Кітап. Хиджаб. Намазхана
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Онда ұсынылған толықтырулардың ішінде діни әдебиеттер арнайы сараптамадан өтетіндігі көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерде, білім ордаларында, ауруханалар мен әскери бөлімшелерде намазхана ашуға тыйым салынады. Құлшылық жасайтын адам, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Заң жобасында көптен бері айтылып келе жатқан хиджаб мәселесі де қозғалды. Жоба авторлары «хиджаб кию ұлттық болмысымыздың жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін» екендігін айтады. Біз осы мәселелер жөнінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбековпен тілдескен едік.
Сатуға тыйым салынған кітаптар
— Діни кітаптарды, әсіресе, дін тәлімдерін үйрететін кітаптарды басып шығару үшін алдымен оны Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сараптама комиссиясынан өткізу керек. Сонымен қатар, міндетті түрде арнайы діни сараптамадан өткеннен кейін шетелден әкелінген кітаптардың елімізде сатылуына, таратылуына рұқсат етіледі. Бұл — заң жобасында айтылған ұсыныстар. Дегенмен, бұл осы тексеру, тыйым салу арқылы бар бәленің алдын аламыз деген сөз емес. Бұдан кейін де мұндай кітаптардың жасырын түрде сатылмасына, қолданылмасына кім кепіл? Себебі, бірнәрсеге тыйым салған сайын соған бұрынғыдан бетер қызығушылықтың арта түсетіндігі адамның табиғатында бар.
Жалпы, халқымыздың діни сауаттылығын арттырғанға дейін адамды адастыратын кітаптарға аздап болса да, тосқауыл қойылса, жақсы болар еді. Қоғамның «вирусқа» шалдықпауы үшін қоғамның қай салада болсын қорғаныс қабілетін қалыптастыру қажет. Сөздің құдіреті күшті. Сондықтан, шариғатқа қайшы әдебиеттер діни сауаты аз халыққа кері әсер етеді. Адамның санасы таза топырақ секілді. Оған алдымен ненің дәні егілсе, сол өсіп шығады. Ал өсіп шыққан арам шөпті жұлып тастау аз, оны тамырымен қопару қажет. Одан кейін ол жерді тыңайту, құнарлылығын арттыру керек. Әйтпесе, залалсыздандырылмаған жердің дәні өнім беріп, бермеуі белгісіз. Дәл сол секілді адамның санасын уламау керек. Сана уланса, адамның өзіне ғана емес, ұлтқа қауіп. Сондықтан, діни кітаптар өте сақтықты, мұқияттылықты талап етеді.
Дүңгіршектерден табылған бірсыпыра діни әдебиеттер Астанаға сараптамаға жіберілді. Кітап сататын дүңгіршектерді тексеру әлі де жүргізіліп жатыр. Дүкеннен шариғатқа қайшы кітаптар табылса, бастапқыда меншік иесіне ескерту беріледі. Бұдан қорытынды шығармаса, шара қолданылады.
Бұған дейін дүкендерде сатылып жатқан діни әдебиеттерді бақылау болған жоқ. Сондықтан, оларды әп-сәтте «тазалап» болу мүмкін емес. Сананы улайтын кітаптар дүкен, дүңгіршектерден алынғанымен, көп үйдің жеке кітапханасында тұруы мүмкін.
Кітап сатумен айналысатын кәсіпкерлерге Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мақұлдаған діни әдебиеттерді сату керектігі 8-9 жылдан бері айтылып келе жатыр. Баспалар да бұл жөнінде жақсы біледі. Сараптама комиссиясының мақұлдауымен баспалардан бірнеше кітап жарық та көрді. Мұндай кітаптар бір емес, бірнеше қайтара басылып та шықты.
Айта кету керек, Тақаюддин Набахонидiң, Саид Бурятскийдің кітаптарын оқуға мүлде болмайды. Сонымен қатар, орыс тіліндегі діни кітаптардан абай болғанымыз жөн. Әсіресе, араб тілінен орыс тіліне аударылған кітаптар қауіпті. Мұндай кітаптардың қазақ тіліндегі аудармасы бірең-саран бар. Қазақ тіліне аударылған кітаптардың көбінде авторы жоқ болады. Баспасы да көрсетілмейді. Пайдаланылған еңбектердің тізімі де жоқ. Осыдан-ақ оның ел арасында іріткі тудыру үшін шығарылғанын білу қиын емес.
Намазханалар жабылмауы тиіс
— Меніңше, намазханаларды жабу туралы ұсыныс дұрыс емес. Білім мекемелері жастардың намаз оқуына рұқсат бергені дұрыс деп ойлаймын. Себебі, намаз оқитын әр адам оны қаза қылмауға тырысады. Сондықтан, білім беру мекемелерінде намаз оқуға тыйым салынса, жастарға қиын: сабақтан қашуға мәжбүр болады. Олар сабақты емес, намазды қайда барып оқуды ойлап отырады. Намаз оқу сонша ұзақ уақыт алмайды. Көп дегенде 15 минутқа созылады.
Намаз оқудың науқастың аурудан тезірек айығып кетуіне көп ықпалы бар. Тыйым салынса, науқас қаза болған намаздары үшін өз-өзін «жейді». Ал мұндай көңіл-күйден соң науқастың ауруханадағы емінің дертіне дауа бола қоюы екіталай.
Түрмеде де намазханаларды жабуға болмайды.
Мекемелерді діндер «көрмесіне» айналдырып алуымыз мүмкін деп қауіптену де бекершілік. Себебі, басқа дін өкілдері мекемелерде құлшылық етпейді. Оларға мұндай мүмкіндік бұйырмаған. Мысалы, католиктер шіркеуде ғана құдайға құлшылық етеді. Олардың сенімінде, құлшылық шіркеуде жасалмаса, тілектері қабыл болмайды. Буддаларда да солай. Сондықтан, қорқуға негіз жоқ. Исламда құлшылық жасауға көп жеңілдік берілген.
Сондықтан, намазханалардың әр мекемеде болғаны абзал.
Хиджаб дау тудыратын мәселе емес
— Хиджаб кию сонша шу шығарып, дабыл көтеретін мәселе емес. Оны күрделілендіріп алып жүрген өзіміз.
«Әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын. Ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын. Мәжбүр көрінген жерлерінен тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да жабатындай етіп тақсын». Бұл — Нұр сүресінің 31-аяты. Мәжбүр көрінген жерлер дегеніміз — бет, білектен төмен екі қол, тобықтан төмен екі аяқ. Сондықтан басқа дене мүшелерін жабу керек. Бұл — Алланың бұйрығы. Балиғат жасына толмаған қыз балаларға орамал тағу шарт емес. Балиғат жасы: қыз балаларға — 9 жас, ер балаларға — 12 жас. Бірақ, біздің өлкелерде 15-16 жас деп белгіленді. Балиғат жасына толғаннан кейін қыз балалардың орамал тағуы міндет.
Айта кету керек, мойын да әуретке жатады. Мойынды жабу үшін орамалды әдемі етіп, үйлестіріп тағуға болады ғой. Немесе, водолазка кигендері жөн. Барлық мәселенің шешімін табуға болады.
Заң жобасының авторлары хиджаб кимеуге қатысты үгіт жүргізген екен, бұл мәселені біржолата шешіп беруі де қажет. Яғни, мұсылмандардың киім үлгісін анықтап беруі тиіс.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында киім үлгілерінің қандай болатындығы жөнінде нақты істер қолға алынып жатыр. Сондықтан, хиджаб кимеуге қатысты әңгіме бүгін емес, діни басқарма бекітіп берген киім үлгісінен кейін айтылғаны жөн болар еді. Сол кезде ортақ бір түсінікке келуге болады. Әйтпесе, мұсылмандардың киім кию үлгісін қоғам болып қалыптастырмайынша, бұл дау жақын уақытта шешілмейді. Дін жолын ұстанған қыздарымыз айтады: «ашық-шашық киінген қыздарды неге жөнге салмайды. Олардың киімдері ұлттық киім емес, еуропалық қой» деп. Олардың да уәждері дұрыс.
Жастарымызды өзге діннің, теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалмаудан сақтағанымыз дұрыс. Жақында күн батқаннан кейін (құтпан намазынан кейін) мешітке жас келіншек пен жігіт келді. Келіншек никаб киіп алыпты, екі көзі ғана көрінеді. «Күндіз тұмшаланып киінсең, түсінемін. Ал осы қараңғыда соншалықты бетіңді жасырудың реті жоқ» деп түсіндірдім. Расында, қараңғыда кім кімнің бетіне қарап жатады? Міне, осындай киім киген жастар қоғамның наразылығын тудырып, жоғарыдағылардың дабыл қағуына себеп болған шығар. Дегенмен, айқай салып, аттандағаннан гөрі, түсіністік танытып, мәселені жұмсақ тілмен шешуге болады ғой.
Ата-аналар мұғалімдердің оқушыларға мектеп формасын кию туралы талабына түсіністік танытулары керек. «Хиджаб кигізбейді» деп, оқытпау дұрыс емес. Ата-аналардың баласын оқытуға қандай мүмкіндік бар, соның бәрін пайдалануы керек. Баланың болашағы білімде екенін түсінуі тиіс. Мектепте қыз балалардың мектеп формасын киюмен бірге, орамал тағуына рұқсат етілді.
Бізге кейбір жағдайларда көрші елдерден үлгі алу керек сияқты. Мысалы, Өзбекстанда махалла комитеті деген бар. Бір көше — бір махалла. Комиссия құрамында 3-4 ақсақал болады. Олар сол көшедегі отбасыларға жауап береді. Егер бір үйдің баласы шектен шықса, ата-анасына ескерту жасайды. Қысқасы, сол көшедегі әр адам комиссияның жіті бақылауында болады. Егер талап орындалмаса, комиссияның шешімімен әлгі отбасы махалладан көшіріледі. Екінші махаллаға көшіп баруы үшін, көшіп кеткен махаладан анықтама алуы тиіс. Егер көшіп келген махалласынан бұл отбасы туралы дұрыс анықтама берілмесе, басқа махалла оларды қабылдамайды (Үй сатып алғаны маңызды емес). Себебі, комиссияға махалланың тыныш болғаны керек.
Бізде де кезінде ауыл биі болды ғой. Соны қалыптастырсақ, көп мәселе, әсіресе, әңгіме қозғағанда аса сақтықты қажет ететін діни ахуал жақсарар еді.
Кез келген мәселені келісіп шешіп, елдің бірлігін сақтап, жастарымызға дұрыс бағыт көрсетуіміз керек. Дегенмен, 2-3 адамның пікірімен, немесе лауазымды адамдардың ықпалымен барлық нәрсені өзгерте салуға болмайды.
Теріс ағымдар:
Белгілері қандай?
— Жақында мешітке бір ата-ана келді. Баласы шетелге оқуға кетіп қалыпты. Бірақ нақты қайда кеткенін білмейді. Біз ол кісіден баласының қандай киім киетінін, қандай сөздерді жиі айтатын сұрадық. Мұны білу дәстүрлі дін мен діни ағымдардың ара жігін анықтап беруге көп ықпал етеді.
Ислам жолын ұстанған баланың мінезі жұмсақ, биязы, кішіпейіл болады. Әке-шешесіне қарсы келмейді. Ал теріс ағымда болса, мінезі өзгереді. Дөрекі сөйлейді. Өйткені, «ұстаздары» оның санасына «Құдайдан басқадан қорқуыңа болмайды» деген қағиданы сіңіреді. Сөйтіп, ол сыйлау мен қорқуды айыра алмай қалады. Сосын бала ата-анасын да, мұғалімін де, басшысын да тыңдамайды. Әке-шешеден қорқу Аллаға серік қосу емес екендігін түсінбейді.
Мұндай жастардың киінуі де басқаша болады. «Мейлінше қарапайым болу керек» деген түсінік қалыптасады. Сөйтіп олар қарапайымдылық емес, жабайылыққа ауыса бастайды. Яғни, шалбардың балағын тобыққа дейін кесіп тастайды. Жазда мешітке намаз оқуға футболка немесе майкамен келеді. («Нұр Ғасыр» мешітіне жастардың әдепті киім киіп келуін ақсақалдар бақылауға алып жатыр).
Теріс ағымның жетегінде жүрген жастар шейіт болуға қатысты әңгімелерді көбірек айта бастайды. Қоғамда болып жатқан жайларға көңілі толмайды.
Теріс жолдағылардың тағы бір белгісі, білім алуға ықыласы болмайды. Көңілі басқаға ауады. Ал шынайы Ислам жолын ұстанатындар болашағының біліммен байланысты екенін жақсы түсінеді.
Кейбір адамдар өздерін діндар етіп көрсеткісі келіп, араб сөздерін қолдануға тырысады. Әсіресе, «ақи» деген сөзі жиі айтатындардан сақ болу керек. «Ақи» сөзінің мағынасы — «бауыр». Дегенмен, арабтарда бұл сөз жақсы мағынада қолданылмайды. Зілмен айтылатын сөз. Көбіне, біреуге ашуланғанда қаратпа сөз ретінде айтылады.
Ислам діні барлық жағдайға түсіністікпен қарауға үндейді.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.



