Ауыл

Жұмыс орындары жәрмеңкесі

Ойылдағы игілікті іс бастауы

Ойыл өңірінде жәрмеңке туралы сөз қозғала қалса, ескі Көкжардағы жылына екі рет – көктемде және күзде өткізілетін сауда-саттық жиыны, соның төңірегінде болып жататын ойын-сауық мерекесі оралатыны сөзсіз. Бірақ бұл жолғы шараның жөні бөлек еді. Ол «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» деп аталды.

Бір қарағанда, бұл өзі бір қызық нәрсе еді. Өйткені әлемдік дағдарыс дегеннің айқайымен айналада жұмыссыздық, жұмыспен қамту мәселелері күн сайын қайталанып жатқанда, облыс орталығынан шалғай, өндіріс-өнеркәсібі жоқ өңірде жұмыс істейтін адамға сұраныс туындауы бастапқыда бізді де таңдандырды.

Ауданды басқару тізгінін қолына ұстағалы жеті ай болған жігерлі жетекші, іскер ұйымдастырушы Қанатбай Елеусізұлы бұның мәнісін бізге былай түсіндірді:

– Бастапқыда менің қабылдауыма келгендердің көбісі жұмыс сұрайтын, – деді аудан әкімі, – талдау жасап қарасам, оларға керегі – күзетшілік, қорықшылық, әлеуметтік қорғау мекемелері маңындағы әр түрлі жұмыстар. Ал ауылдарға мал бағуға, техника жүргізуге мойын бұрғысы келетіндер сирек.

Бұл жай жәрмеңкеде де анық байқалды. Осында аудандағы он бес жеке шаруа қожалығының төрағалары келіп, көпшілікке отыз екі жұмыс орнын ұсынды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Асқар Қазыбаев ауыл шаруашылығы технологиясын жаңғырту бағытында және жұмыс берушілер мен жұмысқа тілек білдірушілер арасында өрістейтін сабақтастық тұрғысында баяндап берген соң, оның сөзін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Бердіғали Абдуллин жалғастырды. Ол аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында жасалып жатқан шараларды жан-жақты түсіндіріп, баяндап берді.

Жәрмеңкеде сөз алған Мұрат Тілегенов қырық жылдай ауыл шаруашылығында механизатор, бригадир болып еңбек етіпті. 1999 жылы «Шағатай» шаруа қожалығын құрған. Биыл әрқайсысы 100 гектардан үш алқапқа бидай, тары, арпа екпекші. Сондай-ақ, 100 гектарға мақсары егуді жоспарлап отыр. Жылма-жыл шаруа көлемін ұлғайтып келе жатқан қожалықта жұмысшыға қардарлық біліне бастапты. «Жақында жұмысқа бір малшыны қабылдадым, енді «К-700» тракторын жүргізетін механизатор керек», – деді ол.

Қожалық басшысының тракторшыға белгілеп отырған айлығы – 15 000 теңге. Оның сыртында алынған өнімнен үлес береді. «Әрине, ол бір-екі қаппен шектелмейді ғой», – дейді жұмыс ұсынушы.

Біз осында «Шағатайға» малшы болуға келіскен Ерлан Мұқанбетқалиевпен тілдестік. «Отбасымда үш балам бар, алды он жаста, – деді ол, – Мұрат ағаймен шаруа жайын сөйлесіп, толық келістім, қалғаны өзімнің еңбек етуіме байланысты екенін сезіп отырмын».

«Жақып» шаруа қожалығының жетекшісі Жұма Жақыптың тракторшыға төлемек болып отырған айлығы 20 000 теңгені құрайды. Оған қосымша арпа, бидай беріледі, отынмен қамтамасыз етеді. Жиырма жыл тракторшылық тәжірибесі бар Аралбай Ашықбаев осында жұмыс істеуге тілегін білдірді.

Кәсіпкер Жұма таяуда Шымкенттен күнбағыс майын өндіретін аппарат алып келіпті. Сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыру ісімен де шұғылдана бастаған. Міне, осы шаруалардың бәрі алдағы уақытта қосымша жұмыс қолын қажетсінеді.

Қараой ауылдық округіне қарасты «Теңдік» шаруа қожалығына да тәжірибелі тракторшы керек екен. Бұл күнде өз иелігінде 500-ге жуық қой, 100 сиыр, 10 жылқы ұстап отырған Қайрат Оразғалиев өзіне келетін жұмысшыға 15000 теңге айлық, оған қосымша шөп, қой беретіндігін айтты. Осы жұмысқа тұруға келісімге келген Руслан Мұқамбетқалиев өзінің бес баласы бар екендігін, осыған дейін ауылда әр жерде тиіп-қашып еңбек еткенін айтты.

Саралжын ауылдық округіне қарасты «Нұрасыл» шаруа қожалығының жетекшісі Аманғали Өмірғалидың мамандығы агроном екен. Ол 1998 жылы өз жеке қожалығын ашыпты. Алғашқыда бәрін тақыр жерден бастағанын айтты ол. Шаруа үшін жаяу да жүріпті, атқа да мініпті. Қазір бір қалыпқа түскендігі сөзінен білініп тұр. Ол тракторшы-жұмысшыға 20-25 мыңнан айлық беруге мүмкіндігі барын айтты. Егер адал көңілмен жанын салып жұмыс істейтіндер болса, одан да көп табатындығына кепілдік берді. «Ауылда жұмыссыздық болуы мүмкін емес. Қарапайым ғана мысал айтайын, тәжірибелі тракторшы күніне 1 көлік шөп шабады делік. Айына – 30 көлік шөп. Бір көлік шөптің бағасын орташа есеппен 8 мың теңге деп алсақ, әлгі тракторшы бір айда 240 мың теңгенің жұмысын жасайды екен. Мен осы қаржының 30 пайызын механизатор жігітке беруге әзірмін». Қожалық басшысының сөзі жиналғандарға жақсы әсер етті. Қатарынан қос азамат – Нұрбол Жұмағалиев пен Әділбек Байниязов осы арада қолдарына жолдамаларын ұстады.

Қайыңды ауылдық округіндегі «Тәте» шаруа қожалығының  басшысы Кәдірғали Тәтебайұлы Серікбай Дәрібаевты келісіммен жұмысқа алды. Енді жұмысшы айына 15 000 теңге айлық алып тұрады, сонымен бірге соғымға сиыры дайын. Мұның сыртында өз малын тегін баға алады.

«Балтас» шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Жетпісбаев мінбеден ашына сөйледі. Ол «Жұмыссыздыққа, жұмыс жоқ дегендерге қарсымын, – деді ол, – Жұмыс істеймін деген адамға  жұмыс көп. Бастапқыда менің қасымда туыстарым, ағайындарым бірге жұмыс істеген, қазір солардың бірсыпырасы өз алдына көтеріліп кетті. Ал мен шопандыққа қырық мың теңгеге дейін айлық беремін деген кезде, адам таба алмадым. Қазір де осы айлыққа жұмысшы іздеп отырмын».

Төрт түлік малды тең өсірген еңбеккер бір кездері қой санын екі мыңға дейін жеткізіпті. Ол егер білек сыбанып шығып жатса, екі отбасылы үйді қазір де көшіріп әкетуге даярлығын білдірді. Серікбай мұнымен де қойған жоқ: «Барған адамның әйелі бие саусын, құрт-ірімшік жасасын, осылай еңбектеніп жатса, өзіне де жақсы емес пе?» – деп бір ұсынысын тағы білдірді.

Көптоғай ауылдық округіндегі «Идеят» шаруа қожалығында еңбек ететін, алпысты алқымдаған Қалқаман Нұрмағанбетовтің сөзі көпшілікті ойландырып тастады. «Жасым келгенде біреудің малын бақты деп мені күстаналағандар болды, біреулер құл деп тілдегісі келеді, бірақ сол сырттан келемеждейтіндер арасында бала-шағасын баға алмай жүргендер де бар. Мен жұмыс істеп, адал еңбегіммен мал тапқаныма ешқандай қысылмаймын, ең бастысы – жүзім жарқын», – деп бір қайырған ақсақалдың әрі қарай айтқан әңгімесі кертартпа психологияда жүрген көп адамның санасын бір сілкіп алғаны хақ.

Мен тұратын Көптоғайдың аудан орталығынан еш кемдігі жоқ. Шатырланған әдемі үйлер бой көтерді. Жарық бар. Қора-қопсы салып алдық. Ал енді менің кейбір замандастарым ащы суға тойып алып, көшеде әңгіме айтып тұрады. Шындығын айтайықшы, сол азғантай «тойлауға» кететін қаржы да бала-шағаның несібесі есебінен болып тұр ғой. Яғни жәрдемақыны жырымдап тұр. Немесе бір сәттік шаруаны тындырып тапқан қаржысы. Ал тұрақты жұмыс істесе, үйіне кіретін кіріс те тұрақты болар еді ғой.

Ол жұмыс істейтін «Идеят» шаруа қожалығына әлі екі жұмысшы керек екен. Мұнда жұмыс істейтін адам 20 000 теңге айлық, сонымен бірге қосымша қой, шөп ала алады.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы А. Есбатырова бүгінгі күннен бастап он тоғыз адамның жұмыссыздар тізімінен шығарылатындығын айтты.

Аудан әкімі жаңадан жұмысқа қабылданғандардың жай-күйі тікелей өз бақылауында тұратындығын, олардың қиындықта қалмайтындығын қадап тұрып айтты.

Он тоғыз адам бұдан былай қарай тұрақты айлық алып, зейнетақы қорына жарнасын түсіріп, келер күннің де қамын ойлап қоятын халге жетті.

Жәрмеңкеде өтпей қалған орындар аудан орталығында да, ауылдарда да бос жүргендерді ойландыратын болар енді.

Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер аясындағы атқарылып жатқан бұл шара ауданда алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлы айтқандай, енді жиырма жылдан кейін зейнетақы алу мүмкіндігінен айырылып қалатын адам болмауы тиіс.

…Тұрғын үй сұрап әкімнің қабылдауына келген бір Ардақты ана өзінің көп бала өсіргенін айтады. Оның баян етуінше, сол ұл-қыздар ер жетіп, еңбекке араласып, тіпті, бірсыпырасы кәсіпкерлікпен шұғылданып жатыр екен. Осының бәрін іштей сараптап, ой елегінен өткізіп үлгерген Қанатбай Елеусізұлы жалпы әулеттің мұқтаждық ауылынан алыс екенін байқап: «Ал енді сізге бір сауалым бар, – деді өтініш білдірушіге, – Сол ер жеткен балаларыңыз енді мемлекетке не беріп отыр? Әлпештеп өсірген сіздерге қайтарымы қайда?».

«Әкімге барсаң, бірдеңе алып шығасың» деген ауылдағылардың арзан ақылымен келіп қалған арыз иесі енді ойланып қалыпты.

…Қазір Ойылда аудан әкіміне жұмыс сұрап келушілер күрт азайған. Өйткені Қанатбай Елеусізұлы әкім болғалы бергі бір өзгеріс – жұртшылық басқа ахуалға бейімделе бастапты.

Ең бастысы, сауал өзгерген: көпшілік «не бересің?» деумен қатар «мен не беремін?» деуді де ойға алатын болған.

Ал бұл – үлкен игіліктің бастауы.

P.S. 32 жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде 19 адам шай-суын айыратын жұмыс тапты.

Алғашқы жәрмеңке жұртшылық арасында үлкен серпіліс туғызды. Бүгін нақты шешім қабылдай алмағандардың өзі үлкен бір ойда кеткені анық.

Жәрмеңке арқылы жұмысқа тұрудың жақсы жағы да бар. Өйткені жұмыс берушілердің бәрі періште емес. Бүгін жұмысқа алып, ертең бірдеңені сылтауратып қуып шығатындар болуы да мүмкін. Ал аудан әкімінің жолдамасымен келген адамның сұрауы бар. Қанатбай Елеусізұлы жұмысқа орналасқандардың қал-жағдайын ай сайын қадағалап тұратындарын шегелеп айтты.

Сонымен, Ойылда, Президент айтқандай, «Қарны ашқан адамға балық емес, қармақ беру» басталды. Осыны өзге аудандар іліп алып кетсе, қанекей.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button