Әдебиет

Ершат ҚАЙБОЛДИН

Ершат Қайболдин 1993 жылы 9 мамырда Темір ауданындағы Қайыңды ауылында дүниеге келген. 2010 жылы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Университетті 2014 жылы филология мамандығы бойынша бітірді.

Көпшілік қауым Ершатты айтыскер ақын ретінде таниды. Олай деуге негіз бар. Ол студент кезінен бастап-ақ облыстық, республикалық деңгейдегі ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бас жүлде алған сәттері де аз емес.

«Мен қыз іздеймін» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «Шұғыла», «Ақтөбе» кітаптарына енген.

Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері.

Мұра

 Уа, менің ұлан-ғайыр, Ұлы далам,

Өзіңсіз кім-кімнің де күні қараң!

Отбасым, Отан-анам, Туым аман,

Бір бақыт бұйырады түбі маған.

 

Айналған бүгін бір-бір кейіпкерге,

Қарыздармын мен анау бейіттерге.

Таудай-таудай баһадүр бабалар-ай,

Қалай жатыр, япыр-ау, сыйып көрге?

 

Анау аспан, мынау жер — тірі куә,

Бабам маған қалдырған ұлы мұра!

Дархан жерім, тау-тасым, шалқар көлім,

Жетеді ғой, жетеді ғұмырыма.

 

Бостандыққа мен жеттім ел аңсаған,

Енді бодан болмауға келер шамам!

Аманатқа қиянат жасамассың,

Бәрін-бәрін, құлыным, берем саған!

 

Дәуірлерді дәуірлер алмастырып,

Сен кетерсің жолымды жалғастырып.

Дәстүріме қоймассың шаң бастырып.

Қазақ деген киелі шаңырақтың

Отырарсың төрінде малдас құрып!

 

Мен ауылдан кетпеймін

Мен ауылдан кетпеймін, елде қалам,

Шабытты өзім туған жерден алам.

Әй, бауырым, өкпелей көрме маған!

Мені көріп жинайды аяқ-қолын,

Кеуде керіп Темірге келген адам.

 

Қол бұлғап шақырса да талай мекен,

Кете алмаймын ауылдан, қалай кетем?

Ауыл деген — анам ғой ақжаулықты,

Жаулықтан аттап кету оңай ма екен?!

 

Жо, жо, жоқ, оңай емес, өте қиын,

Мен оны арқалайын, көтерейін.

Ауылымда жетейін бақытыма,

Ауылды да бақытқа жетелейін!

 

Атам мен әжем жатыр осы ауылда,

Осы ауылда отым да, ошағым да.

Адамы былай тұрсын, туған жердің

Танимын қашырын да, қашарын да.

 

Туған ел, ауыр мұңың, ауыр шерің,

Мұңсыз болсаң, қалаға барушы едім.

Өмірімді қиям-ау Отан үшін,

Көңіліңді қимаймын, ауыл, сенің!

 

Мұқағалиға жолданбайтын хат

Уа, Мұқа, қайда барам сенен асып,

Ел менің өлеңіме неге ғашық?

Досым мен дұшпанымды айыра алмай,

Есігін жүрегімнің берем ашып!

 

Бір жауыз досым болып құшақтап ап,

Арқама кетті өткенде пышақ қадап.

Бидайдай өлеңімді диірменнен

Өткізіп, талқан қылып ұсақтамақ.

 

Жарамды тілмен жалап емдеп алып,

Үйірге қосылғанмын кеуде қағып.

Соқырлар көретіндей өлең жаздым,

Ешкімге көрінбейтін жерге барып.

 

Кесеге құйып ішіп көз жасымды,

Ұрғанмын тау мен тасқа өз басымды.

Білемін бұл ғасырда озбасымды,

Сеземін мен сонда да тозбасымды.

 

Мен үшін қиын емес төрден құлау,

Қиналмай жүріп келем жолмен мынау!

«Туады нағыз ақын» деп едің ғой,

Уа, Мұқа, дәу де болса сол менмін-ау…

 

Ұстазым Жүрсін Ерманға

Мен қатты ұқсаппын ғой, әке, саған!

Қия шабар жерлерде төте шабам.

Бірақ өмір бәйгемді берген емес,

Әйтеуір, мен дегенде өте сараң.

 

Әке, саған бар еді бір сұрағым,

Мен неге суға батпай тұншығамын?

Көкке қарап кісінеп жыр-шұбарым,

Күтіп жүр қай уақытта күн шығарын.

 

Біреуге тигіздім бе зиянымды?

Қимаймын қиянатқа қиялымды!

Көзімді өзің ашқан бұлақ едім,

Білмеймін қай теңізге құярымды.

 

Менікі Күнге қарау, Айға қарау,

Қай жаққа апарады қай жағалау?

Құятын теңіз таппай асып-тасып,

Мен бір күні мұхитқа айналам-ау!

 

Қалдырса көңілімді көпес адам,

Бетіне айтып-айтып кете салам.

Өмірдің енесінен боқтап тұрмын,

Мен қатты ұқсаппын ғой, әке, саған!

 

Досым

Досым, қашан келесің ауыл жаққа,

Әлде сенде дос жоқ па, бауыр жоқ па?

Кеудеңдегі жұмыр ет жүрек емес,

Тастан қатты, темірден ауыр зат па?

 

Сол баяғы қалпында мектеп, көшең,

Келмей-ақ қой «қатыным көкбет»— десең.

Итке тастай саламын ойланбастан,

Сыбағаңды тезірек жеп кетпесең.

 

Келші, досым, сөйлесіп, сырласайық,

Бір жасарып қалайық, бір жасайық.

Көңіл көйлек емес қой кірлегенде,

Аппақ қылып алатын суға шәйіп.

 

Досым, әлі дүние жаңарады,

Суымасын сыйластық арадағы.

Ауылдағы достарын ұмытпасын,

Достарыңа сәлем айт қаладағы.

 

Керім жұмыс қалада, керім ұйқың,

Ауылға кел, ер болсаң еңірейтін.

Көршілерден жуынды ішкенімен,

Үйшігіне қонады менің итім!

 

Ренжіме

Қызық емес даңқың да, атағың да,

Темір тақсам, бақытқа батамын ба?

Бақыт менің қалам мен қағазымда,

Бақыт менің домбыра, шапанымда!

 

Сен маған атақ берме, таққа мінсең,

Жетеді, бір жырымды жатқа білсең.

Орденді қалай, қайтіп көтермекпін?

Кеудемді көтере алмай шаққа жүрсем.

 

Не жоқ дейсің? Бәрі бар бұл кеудеде!

Ар-намыс бар! Жасырам кімнен, неге?

Махаббат бар, аздаған шаттығым бар,

Бір мұңым бар сыймайтын бір бөлмеге.

 

Ренжіме, таласпаймын атағыңа,

Салпыншақ жараспайды шапаныма.

Орденге емес, төсеймін омырауымды

Бір опасыз оқ атса Отаныма.

 

Жаны жайсаң жақсылар жақын маған,

Қызықпайды атаққа ақылды адам.

Маған даңқ-дақпырттың керегі жоқ,

Атақсыз да атақты ақын болам!

 

Жаңа жыл

Ай мен күннің айырып аражігін,

Не әкеле жатырсың, жаңа жылым?

Өзіме бер өзімнің несібемді,

Аттамайын ешкімнің ала жібін!

 

Жаңа жылым, құт болып еліме кел,

Ырзығыңды киелі жеріме бер.

Жаназаға сойылмай, төрт түлігім,

Қазағымның тойына семіре гөр.

 

Айырылмасын рухынан, ғұрпынан ел,

Береке мен бірлікті жұртыма бер.

Аспан-әкем жыласын қуаныштан,

Құлпыра гөр, жер-ана, құлпыра гөр!

 

Сақта, Құдай, соғыстан, майдандардан,

Оттан, судан, апаттан, ойрандардан.

Отанымды Қырандар мекендейтін

Ордасына жыланның айналғаннан.

 

Отан-анам, жайнаған жәннатымсың,

Жалғызымсың, бәрінен дара тұрсың.

Бақытыңды аяма жалғызымнан,

Жалғыз өзің жарылқа, Жаратушым!

 

Алдымда жүріңдерші

Өзім жайлы өсектен есім ауды,

Қырықжамау жанымның несі қалды?

Жаралы жүрегіме әркім келіп,

Өзіне керек жерін кесіп алды.

 

Ешкімге ұқсамайтын тағдырым бар,

Неге сонша артымнан аңдыдыңдар?

Жол берейін, алдыма шығыңдаршы,

Бірақ мені жайыма қалдырыңдар!

 

Күн кешіңдер күндемей, күңкілдемей,

Тілдесіңдер адамша, зіркілдемей.

Болғаныммен бір күн бай, бір күн кедей,

Сыйлап өтем бәріңді күн-түн демей!

 

Сақтамаймын ешқандай кек сендерге,

Ұрсаңдар да шыдаймын, тепсеңдер де.

Мен бәрібір арғымақ болып қалам,

Арбасына есектің жексеңдер де.

 

Күтпеген жерден біреу келе қалса,

Шошып кетем бір жері кем адамша.

Артымда жүргендерден қауіптенем,

Алдыма шығыңдаршы не де болса.

 Мен сенемін

Мен сенемін, ертең бір күн келеді,

Сахаралар көктейді, гүлденеді.

Қулық-сұмдық жойылып, жер бетінің

Бос қалады қаңырап түрмелері.

 

Доңыздар да тиіспей қоңыздарға,

Бас иеді қыранға нағыз қарға.

Білесің бе, сол кезде жауыздар да

Қойдың өзін аяйды бауыздауға.

 

Ұрылар да сол кезде, қарылар да,

Малын қосып қояды малы барға.

Бір-бірімен ағайын араласып,

Адам таппай қалады сағынарға.

 

Жарылқайды байлар да көп кедейді,

Сұрай қалса бар дейді, жоқ демейді.

Бәрі жақсы болғасын барлық адам,

Өкпелейтін жан таппай өкпелейді.

 

Ертең-ертең керемет күн келеді,

Сеземін ғой, сеземін бірдеңені!

Гүлденеді дүние, түрленеді,

Мен білмеймін, ол күнді кім көреді?

 Солай

Жексұрын болып көріндім,

Түспейтін көзге түсіп ем.

Сыртында болсам өмірдің

Бір тебер едім ішінен.

 

Жүретін кезде көктем боп,

Күз болып кете жаздағам.

Өмірге менің өкпем жоқ,

Өкінішім бар аздаған.

 

Жаңбыр жауғанда жыладым,

Көзімнің жасы сүртулі.

Күн бұлтты кезде, шырағым,

Күліп отырған біртүрлі.

 

Төрт мезгіл ортақ бәріне,

Тастап кетпеспін жер бетін.

Жүрегім көктем әлі де,

Күзге ұқсап кетті келбетім.

 

Көрсете алмаймын бетімді,

Көп бара алмаймын думанға.

Дүние қызық секілді,

Сыртынан қарап тұрғанда.

Іздеңдер мені

Тарпаңнан қалған соңғы тұқыммын, туғандар,

Жалғыз жортамын, жете алмайсыңдар, қумаңдар!

 

Бұғалық салып, ор қазып, қақпан құрмаңдар,

Таптап кетемін, жолыма менің тұрмаңдар!

 

Аяулы жандар, өздерің мені іздеңдер,

Тауып алғанша үміттеріңді үзбеңдер!

 

Іздеңдер мені таулардан, мұзарт, шыңдардан,

Іздеп жүрмеңдер ойпаттан, төбе, қырлардан.

 

Іздеңдер мені мұхиттан, теңіз, көлдерден,

Іздеп жүрмеңдер шөлейттен, шөпсіз шөлдерден.

 

Іздеңдер мені орманнан, нулы тоғайдан,

Іздеп жүрмеңдер қорғаннан, шулы сарайдан.

 

Тауып алсаңдар, бәріңе жетем, тоқтаңдар,

Қораға емес, жүректеріңе сақтаңдар!

 

Қандай жақсы

Шаршасаң да тірліктен, ауырсаң да,

Бал күндерді баяғы сағынсаң да,

Айтпайсың-ау, айтпайсың, жалынсам да.

Сосын, сосын мен сені одан сайын

Жақсы көріп кетемін, жаным, сонда.

 

Шығып кетсем үйімнен, бір қысылмай,

Сағындырып жетемін жыл құсындай.

Кешірілмес бұл менің қылмысымдай.

Сен сонда да күлімдеп күтіп алып,

Маңдайымнан сүйесің тұңғышыңдай.

 

Әйел болып менімен керіспедің,

Мен істейтін тірлікті сен істедің,

Жүріп өткен жолымды тегістедің.

Құжатымда адам деп жазылса да,

Білем, білем, сен үшін періштемін.

 

Түшкірсем де түршігіп ем іздедің,

Тамағыңды жылытпай жегізбедің.

Көл емес-ау, көңілім — теңіз менің.

Келген қонақ үйімнен күліп шықты,

«Қатыны жаман екен» дегізбедің.

 

Өзіңсіз жүрек жарты, көңіл жарым,

Белгісіз жалғыз жүріп не қылмағым?!

Бағыма, мұңыма да ортақтасар

Қандай жақсы жанымда сенің барың.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button