу салтанатына Марат Оспанов атындағы БҚМУ басқарма төрағасы-ректор Әсет Қалиев, «Samruk-Kazyna» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, медициналық ұйымдардың, денсаулық сақтау құрылымдарының басшылары, медицина қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

Астанада өткен «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2023 жылы атқарған жұмысына есеп беру іс-шарасында телекөпір арқылы сөз сөйлеген басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жаңа оңалту бөлімшесінің жұмысын бастауға рұқсатын беріп, ұжымға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде университет ректоры Әсет Қалиев «Samruk-Kazyna» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа онкореабилитация бөлімшесінің ашылуына және заманауи жабдықтарды сатып алуға қаржылай қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Онкологиялық оңалту бөлімшесінің негізгі мақсаты — науқастың физикалық, психологиялық, эмоционалдық жағдайын және әлеуметтік өмір сүру сапасын арттыру. Шын мәнінде, күрделі операция, химиотерапия курстарынан кейін науқас шаршап, әлсіреп қалады, иммундық жүйесі әлсірейді. Сондықтан науқасқа емдеуден кейін және операциядан соң екі-үш айдың ішінде оңалту шаралары керек. Бұған дейін біздің Ақтөбеде онкологиялық оңалту жүргізетін бөлімше болған жоқ. Бүгінде облыс бойынша қатерлі ісік диагнозымен 8 мыңнан астам адам есепте тұр. Сол себепті былтыр«Samruk-Kazyna Trust» қорына ұсыныспен шыққанбыз. Бірнеше рет комиссияда қаралып, қолдады. Қордың демеушілігімен бірқатар қажетті жабдық сатып алынды. Бөлімшеде жұмыс істейтін екі онкореабилитолог маман Ресейде оқып келді, — дейді Әсет Қалиев.

Аталған бөлімше жаңа керуеттер және қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген.

Сатып алынған жабдықтардың бәрі де науқастың жағдайын оңалтуға арналған. Мысалы, гидравликалық лифтісі бар «МЕДСИМ» кешені операция алдындағы кезеңнен бастап мазасыздық пен депрессиялық жағдайды жеңілдету үшін және операциядан кейінгі кезеңде ісіктерді жою және орталық нерв жүйесі мен омыртқадағы химиотерапияның салдарын болдырмау үшін қолданылады. АлHuber 360 MD жүйке-бұлшықет диагностикасы және оңалту аппараты — ми мен омыртқа ісіктерін хирургиялық жолмен алып тастағаннан кейін тірек-қимыл аппаратының ауырсынуын емдеуге арналған инвазивті емес жаңа құрал.Іштің, жамбас және несеп-жыныс жүйесінің ісіктерін алып тастағаннан кейін жамбас қабатының жүйке-бұлшықет аппаратын және жамбас мүшелерін магниттік ынталандыруға арналған «Авантрон» аппараты және басқа да көптеген жабдықтар бар.

Әсет Қалиев соңғы жылдары жаман ауруға шалдыққан науқастар қатары көбейіп бара жатқанын айтты.

— Ең көп кездесетін түрі — сүт безі, одан кейін өкпе және асқазан қатерлі ісіктері. Өкінішке қарай, жыл сайын осындайонкологиялық аурулардан екі жүзге жуық науқастан айырылып қалып жатамыз. Негізі, қатерлі ісік бастапқы сатыда ерте анықталса, ем нәтижелі болады, — дейді Әсет Қалиев.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button