Білім

Дәстүрлі біз кесте өнері

Мектеп

Көркем еңбек сабағында оқушылар шығармашылықпен айналысуға, еңбекті бағалап, үнемшіл болуға үйренеді. Сондай-ақ қолөнердің бірнеше түрімен танысып, дүниетанымы кеңейеді.

Ал қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу жолдарын пайда болу тарихын көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматтар берсек, оқушы шығармашылықпен іске кірісер еді.

Біз кесте — ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен тігу — халықтық өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен серілердің баскиімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әртүрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін болған. Халық салтында мұндай өрнектеудің кейбіреуі күні бүгінге дейін сақталып келеді. Міне, осы сияқты бізбен тігілген кестені «әшекейлеп кестелеу» деп атайды.

Кесте өнері —алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, баспа кесте, зер, моншақтап кестелеу, айқас тігу, қайып тігу. Ал өз кезегінде біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі туралы айтпақшы.

Негізінен, біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен кермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады.

Бізбен тігілетін кесте тігісінің асты мен үстінің не тартылып, не бос тастап сирек, жиі тігудің де мәні зор.

Қазақтың бізкесте өнерінде «қабырға», «қаю», «таңдай», «тышқан із», «тұмарша», «бұзау тіс», «бедерлеп тігу» деп аталатын тігіс мәнерлері қай халықтың тігіс өнерінен болса да кем түспейді. Мұндай бай мәнер, тиімді әдістермен тұрмыстық жиһаздарды, алтын, күміс, маржан, меруерт сияқты көрікті заттарды тізіп кестелеуге болады.

Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбіне барқыт, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұнда кесте жіптерінің жуан-жіңішкелігіне қарай оған қолданатын біздің инесінің жуан, жіңішке түрлерін шебер өзі таңдайды. Бізбен тігілетін кесте тігісінің асты мен үстінің не тартылып, не бос тастап сирек, жиі тігудің де мәні зор.

Халықтың ғасырлар бойғы шығармашылық даналығын бойына жинақтаған аталған қолөнер түрі шын мәнінде халықтың философиялық-эстетикалық мазмұнын айқын көрсетеді. Сол себепті бізкесте өнерін көркем еңбек сабағында оқытып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарыту қажет-ақ.

Ерік ҚАЛДЫҒҰЛОВ,

А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық

мектеп-гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button