Әдебиет

Индира КЕРЕЕВА

Индира Кереева 1986 жылы 6 тамызда Темір ауданында туған.«Керек. Info»газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қалалық және облыстық мүшәйралардың, Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойына орай өткен «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасының жүлдегері. «Дауыстар диалогі» жыр жинағының авторы. Сондай-ақ өлеңдері «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен де жарыққа шықты.

***

Бір жігіттің бағына себеп болғым келеді;

Сол жігітке бәрінен ерек болғым келеді.

Қиын сәтте жанында демеп тұрғым келеді,

Маған керек адамға керек болғым келеді.

 

Сол жігіттің үмітін үкілі еткім келеді;

Және өмірде барына шүкір еткім келеді.

Жанарымнан ұғатын жанын оның аялап,

Мені күткен адамды күтіп өткім келеді.

 

Бір жігітті мәңгілік биік еткім келеді;

Сол жігіттің отбасын үйім еткім келеді.

Сол жігітті жаныма үйір еткім келеді,

Мені сүйген жүрегін сүйіп өткім келеді.

***

Біреудің жанында гүл атып,

Біреуге ой сыйлап өрелі;

Біреуге мұң болып,

біреуді жұбатып

Тағы да кеш түсіп келеді…

 

Біреуді сағынып күні-түн,

Біреудің төзімі бітеді…

Тағы да сабырын ұмытып,

біреулер біреуді күтеді…

 

Адамның ойлы екен дені көп:

Бұл кештің мұңдылау кескіні;

Біреудің баратын жері жоқ,

Біреудің жоқ екен ешкімі…

 

Тағы да түрлі ойлар санада,

Жоқ оның шет-шегі, дерегі;

…Сан тағдыр тоғысқан қалаға

Тағы бір кеш түсіп келеді…

***

Ақтөбеге

Түнде жауып қырбақ қар,

Қала ойланып…

Сәл мұңайып тұр бақтар…

Айналаңда тұнып тұрған ақ Өлең,

Ақын болсаң…

Жырлап қал!

 

Ақтөбеде қыс.

Көшелер мәз ерен..

Кайың тоңып…

Күтер көктен саз емен.

Аппақ мұңға тұнып тұрған қала бұл,

Ақын болсаң…

Жаз Өлең!

 

Аппақ мұңға малынған Бақ тыңдай ма,

Өлең керек!

Өлең керек мұндайда!

… Аспан алдап, Жер жатырқап жүретін

Ақынсың ба?!

Жыр қайда?!

 

Жыр боп сенің жанарыңда түнегем;

Жырмен сенің өміріңе гүл егем.

Ақын емес….

Жай ғана бір адам боп,

Жазайықшы бір Өлең…

Оқиықшы бір Өлең…

***

Бәрі жақсы болады!

Сен Өзіңе!

Өрттей күйік түссе де өзегіңе.

Ақ пен қара алмасқан мына өмірдің

Жақсылығы тұрды, әне, кезегіне.

 

Бәрі жақсы болады.

Қара да тұр:

Келгендей боп тұрса да заман ақыр.

Тоқтатып қой бір сәтке бар ойыңды,

… Сәл демалып ұйықтап ал.

(саған ақыл)

 

Жазылмастай көрінер жараң қашан,

Дәл қазіргі күйіңді бағамдасаң.

… Тоқта!

Ертең тағы да таң атады,

Тағы бір күн келеді, аман болсаң.

 

Сағың сынып кетердей, жаның жүдеп,

Біреу лайлап кетердей бағыңды іреп…

Бәрі өткінші өмір ғой.

Ал өмірде

… Бәрі жақсы болады!

Сабыр, Жүрек…

***

Біреулердің көзінде көктем бұғып,

Біреулер жүр өзінше өктем күліп…

Біреулердің арманы алдап соғып,

Біреулерді бақытты еткен-ді үміт…

 

Біреулерді арбап жүр күміс теңге;

Біреу киім киеді пүліштен де.

Біреулердің тағдыры тайқып кетіп,

Өксіп қалған қарыстай құрыш кеуде…

 

Біреулер жүр өмірін елеп керім;

Біреулерді баурайды желөкпе-мұң;

Біреулерді біреулер жұбатам деп,

Біреулергебіреулерөбектеді…

 

… Ал менде ше?

Менде бар өз жарығым!

Талай рет жанымды қозғады үнім.

Жегідей жеп жатса да бәзбіреулер

Сен мүжілме!

Қайыспа!

Тозба, жырым!

 

Болашағым берер өз бағасын да;

Көрсетеді өмір шың, дарасын да;

Сенде, Жырым, қалады бар ғұмырым,

Мен іздеген жақсының бәрі осында.

 

Өлеңімде айтылды досқа сырым,

Көңіл күйім, жан дүнием, басқа шыным.

Күйзелісім, сүйінген сәттерім де,

Жазылды онда талай рет от басуым…

 

Мені ұғатын тағдырлар тереңдесе:

Мен жанымды қияр ем, Өлең десе;

… Мынау шексіз мейірді көріп тұрып,

Тоқтамауға тиіспін мен ендеше…

***

Мойымағын…

Зіл ойлар күйретеді;

Сосын жаның айықпас күйде өтеді.

… Өмір өзі жылайтын нәрселерге

Күле қарап өтуге үйретеді.

 

Ойларыңды жинақта шашыраған;

Көрер күнің бар әлі, басың аман.

…Кім болсаң да жақсы ғой амандығың,

Не болса да жақсы ғой жасымаған…

 

Анықталмай қалса да бағаң аса;

Жаныңды кеп әлдекім жараласа;

Алынбастай көрінген асуларың —

Сәл биіктен қарасаң — ап-аласа…

 

Үгітіліп жаныңның жасығаны,

Үміт ығып, қаныңның тасығаны:

… Сәл үнсіздік орнаса тынышталып,

Бір ұйықтап тұрғаннан соң…

Басылады.

 

Бір қуаныш жайласа — жаныңда мұң,

Әлдекімді іздеуің, сағынғаның —

Бәрі өткінші!

УАҚЫТ солай жеңеді…

Бәрін-бәрін.

***

… Тас төбеңнен ақырын қар қылаулап,

Сен де, ауылым, қалдың-ау…

Қалдың аулақ.

… Көңілімді торласа күйкі тірлік,

Көгіңе бір келеді алғым аунап…

 

Сендегі өткен балалық ерікті алып,

(Жүрегімді әлдебір желік қағып):

Қазір барсам…

… Құр тұсына реді-ау, ә, көрші апам да

Аңдаусызда көшеден көріп қалып…

 

Күз келгенде,

айнала сары, күрең…

Кең далаға жаюшы ед қалы кілем…

Шулап жүріп жасаған қағаз кеме

Ағып бара жатушы ед арығымен…

 

… Жанды мекен, беу шіркін, малды мекен!

Күтіп алар арманмен таңды бекем.

… мен сағындым!

Ал мені…

Қойшы-әй, менің…

(Сағынатын қадірім қалды ма екен?)

***

Әкем тірі болғанда егер менің

Дәл осылай жабырқап жүрер ме едім?

Дәл осылай ойсырап қалар ма едім?

Дәл осындай ауырлық төнер ме еді?!

 

Әкем менің болғанда тірі бүгін

Ұқтырар ед өмірдің ұлылығын;

Сездірер ед жанының жылулығын;

Әкем жоқ.

Қиын соны ұғынуым…

 

Бүтін ақылым секілді жартыға тең,

Жетпеймін мына өмірдің парқына кем;

Жүргенсимін алаңсыз сырт көзге де,

«Қызым мықты» деуші еді марқұм Әкем…

 

Тіршілік тереңіне тартып әлі,

Күн сайын шақырады…

Қорғайтын ешкімі жоқ дегендей бір,

Тақсыр Тағдыр тізесін батырады…

 

Өмір сүру қандай-ды, немене еді?

Сөзім дұрыс секілді, өнегелі.

Өзім дұрыс келемін, әттең, соны

Әкем тірі болғанда…

Көрер еді.

 

Жүрек жылап тұрғанда ебіл-дебіл:

Мұң кетер ме мәңгілік көңілдегі.

«Әкесіз қыз» дейді де…

Содан кейін

Өкпелетіп кетіп жүр өмір мені.

 

Әкем тірі болғанда…

Аспанда жазылған өлең

Ұшақта келем…

Айналам аппақ бұлт анау;

Шырқады бикеш Күн әнді.

Бұйра бұлт менің діңкемді солай құртады-ау,

Жерге оралуым күмәнді…

 

Қалықтап келем;

Ойымда жоқ түк те менің;

Өртемей мүлде жыр, алау:

Біз жерде жүріп білмеппіз, бұлт дегенің:

Ақынның демі шығар-ау..

 

Бұлт асып кеттім.

Асқақтап арман құшып тым,

Аянышты екен, Жер, кейпің.

Үні өшіп қалды көңілімдегі күшік-мұң,

Қыңсылап маза бермейтін.

Ұшақта келем,

Құшақтап өлең…

Тірлік деген

Бауырым,

Қанша сүйгенмен,

Бұл өмір өтер күйбеңмен…

Айқасып ақ пен қарасы,

Ақымақ билеп данасын:

Тірліктің

Көшін сүйреумен.

 

Сағыңда сынар

Сансыз тым,

Сан мәрте жанар

бағыңда.

Неліктен

Сонша қамсызсың,

(Бағыңба бұл,

сорыңба?..)

 

Құйындап өтер қайғысы,

Қиындап кетсе тірлігің.

Қаруы түгел сай кісі,

Қасқайып жүрер күн бүгін…

 

Тұншығып қалма тірліктің,

Талғамай ішіп тәтті уын.

…Тоқтамай таңы,күн бітті,

Тойдырмай қойды шаттығың…

 

Бірімен бірі жұлысып,

Табылмай жанға керегі:

Жамандық көп қой,

Сол үшін

Ұрпағың жапа шегеді…

Әттең!

***

Арасында шаң қала, көшелердің

Мен сені кеше көрдім.

 

Кешкі сағат тоғыз ба, жоқ жеті ме?

Өте бердім бір қарап келбетіңе…

 

Содан кейін бұрылып қарай алмай,

Сан саққа кеп бөлінді санам, Алла-ай…

 

Неге бізді тап кеше кезіктірді?

Сен де көрдің.

Түйсігім сезіп тұрды.

 

Сəл болмаса түрің бар жақындардай,

Тұрсың, сірə, оған да дəтің бармай.

 

Бəрін жиып, өзім-ақ жақындар ем,

Көңіл құрғыр…

(Көндірдім ақылға əрең)

 

Осындайға кеткендей етім де өліп,

Кете бердім көрмеген секілденіп.

 

Содан кейін…

Күй кештім алақұйын.

Көз алдымда кеткендей қала күйіп.

 

Өзегімде өрт болып өртенді өлең.

Өз-өзімді жұбаттым: «Ертең көрем»…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button