Жаңғыру жолындағы жаңашылдықтар
Бекзат МОЛДИН,
М.Оспанов атындағы БҚМУ қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының
доценті.
Қазақстанның сыртқы саясатқа бағытталған көпвекторлы саясаты, ішкі әлеуметтік, экономикалық, саяси саладағы реформалары біртіндеп өз жемісін беріп келе жатқаны байқалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатындағы басты идеялар еліміздің жаңаруы мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жасауға бағытталған. Алғысөз халқымыздың демографиясының жақсарғандығы туралы болды. Өйткені мемлекеттің қуаттылығы халықтың санымен қатар, сапасы, соның ішінде әл-ауқатымен, яғни денсаулығы, білімі, тұрмысымен өлшенеді. Өркениетті мемлекет алдымен бақытты отбасынан басталатыны белгілі, сондықтан отбасы құндылықтарына да тоқталған. Әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтарып, білім, денсаулық сақтау салаларына, халық игілігіне жұмыс жасату механизмдеріy жетілдіру қажеттілігі айтылды. Латифундистердің қолында болған миллиондаған гектар жерді адал жұмыс істейтін шаруаларға беру керектігі тапсырылды.
Әсіресе қауіпсіздіктің кепілі болатын әскерилер мен құқық қорғау органдарының мәртебесі, қызметінде қалтқысыз қызмет жасау үшін жүйелі жұмыстар жасау керектігіне және ұлтымыздың жасампаздық әлеуетін арттыруда пайдалы ғылыми зерттеулер мен мәдени шығармаларды қолдау, қаржыландыру аса маңызды екендігіне тоқталды. Сонымен қатар еңбекқор, білімді тұлғаларды, өз кәсібін мінсіз атқарып жүрген мұғалімдерді, құтқарушыларды, спортшыларды, медицина қызметкерлерін және басқа да еңбек адамдарын жас ұрпаққа үлгі етіп, оларды қоғамға дәріптеу нағыз идеологияның өзегі екендігі баяндалды. Жас ұрпақ болашаққа нық сеніммен қарау үшін нақты шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, оның ішінде сапалы білім, ұлт денсаулығы, ұлттық тәрбие және кейбір маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Ұлттық қор — балаларға» жобасы болашақта елі үшін адал қызмет жасайтын жас ұрпақтың қалыптасатынына кепіл бола алады деп ойлаймын. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан туады?» деген.
Биыл ұлтымыздың тарихына байланысты бірқатар іс-шара өткізілетіні айтылған.
Оның ішінде ұлт үшін қызмет жасаған, мемлекеттің іргетасын қалауда аянбай еңбек еткен, тарихи тұлғалардың еңбектерін дәріптеу, тарихи бұрмаланған деректерді зерделеу арқылы жастардың бойында тарихи, ұлттық сана қалыптастыру арқылы ұлттық тәрбие беру — Мемлекет басшысының сұхбатындағы өзекті мәселелердің бірі болды.
Кез келген мемлекеттің болашағы халқының әлеуетімен өлшенеді, әсіресе халықтың білімі мен денсаулығы оған кепіл бола алады. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті халық денсаулығы мен ұлт болашағына қызмет ететін білікті мамандар даярлау мақсатында көптеген іс-шара атқарып келеді. Өйткені халық денсаулығы — мемлекет идеологиясы мен болашағының басты кепілі.