Денсаулық

7 мың адам қызылша жұқтырған

Облыста бүгінге дейін қызылша жұқтырған 7 мыңнан астам жағдай тіркелді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, тіркелген 7 мыңнан астам жағдайдың ішінде зертханалық әдіспен расталғаны — 2117. Сондай-ақ тіркелген науқастардың 81,3 пайыздан астамы — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Оның ішінде 35,6 пайызы 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар болса, 13,3 пайызы — 1 жасқа дейінгі балалар.

«Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес қызылшаның одан әрі таралуының алдын алу мақсатында өткен жылдың 6 қарашасынан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жаппай иммундау жұмыстары жүргізілуде. Қосымша жаппай иммундау шеңберінде осы жылдың 4 қаңтарына дейін 35 665 адам қызылшаға қарсы қосымша екпе алды. Екпе алғандардың арасында асқынулар тіркелген жоқ, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, қызылша — дене қызуының жоғарылауымен, катаральды құбылыстармен сипатталатын жіті жұқпалы вирустық ауру. Бұл аурумен ауырғандарда алдымен мұрын, тамақ ауырады, жөтел пайда болады, бет, мойынға, одан әрі бүкіл денеге бөртпелер шығады. Қызылша ауруымен ауыратын науқас айналасындағыларға бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн бұрын және 4 күн өткен соң қауіпті. Ауру жұқтырғаннан кейін 7-18 күн ішінде дамиды.

Егер сізде осы аурудың белгілері пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз. Сондай-ақ қызылшаға қатысты туындаған сауалдарыңыз болса, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 8 (7132) 55-77-25 немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасының 8 (7132) 54-09-84 телефонына хабарласуыңызға болады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button